Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Фото: Ашық дереккөз
Мамандардың айтуынша, азаматтың таңдауы тек сайлау қорытындысына ғана емес, елдің алдағы даму бағытына, қоғамдағы өзгерістерге және әр адамның өміріне әсер ететін маңызды шешімдердің бірі. Сондықтан сайлауға қатысу – тек құқықты пайдалану емес, сонымен қатар ел тағдырына деген жауапкершілікті білдіретін азаматтық ұстаным.
«Азаматтар осы құқықты жүзеге асыру арқылы мемлекеттің ісіне, бағытына, даму үрдісіне – осының бәріне ықпал ете алады. Жалпы, бұл сайлау құқығын мемлекет толықпен бұны жүзеге асыруға кепіл береді. Әр адам, әр азамат, 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы толық түрде сайлау құқығын қолдана алады», деді заңгер Рауан Қалиев.
Заңгердің айтуынша, азаматтар сайлау құқығын жүзеге асыру арқылы мемлекеттің басқару жүйесіне, оның даму бағытына және қоғамдық үдерістерге ықпал ете алады.
Ал Парламент Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Айдос Сарым «Құрылтай – жауапты қадам» деп пікір білдірді. Оның айтуынша, жаңа модель қос палаталы Парламентпен салыстырғанда заңдарды қабылдау үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Енді заң қабылдау уақыты екі еседей қысқарады. Егер заңды Үкімет ұсынатын болса, онда 2 жылға дейін, Құрылтай депутаттары бастамашы болса, бір-бір жарым жылдың ішінде қаралады. Кез келген қабылданған заңды Премьер-министр мен Құрылтайдың төрағасы бекітеді», деді саясаттанушы.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Уәлихан Ибраев өз сөзінде Конституция азаматтық мәдениеттің және ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі деп атап өтті.
«Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес, ол мемлекеттің негізін айқындайтын, азаматтар мен билік арасындағы өзара жауапкершілікті белгілейтін басты құндылықтардың бірі. Оның талаптарының орындалуы тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, әрбір қоғам мүшесінің ортақ жауапкершілігі. Әр азамат Ата заңға құрметпен қарап, онда белгіленген құқықтар мен міндеттерді түсініп, оны күнделікті өмірде басшылыққа алса, бұл қоғамның тұрақтылығы мен дамуына үлкен әсер етеді», деді Уәлихан Ибраев.