Құрылтай сайлауы: Бас прокуратура үгіт насихатқа қатысты ескерту жасады

08.07.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

АСТАНА, 8 шілде – Sputnik. Бас прокуратура алдағы Құрылтай сайлауына байланысты халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мерзімінен бұрын үгіт және жөнсіз үгіт

Қазіргі кезде партиялар өз кандидаттарын ұсынып жатыр. Олардың тізімдерін тіркеу 23 шілдеге дейін жалғасады. Сол күні сағат 18:01-ден бастап қана сайлауалды үгiт басталады.

"Осыған байланысты, партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлау алдындағы үгiт жүргізуге жол берілмейді. Бұл талапты бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады", - дейді прокурорлар.

Ал айыппұлдың көлемі 20 АЕК – 50 АЕК-ті (86 500 – 216 250 теңгені) құрайды.
Заң бойынша сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.

"Мұндай үгітке сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беру, қызметтер көрсету, лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындай уәде беру жатады", - делінге ресми хабарламада.

Жөнсіз жүргізілген үгіт үшін 20 АЕК-30 АЕК (86 500 – 129 750 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал параға сатып алумен ұласқан құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда қылмыстық іс қозғалады.

Партиялық тізім жойылуы мүмкін

Сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынады.

"Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады", - дейді прокуратура мамандары.

Ал кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялағаны үшін қылмыстық жаза қолданылады.

Сауалнаманы кімдер өткізе алады

Прокурорлар қоғамдық пікірге сауал салу және оның нәтижелерін жариялау тәртібіне ерекше назар аударуға кеңес беріп отыр.
Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелері жариялағанда нақты ақпарат көрсетілуі шарт.

сауал жүргiзген заңды тұлға;

сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғалар;

сауал жүргiзілген уақыт;

ақпарат жинау әдiсi;

сұрақтың нақты тұжырымы;

сауал салынғандардың саны;

сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентi.

"Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар және бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы", - делінген бас прокуратураның үндеуінде.

Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерi мен кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні БАҚ-та, онлайн-платформаларда жариялауға болмайды. Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынған.
Бұл ретте қоғамдық пікірге сауал салуды жеке тұлғалардың жүргізуіне және олардың нәтижелерін жариялауына мүлдем жол берілмейді. Осы талаптарды бұзғаны үшін де айыппұл қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью