Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
АСТАНА, 24 маусым – Sputnik. Барша мұсылман асыға күтетін қастерлі мереке — Құрбан айт жақындап қалды. Бұл күні сауабы мол игі амалдар жасалып, елді ізгілікке бастайтын құндылықтар кеңінен дәріптеледі.
Бас мүфтидің үндеуі
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жасап, малдың бағасын негізсіз көтермеуді сұрады.
"Құрбан айт тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты паш ететін рухани мейрам. Осы орайда еліміздегі барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін", - дейді Тағанұлы.
Ал айт күндері "Құрбан айт – ұлық мереке" тақырыбында республикалық деңгейде игі іс-шаралар ұйымдастырылады.Облыстық, қалалық және аудандық мешіттердің ауласында киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар мен мәдени-рухани кештер өткізіледі. Діни басқарма төрағасы осы ретте еліміздегі барша жамағатты ұлттық киімдер киіп, айт мерекесін дәстүрге сай ұлттық нақыштармен өткізуге шақырды.
Құрбандыққа қандай мал сойылады
Құрбан – араб тілінде "жақындау" деген мағынаны білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы Аллаға жақындай түсу. Мейрам күндері мұсылмандар Алланың разылығы үшін құрбан шалады. Құран Кәрімде: "Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал" – деп жазылған. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркегі де, ұрғашысы да жарамды.Қой мен ешкі төлінің ең кемі бір жасары болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды.
Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет.Бұл жағдайда қой немесе ешкіні бір адамның атынан ғана шалу рұқсат етілсе, үлкенірек малды (түйені немесе өгізді) бір адамнан жеті адамға дейін бірігіп шалуға болады.
Бүгінде әрбір қалада құрбандық шалатын жерлер белгіленеді. Мәселен, Алматыда 12 орын, ал Астанада 5 орын белгіленген.
Малдың еті қалай таратылады
Құрбандыққа шалынған малдың етін үшке бөліп таратады. Бір бөлігін өз отбасына қалдырып, екінші бөлігін туған-туыстарға, ал үшінші бөлігін кедейлер мен мұқтаж жандарға береді.
"Олар өздеріне тән пайдаларын көрсін. Сондай-ақ өздеріне берілген малдардан белгілі күндерде Алланың атын алсын. Одан өздерің де жеңдер және жоқ-жітікке де жегізіңдер (22:28)", - делінген аятта.
Етті толығымен қалдыруға бола ма
Басқа адамдарға таратылған еттің көлемі 1/3 бөлігінен кем болмаған дұрыс.
"Дегенмен, егер құрбандық шалған адамның отбасы үлкен әрі өзі ауқатты болмаса, онда бұл жағдайда сойылған малдың етін толықтай өзіне қалдырғаны дұрыс болады, өйткені өз отбасының қажеттілігі мен мұқтаждығы басқа адамдардың мұқтаждығымен салыстырғанда маңызды болып табылады", - дейді мүфтият мамандары.
Осы орайда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тұрмысы төмен адам, бірінші кезекте, өз отбасының қамын ойлауы керек деген болатын.
Құрбандық шалудан кімдер босатылады
Құрбан айтта құрбандық шалу – әрбір ауқатты мүміннің міндеті. Ал мұсылманның мүмкіндігін анықтау үшін оның мүлкінің көлемі есептеледі.
Адам ауқатты болып саналады, егер ол адамда:
40 қойдан кем емес қойы болса;
30-дан кем емес ірі қарасы болса;
бес түйеден кем емес малы болса;
85 грамнан астам алтын (1,2 млн. теңгеден астам).
Шариғат бойынша мал-мүлкі мұндай мөлшерге жетпеген мұсылман құрбандық шала алмайды.
Құрбандықты қашықтан шалуға болады
Қазақстандықтар биыл да қашықтықтан құрбан шала алады. Ол үшін арнайы сайт бар. Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, төлем жасайды. Тапсырыс сәтті өтсе, ұялы телефонға хабарлама келеді. Құрбандық шалынған соң, оның фото және видео есебі де жіберіледі.
Құрбан айтта неше күн демаламыз
Заң бойынша Құрбан айттың бірінші күні ғана демалыс беріледі. Сондықтан қазақстандықтар 27 мамыр демалып, 28 мамыр күні жұмысқа шығады.