Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Танымал журналист Руслан Өтепбай құлдықта өмір сүрген апалы-сіңілі Құндыз бен Назгүлді асырап отырған Зүлфия Төленованың балаларға қол көтеріп жатқан сәті түсірілген видеоны жария етті. Бұл туралы turkystan.kz хабарлады.
Видеода әйелдің қарамағындағы балаларды балағаттап, ұрып-соққаны анық байқалады. Осы жайтқа байланысты журналист Руслан Өтепбай Зүлфия Төленовамен сұхбат жүргізіп, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Журналистің айтуынша, бұл оқиғада тек Құндыз бен Назгүл ғана емес, асыранды басқа балалар да жәбір көрген. Атап айтқанда, 29 желтоқсан күні Зүлфия Төленованың үстінен ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Арызданушылар – оның қамқорлығындағы асыранды балалар.
Балалардың сөзінше, әйел ішімдік ішкен күйде бірнеше рет олардың мазасын алып, күш қолданған. Қазіргі таңда аталған дерекке байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол заң талаптарына сай жауапқа тартылады.
Журналист бұл істің соңына дейін әділ тергелуіне Жамбыл облысының полиция департаменті жауапты екенін атап өтіп, құқық қорғау органдарының жұмысына сенім білдірді.