Құрылтай ұғымын Оғыз қаған дәуіріндегі саяси мәртебесіне қайта көтеру құптарлық іс

22.01.2026

Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Ғалымдар Құрылтай сөзінің түп-төркіні, қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған империялар мен мемлекеттердің саяси құрылымындағы орны туралы біршама мәнді сөз қозғады.

Фото: Kazinform

«Құрылтай – дала демократиясының тірегі болған институт»

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің профессоры, ғалым-жазушы Тұрсынхан Зәкенұлы:

– Құрылтай институты Шыңғыс хан дәуірінен бері дала демократиясының бір тірегі болып келген. Ал дала демократиясы болмаса көшпелі өркениетке иек артқан мемлекет те болмайтын еді. Сондықтан Құрылтай ұғымының біздің мемлекеттілігіміздің тарихында үлкен маңызы болған. Сол ұғымды Қазақстан өзінің билік құрылымына қайта жаңғыртып енгізіп жатқаны, Парламент деген сөздің орнына Құрылтай ұғымын енгізіп жатқаны орынды шешім деп ойлаймын. Кешегі заманда Құрылтай халық билігінің қайнар көзі, мемлекеттік деңгейде қабылданатын шешімге қарапайым тұрғындардың тікелей араласатын құралы болды. Жаңа замандағы Құрылтай осы сипатын сақтай ала ма? Мәселе осында сияқты. Сонда біз кешегі дала демократиясының бір ұстыны қазіргі Қазақ елінің құрылымында сәтті жаңғырды деп айта аламыз. Ал ол үшін Құрылтайдың өкілдерін тікелей халық сайлау керек деп ойлаймын.

Шыңғыс хан заманындағы Құрылтайда жүйелі сөз айтылса, қатардағы шаруа адамын да ешкім сөзден қаға алмаған. Қиянат көрген қара да, нақақ істі болған айыпкер де мәселесін Құрылтай ортасына салып, әділ шешім талап ете алған. Демек ол белгілі бір таңдаулы топтың өзара ақылдасып шешім қабылдайтын ортасы болмаған. Оған арнайы шақырылатын адамдар халқына сіңірген еңбегі, жұрт сөзін сөйлей білген әділдігі мен даналығының арқасында халық арасынан іріктеліп шыққан. Құрылтайды халық билігінің қайнар көзі деп отырғаным сол.

Құрылтайдың бастапқы қалыбын бүгінге сол күйінде көшіріп қолдансақ, оның мүшелері кешегі Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбек, Амангелді Айталы, Қабдеш Жұмаділов сияқты алыптар би болып отыруы керек еді. Ал бүгінгі Парламент Құрылтай деп аталу үшін оның өкілдерін халық өзі іріктеуі керек деген пайымым бар.

Коллаж: Kazinform/Kazgazeta.kz/Wikipedia

Ал Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры, тарихшы Жақсылық Сәбитов Қазақ хандығы кезеңінде Құрылтай саясаттағы игі-жақсылардың съезі іспеттес болған деп есептейді.

- Олар мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді шешіп отырған. Құрылтайдың бірнеше функциясы болды. Бірінші функциясы – хан сайлау. Алдыңғы хан өмірден өткенде немесе тақтан құлағанда жаңасын осы Құрылтайға шақырылған игі-жақсылар сайлаған. Өйткені жалпыұлттық сайлау дейтін болмаған. Әр тайпаның, рудың көрнекті өкілі өз мүдделестерінің атынан дауыс беріп, жаңа ханды ақ кигізге қондырған.

Екінші функциясы мемлекеттің тағдырын айқындайтын шешімдерді көптің келісімімен бекіту болған. Мысалы, Ақтабан шұбырынды кезеңінде Қазақ хандығының жер бетінде болу-болмау мәселесі туындады. Осы кезде Құрылтай шақырылып, қазақ халқы Жоңғар хандығының боданына өте ме, өтсе қандай шартпен бағынышты болады, өтпесе не істеу керек деген сұрақтар талқыланды. Осы Құрылтайда Әбілхайыр хан мен Бөгенбай батыр үлкен рөл ойнап, баршаны Жоңғарға бағынбай, соғысты жалғастыруға көндірді. Осы Құрылтай нәтижесінде қалың қол жинап, батыс жұртын Ембі өзеніне дейін жоңғарлардан азат етеді.

Алтын Орда дәуірінде Құрылтай көбінесе хан сайлау үшін шақырылып отырған. Өйткені ел басқарумен байланысты шаруаның негізгі бөлігін хан өзі атқарған, - дейді тарихшы.

Фото: Пікір иесінің жеке мұрағатынан

Халықаралық Түркі академиясы сарапшысы, фольклортанушы ғалым Ақеділ Тойшанұлы Құрылтай ұғымының этимологиясы мен тарихы туралы дәйекті деректер ұсынып, нақты фактілерді алдымызға тосты.

- Құрылтай деген ұғым түркі заманынан бері келе жатыр. Әсіресе Шыңғыс хан империясы, Алтын Орда кезінде күшейіп, халықтың жадында қалған. Бұл хан елімен ақылдасу үшін, бектермен, билермен, нояндармен, қолбасылармен кеңес құру үшін төрт тараптағы халқын жинап алып жасайтын мемлекеттік деңгейде заң қабылдап, жарғы бекітетін, жаса қабылдайтын ұлы жиын болған.

Бұл жиын жылына бір рет немесе елдің болашағын белгілейтін кезде, ауқымды төтенше жағдайда, соғысқа қамдану, Отанды қорғау сияқты өте келелі мәселелер үшін шақырылған.

«Құрылтай» сөзі – түркінің төл сөзі. Құралу, құрама, құранды деген сөздер сияқты жиналу, жиын деген мағынаны білдіреді. Мысалы, көне түркілік «Ырық бітік» кітабында «Хан Орда құрған екен, елі тұрған екен. Төрт бұрыштағы игісі ұйысып қуанар, бәдіздер. Сонша біліңдер! Игі ол!» деп келеді. Сонымен бірге Оғыз қағанның Ұлы Құрылтай шақырғаны туралы деректер бізге жеткен. Мәтіннің сол үзіндісін де көрсетуге болады.

Oγuz qaγan uluγ qurïltay

čaqïr-dï nőker-ler-in el kün-ler-in

čarlab čaqïrdï kelib keŋešib olturdï-lar

«Оғұз қаған ұлық құрылтай шақырды. Нөкерлерін ел-адамдарын жарлап шақырды. Келіп кеңесіп отырды», - деген сөз ғой. Осы мәтіннен Оғыз қағанның кезінде құрылтай институты болғанын көреміз. «Оғыз қаған» жырының ескі ұйғыр қолжазбасының бір нұсқасын белгілі ғалым Нәпіл Базылхан аударған. Қазір эпостың қолжазбасы Францияның Париж қаласындағы Ұлттық кітапхана қорында «Paris Bibliotheque Nationale Department des Manuscripts. Supplement Turc 1001» тіркеуі бойынша сақтаулы және электрондық нұсқасы бар, - дейді ғалым.

Коллаж: Kazinform

Оның пайымдауынша,Құрылтай шақыру деген мемлекеттің жарғы түзімін жасақтау үшін жасалатын бір жүйелі жоралғы болған.

- Бұл негізі сол ғұндар заманында бастау алған. Түркі дәуірінде жаңғырып жалғасқан да, Шыңғыс хан империясы дәуірінде елдің құлағына көп шалынып, көзге көп түсіп, әбден етене қалыптасқан.

Бұл сөзіме Әбілғазы Баһадүр ханның Оғыз қаған туралы түрік шежіресі де дәлел бола алады.

«Күн хан оған: «Сіз атама кеңес берген адамсыз, қазір атамның орнына атамсыз, сіз не істе десеңіз, мен соны істеймін», - деді. Ерқыл хожа айтты: «Оғыз ханнан көп жұрт пен елдер, шаһарлар, көптеген дүние-мүлік пен мал қалды. Сіз алты ұлының әрқайсысынан төрт ұлдан болып, қазір жиырма төрт патшазада болып тұрсыз. Мен алтауыңыздан өзгелерінің аузы ала бола ма деп қорқамын». Күн хан Ерқыл хожаның сөзін қабыл көріп үлкен құрылтай шақырды», - деп келеді.

Осыдан да сол дәуірлерде билік бөлінісін жасау үшін, жарғы түзімін жабдықтау үшін, ел мен ханды жақындастыратын алтын тұтқа қызметін Құрылтай атқарғанын көреміз, - дейді Түркі академиясының сарапшысы.

Фото: Монцамэ

Ол қазіргі Моңғолияның заң шығару органының атауында Құрылтаймен түбірлес сөз бар екенін еске салды.

- Сәкен Сейфуллиннің сөзі бекер емес. «Ерте кезде қазақта билер дәуірі әдебиеті болған» дейді. Шын мәнінде билер, бектер дәуірі берік болған ғой. Хандардың қанаты болған билер халықтың көкейіндегі арман-мүддесін, елдің әлеуметтік тұрмысы мен рухани ахуалын тікелей ханға жеткізіп, шештіретін бірден-бір дәнекерші құрал осы Құрылтай болған.

Моңғолия 1924 жылы алғашқы Ата заңын қабылдаған кезде, сол істің басында Тұрар Рысқұлов жүргенін білесіз. Шыңғыс хан дәуірінен кейін түрлі замандарда бодандық түнекте кедергіге түскен, ысырылған алғашқы Құрылтайды моңғол даласында тірілткен сол оқиға еді. Нәтижесінде Моңғолия Республикасы әлемге жария етілді. Құрылтайда қабыл еткен Ата заңда «Елдің жоғарғы билігін Ұлы Хурал ұстайды, Ұлы Хурал үзіліс демалысы кезінде Кіші Хурал ие болады» деген. Мұнда құрылтай ұғымы Құрал деп кішірейтілген мағынада қолданылып, қазір де солай қалыптасып кетті. Ол елде құрылтай көнерген сөзге жатса, Қазақстанда Дүниежүзі қазақтары құрылтайы, Ұлттық құрылтай, тіпті қандай бір кәсіпорынның құрылтайшысы дегендей күнделікті қолданысқа ие.

Ал Моңғолия өзінің қазіргі саяси терминінде нақты «Құрылтай/Хурилдай» сөзін пайдаланып отырған жоқ. Тіпті ол көнерген сөздердің санатында, пассив лексиконда тұр. Ал қазақтың дастандарында, «Оғыз қаған» жырында, «Түркі шежіресінде», ежелгі тарихи мұраларда, «Бабалар сөзіне» енген жыр-дастандарында «Құрылтай» деген сөз өте жиі қолданылады. Құрылтай десе, ханның өткізіп отырған негізгі жиыны екені айқын болған. Сондықтан осы сөзді жаңғыртып қолданып отырғанымыз өте орынды

Қазақтың заңы, жарғы түзімі, ұлы Жаса заңы осы Құрылтай кезінде билердің айтуымен, талқыланып, қабылданатын болған. Содан билер, нояндар, қолбасылар, бектер ант беріп, сол қабылданған заңды бұлжытпай орындайтын болған.

Қасым ханның Қасқа жолы, Есімханның Ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті Жарғысы да Құрылтайда бекітілген. Хан сайлау дәстүрлері де осы Құрылтай арқылы ғана өткен. Ұлыстың ұлы құрылтайы хан сайлау үшін шақырылатын болған. Солай құрылтайда сайланған ханды ақ киізге көтеріп, ұлықтаған.

Алтын Орда дәуірінен жеткен, Ұлық Ұлыстың заң түзімін бекіткен Майқы билер, Кетбұқа билер Ұлы Құрылтайға қатысып, халқына теңдік, еліне тұтастық, жұртына бай-қуатты тіршілік жабдықтаған. Жер дауы, жесір дауы, барымта дауы да құрылтайларда шешіліп жатқан. Бір сөзбен айтқанда, Құрылтай билікті сайлау мен маңызды шешім қабылдайтын алаң ұсынатын арна болған, - дейді Ақеділ Тойшанұлы.

Фото: kazinform

Фольклортанушы Құрылтай ұғымы саяси айналымға тез еніп, құлаққа оңай сіңісті болып кететініне сеніп отыр.

- Құрылтайда бекімеген заң жүзеге аспаған, ал хан сайланған болып есептелмеген. Осылайша біздің мемлекеттік дәстүріміздің сабақтастығын, алтын шынжырдың буынын қайтадан жалғап отыр. Бүкіл терминді Еуропадан ала бермей, өзіміздің бай мемлекеттік дәстүрімізді паш етіп, саяси айналымға Құрылтай ұғымын енгізіп отырғанымыз құптарлық іс. Парламент деген сөздің өзіне 30 жылдың ішінде елдің құлағы мен аузы үйреніп кетті. Оған дейінгі буын съез, Жоғарғы Кеңес деп келді. Ал тарихи танымымызда бұрыннан бар Құрылтай сөзі солардың орнын тез басып кететініне кәміл сенімім бар.

Этнограф, жазушы ағамыз Зейнолла Сәніктің келтірген деректерінде Хан Тағанақ кеңесі мен Тұрымтай кеңесін өткізетіні айтылған. Тұрымтай кеңесі деп отырғаны ханға жақын билер, сұлтандар, жырауларды жинап, елге төнген төтенше жағдай, халықтың әлеуметтік ахуалы сияқты шұғыл шешімді қажет ететін мәселерді жалпы жұртты әуре-сарсаңға салмай, шағын тұрымтай кеңесі арқылы реттеп отырған. Ал Құрылтайдың орыны аса ірі болған, оған елдің сегіз қиыр, төрт тарапынан бектер, шоралар, қасқа жайсаңдар, төре сұлтандар, қолбасы, сардарлар толық шақырылған.

Құрылтай ұғымы жақсылықтың бастауында тұратынын алғашқы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайынан да көрдік. Сол арқылы болашағымыз айқындалып, алыстағы ағайынның атажұртынан ажырап қалған кіндігі қайта жалғасты емес пе?! Сонда құрылтай ұғымы бізге жат емес. Саяси лексиконда ежелден бар. Тіпті «Учредитель» деген «Құрылтайшы» деп аударып жүрміз. Демек, Оғыз қаған кезінде мемлекеттік ауқымдағы ұғым қазіргі күнделікті тілімізде іскерлік атау болып та қалыптасқан. Енді сол ұғым қайта Оғыз қаған заманындағы мәртебе биігіне көтеріліп, мемлекеттігіміздің қайта түлегенінен белгі беретін нышан болғалы тұр. Орта держава боламыз деген мұраты бар елдің саяси тарихы жұтаң болмайтынын аңғартатын оң өзгеріс деп қабылдап отырмын, - деп түйіндеді ғалым.

Айта кетейік, бұған дейін қазақ мемлекеттігінің қалыптасу кезеңдерінде маңызды шешімдер қабылданған құрылтайлар тарихына шолу жасаған едік

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью