Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Бас прокуратура 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауы қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жолдады. Қадағалау органы "Сайлау туралы" заңды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бас прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Бас прокуратура Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен осы сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілгенін еске салды. Жоспарға сәйкес, 2-23 шілде аралығында партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңдері өтеді, ал 23 шілде сағат 18:01-ден бастап сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталып, ол 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Қадағалау органы сайлау заңнамасына сәйкес партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге жол берілмейтінін ескертті. Бұл талапты бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.
Сондай-ақ жөнсіз сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.
"Мұндай үгітке сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беру, қызметтер көрсету, лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындай уәде беру жатады", - деп түсіндірді Бас прокуратура өкілдері.
Жөнсіщ үгіт-насихат жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал сатып алумен ұштасқан қылмыстық құқықбұзушылық белгілері болған жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделген.
"Сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынатынын атап өткен маңызды. Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады", - деп ескертті қадағалау органы.
Бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретіні көрінеу белгілі үгіт материалдарын және өзге де ақпаратты жариялаудан бас тартуға міндетті.
"Кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтерді тарату немесе сайлау нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасағаны үшін әкімшілік жауаптылық көзделген. Сонымен қатар жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқаны үшін де әкімшілік жаза көзделген", - деп хабарлады Бас прокуратура.
Жалған ақпарат, заңсыз контент орналастырылған және таратылған жағдайда әкімшілік жауапкершілік туындайды. Ал қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу: қандай тәртіп орнатылған?Бас прокуратура қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу және олардың нәтижелерін жариялау тәртібіне ерекше назар аударды.
Атап айтқанда, заң бойынша БАҚ пен онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін жариялау кезінде сауалнама жүргізген заңды тұлғаны, сауалнамаға тапсырыс берген және оны төлеген тұлғаларды, сауалнама жүргізілген уақытты, ақпарат жинау әдісін, сұрақтың дәл тұжырымдамасын, сауалнамаға қатысқандар санын және нәтижелердің қателік коэффициентін көрсетуге міндетті.
Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясына алдын ала жазбаша түрде хабарлаған заңды тұлғалар құқылы.
"Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi. Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады. Бұл ретте қоғамдық пікірге сауал салуды жеке тұлғалардың жүргізуіне және олардың нәтижелерін жариялауына мүлдем жол берілмейді", - деп ескертті Бас прокуратура.
Бұл талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бас прокуратура сайлау процесінің барлық қатысушыларын қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтауға және заңсыз әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарының сайлауына арналған күнтізбелік жоспарды бекіткен болатын. Комиссия сайлау науқаны қалай өтетінін, "тыныштық күні" қашан болатынын және дауыс беру мерзімдерін айтып берді. Толығырақ сілтеме арқылы оқыңыз.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу