Құрылтай сайлауы 2026: Партиялар заң мен тәртіпке қатысты ұстанымдарын таныстырды

12.08.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Спикерлер партияларының сайлауалды бағдарламаларындағы негізгі басымдықтарды таныстырып, Қазақстанның болашағына қатысты өз көзқарастарын білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Әділет» партиясы: Ескіні қайталауға келгеніміз жоқ, жаңаны қалыптастыруға келдік

«Әділет» партиясының өкілі Мәди Мырзағараев сөзжарысты бастап, үш сұраққа жауап беретіндерін айтты.

«Біздің басты сүйенішіміз – Ата Заң, қорғайтынымыз – адал азамат. Ережеміз қарапайым: адалсың ба – қорықпа, заң бұздың ба – жауап бер. Байлығың, лауазымың жазадан құтқармайды. Елімізде заң көп, біз ол заңдарға ревизия жасап, Конституцияға сай етеміз», – деді.

«Ақ жол» партиясы либералды жолды таңдайды

«Ақ жол» партиясының өкілі Ермек Әбілдин құр уәде беріп қана қоймай, жұмысын нақты істері мен заңнамалық бастамалары арқылы көрсетіп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол партияның сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандарға жауапкершілікті күшейтуді, салық төлеушінің адалдығы презумпциясын енгізуді және шағын бизнестің мүддесін қорғауды ұсынатынын атап өтті.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық бердік – ЖСДП

«ЖСДП сайлауалды бағдарламасында заң үстемдігін қамтамасыз етуге, соттардың тәуелсіздігін күшейтуге және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық берді» - бұл туралы пікірсайыста партия өкілі Нұрайнаш Камалова мәлімдеді. Оның айтуынша, заң барлық азаматқа, соның ішінде олигархтар мен қарапайым халыққа бірдей қолданылуы керек. Партия сыбайлас жемқорлыққа төзбейтін қоғам қалыптастыруды, сөз бостандығын қамтамасыз етуді және бейбіт жиындарға мүмкіндік беруді ұсынады.

Саяси ұйым қарапайым адамның, адал кәсіпкердің жағында - «Respublica»

«Respublica» партиясының өкілі Олжас Құспеков сөзін: «Respublica партиясының бағдарламасы: бай-қуатты азамат – жауапты қоғам, тиімді мемлекет – қауіпсіз ел құруға бағытталған», – деп бастады. Айтуынша, саяси ұйым қарапайым адамның, адал кәсіпкердің жағында. «Біз халықты алдамаймыз, ойымыз анық, ісіміз нақты! Ескі партиялар дәуірі өтті. Қазақстанға жаңа әрі ақылға қонымды шешімдер қажет», – деді ол.

«Байтақ» ел дамуының төрт қағидасын атады

«Байтақ» партиясының өкілі Амалбек Өміртай партияның дамудың төрт саяси қағидасын атап өтті. Оның айтуынша, даму тек экономикалық өсіммен ғана емес, азаматтардың табысы мен өмір сапасының артуымен де өлшенуі керек.

Экономика, табиғат және келешек ұрпақтың мүддесі арасындағы тепе-теңдікке тоқталған Амалбек Өміртай ірі өндіріс орындары заң мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс екенін айтты.

Ауылдағы бала мен қаладағы баланың мүмкіндігі бір ме? – «Ауыл» партиясы

«Бүгінде шалғайдағы азамат пен мегаполистегі азаматтың сапалы білімге, қолжетімді денсаулық сақтауға және мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігі бірдей ме? Жоқ, бірдей емес», – дейді «Ауыл» партиясының өкілі Ерболат Саурықов.

Сондықтан партия фермер өз еңбегінің әділ бағасын көруі қажет екенін алға тартты. «Ауыл көмегі» атты кеңес беру орталықтарын құруды ұсынамыз.

ҚХП партиясы заң мен тәртіпке сүйенуді ұсынды

ҚХП партия өкілі Ирина Смирнова заңдар қоғамдағы өзекті мәселелерге жауап беріп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі керек екенін айтты. Ол «Байтақ» пен ЖСДП партияларының бағдарламаларына, соның ішінде заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бастамасы мен партияларға мемлекеттік телеарналардан эфир уақытын беру ұсынысына сын айтты.

Смирнованың айтуынша, ҚХП партиясы заң талаптарын сақтауды әл-ауқаты жоғары әрі өркендеген қоғамның негізгі шарты деп санайды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью