Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Ермұрат Бапи алдағы сайлаудың бұрынғылардан өзгеше өтетінін айтып, оның саяси жүйедегі негізгі жаңалықтарына тоқталды. Оның пікірінше, науқан елдің саяси өмірінде жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді.
«Бұл біз көптен бері жыр қылған, айта-айта ауыз талдырған бір палаталы парламенттің – Құрылтайдың сайлауы болмақ. Ең ескерерлік жаңалық – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, билік партиясы негізін құрайтын жастар парламентінің сайлауы саналатын науқан болады. «Әділет» партиясының соңғы съезі делегаттарының орта жасы 35-тен аспағанын ескерсек, бұл партияның партиялық тізімі де ары кеткенде орта жасы 45-тен аспайтын мөлшерде болатын шығар», деді Ермұрат Бапи.
Қазақстанның саяси партиялары Құрылтай сайлауына толық дайын екенін мәлімдеді
Құрылтайдың заң шығару саласындағы рөлі күшейіп, халық атынан бақылау жүргізу мүмкіндігі артады. Үкімет өз қызметі үшін толықтай Құрылтай алдында есеп береді. Ермұрат Бапидің айтуынша, бұл жаңа саяси мүмкіндіктердің тиімділігі уақыт пен тәжірибе арқылы бағаланады.
«Жаңа мүмкіндіктер ең алдымен нақты саяси өмірде практикалық тәжірибеден өтуі тиіс. Қазақта «асатпай жатып құлдық жоқ» деген қызық тәмсіл бар. Ал жуық болашақты болжап айтар болсақ, бұл мүмкіндіктерді жүзеге асыруға жаңа Конституция толықтай негіз бола алады», деді Ермұрат Бапи.
Бұрынғы депутат әзірге ешбір партияға мүше емес екенін айтып, жақын күндері түпкілікті шешім қабылдайтынын жеткізді.
«Пропорциялық сайлаудың тәртібі бойынша, партияда жоқ жеке адам сайлауға қатыса алмайды. Сондықтан «бақ сынау» мәселесі ұйымдық-корпоративтік ұстанымның шеңберінен шыға алмайды. Яғни, «жеке батыр» бола алмайсың, не көрсең де, жеңіс пен жеңілістің дәмін партияластарыңмен бірге татасың. Бірақ мен ешқандай партияға мүше емеспін, әзірге паузада тұрмын. Қатарына шақырған бір-екі партия бар, бірақ партиялық-реконструкциялық өзгерістердің соңғы нәтижесін күте тұрмақ ойдамын. Бұл цейтнот сәтте ары кетсе, үш-төрт күннің ғана кідірісі болады. Шілденің 10-ына дейін не бүк, не шік боп қалармын», деді Ермұрат Бапи.
Спикер сайлауға қатысуға ниеті бар екенін айтты. Себебі тәуелсіздіктің тұрақтылығы мен мемлекеттік мүддені қорғау азаматтық және саясаткерлік міндет деп есептейді.