Құқықтық мемлекетке жол: жеті жылдағы жүйелі өзгерістер

19.03.2026

Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Қазақстанда соңғы жылдары «Әділетті Қазақстан» ұраны тек саяси декларация деңгейінде қалып қоймай, нақты институционалдық өзгерістерге ұласқанын байқауға болады. Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және Тәртіп» қағидаты жеті жылдық президенттік өкілеттік аясында құқықтық мемлекет құрудың өзегіне айналып, заң үстемдігін күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі реформалармен толықты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет бұл тұжырымды саяси күн тәртібіне шығарғанда, мәселе тек құқық қорғау органдарының жұмысын күшейту туралы емес, тұтас қоғамдық сана мен мінез-құлық моделін өзгерту жайында болған. Яғни, қоғамда заңды сақтау – мәжбүрлі әрекет емес, ішкі құндылыққа айналуы тиіс деген идея алға шықты.

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиевтің айтуынша, бұл – тек жазалау емес, адамдардың теріс әрекетке төзбеушілік иммунитетін қалыптастыруға бағытталған жұмыс.

«Мемлекет басшысы заң мен тәртіп орнату үшін қоғамда құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана қалыптастыруды тапсырды. Қоғамда сыйластық, жанашырлық, бауырмалдық әлсіреп барады. Соның салдарынан қылмысқа жастар да, ересектер де барады. Сондықтан бұл жерде тек заң емес, тәрбие мен орта да шешуші рөл атқарады», – деп сөзін жалғады мәжіліс депутаты.

Осы тұрғыдан алғанда, «Заң және Тәртіп» концептісі құқықтық реформа мен әлеуметтік саясаттың тоғысқан нүктесіне айналды.

Осы уақыт ішінде құқықтық жүйеде бірнеше маңызды өзгеріс жүзеге асты. Ең алдымен, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманың күшеюі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің біріне жауап болды.

Парламент отбасы институтын қорғауға бағытталған бірқатар заңдарды қабылдап, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау тетіктерін нақтылады. Мәжілісменнің пікіріне сүйенсек, бұрын жабық тақырып саналатын буллинг, сталкинг, абьюз ұғымдары осы жұмыстардың арқасында құқықтық айналымға енді. Осы арқылы қоғамның құқықтық санасының өзгергенін көруге болады.

Сонымен қатар, Президент бастамасымен 2024–2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасының қабылдануы құқық қорғау жүйесінің жұмысын жүйелеуге мүмкіндік берді. Бұл құжат профилактикаға, яғни қылмыстың алдын алуға басымдық беретін жаңа тәсілді бекітті.

«Парламентте отбасы институтын нығайтатын, зорлық-зомбылыққа жол бермейтін, балалардың құқығын қорғайтын заңдар қабылданды. Қоғам абьюзер мен сталкердің кім екенін түсінетін деңгейге жетті. Бұл тек құқықтық өзгеріс емес, бұл – қоғамдық санадағы үлкен трансформация. Заң енді тек жазалау құралы емес, қорғаныш механизміне айналып келеді», – дейді депутат Қайрат Балабиев.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы жылдары аса ауыр қылмыс түрлерінің азаю үрдісі байқалады. Демек, құқық қорғау органдарының профилактикалық жұмысқа көбірек көңіл бөлуінің нәтижесі де көріне бастады деген сөз.

Полиция мен жергілікті атқарушы органдар халықпен тікелей жұмыс істеуге, түсіндіру шараларын жүргізуге және тәуекел топтарымен алдын ала жұмыс жасауға көшті. Яғни, қылмыс жасалғаннан кейін әрекет ету емес, оны болдырмау басты мақсатқа айналды.

Бұл жерде азаматтық қоғам институттарының да рөлі жоғары. Үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар, медиация орталықтары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға белсенді араласа бастады.

Мысалы, Қайрат Балабиев «Қарызсыз қоғам» сияқты жобалар арқылы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қолға алынғанын атап өтті. Себебі алаяқтық, несиеге шамадан тыс кіру сияқты мәселелер де құқықтық мәдениеттің төмендігінен туындайды.

Сонымен қатар, депутат Конституция деңгейінде «әділеттілік», «Заң және Тәртіп» қағидаттарының бекітілуі бұл бағыттың саяси емес, мемлекеттік идеологияға айналғанын көрсететінін атап өтті.

«Президент Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөздерінде бұл реформалардың тек құқықтық емес, рухани негізі де болуы керектігін атап өтті. Әл-Фараби, Ясауи, Абай ілімдерін қазіргі қоғаммен байланыстыра отырып, «Адал азамат» тұжырымдамасын ұсынды. Бұл – заң үстемдігін тек формалды талап емес, тұлғалық қасиет деңгейіне көтеру әрекеті. Соңғы жылдары дауларды шешудің балама жолдары да дамып келеді. Медиация институтының кеңеюі сот жүктемесін азайтып қана қоймай, қоғамдағы шиеленістерді жұмсартады», – деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, қазір араздасқан тараптарды сотқа жеткізбей, келісім арқылы татуластыру тәжірибесі қалыптасып келеді. Бұл – «Заң және Тәртіп» қағидатының жазалаудан гөрі, үйлестіруге бағытталғанын көрсетеді.

Дегенмен, барлық реформалардың табысты болуы тек заңдар мен институттарға емес, қоғамның өзіне байланысты. Депутат Балабиев атап өткендей, тәртіп әр адамның өзінен басталуы тиіс.

«Өмірде туралықты таңдап, тәртіпті өзінен бастамайтын адамды бәрібір не тағдыр, не заң тәрбиелейді. Сондықтан бұл күрес әр азаматтың ішкі жауапкершілігіне тіреледі. Егер әр отбасыда заң мен тәртіп сақталса, қоғам да қауіпсіз болады. Бұл – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті», – деді ол.

Демек, бүгінде «Заң және Тәртіп» концептісі нақты мазмұнға ие болды. Қабылданған заңдар, жаңа тұжырымдамалар, профилактикалық саясат, медиация тетіктері – бәрі осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Ең бастысы, бұл реформалар құқықтық мемлекет құрудың жаңа кезеңін бастап берді. Ендігі міндет – осы өзгерістерді қоғамның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью