Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылады оған кімдер кіреді және немен айналысады

16.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Қазақстан Құрылтайы жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құрылады. Оның құрамына кімдер кіретіні және палата немен айналысатыны туралы Tengrinews.kz тілшісінің материалынан оқыңыз.

Құрылтай депутаты Айдос Сарымның айтуынша, Қоғамдық палата депутаттардың сарапшылармен, ғалымдармен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлердің өкілдерімен диалог орнататын тұрақты алаңына айналуы тиіс.

Қоғамдық палата құрамына кімдер кіреді?

Палата құрамына 50 адамды - барлық партиялық фракциядан Құрылтай депутаттарын, азаматтық қоғам, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың, өңірлердің өкілдерін, сондай-әртүрлі сала сарапшылары мен мамандарын қосу ұсынылып отыр.

Қажет болған жағдайда жекелеген отырыстарға ғалымдар, салалық мамандар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қосымша шақырылуы мүмкін.

Палатаның негізгі міндеттерінің бірі - заң жобаларын ерте кезеңде, яғни "нөлдік оқылым" сатысында сараптамадан өткізу болмақ.

"Мұнда заң жобасының негізгі ережелерін егжей-тегжейлі талқылап, түзетулер мен толықтырулар енгізуге болады. Бұл баламалы ұстанымдарды, кәсіби бағаларды, ықтимал ескертулер мен ұсыныстарды алдын ала тыңдауға мүмкіндік береді", - деді Сарым.

Сондай-ақ сарапшылар заң жобаларын депутаттармен бірге талқылауға қатыса алады және кейін заң шығарушылар қарайтын ұсыныстар енгізе алады.

Қазақстандықтар талқылауға өз тақырыптарын ұсына ала ма?

Айдос Сарым брифингте палата жұмысы тек заң жобаларымен шектелмейтінін айтты. Қоғам белсенділері талқылауға өзекті мәселелерді ұсына алады.

Оның айтуынша, мұндай тәжірибе бұрын да болған. Егер бастамашылар мәселенің өзектілігін негіздей алса, палата оны жеке отырысқа шығарып, мемлекеттік орган өкілдері мен түрлі көзқарастағы сарапшыларды шақыра алады.

Көшпелі отырыстар да өткізілуі мүмкін. Жергілікті мәселелерді қарастыруға жергілікті қоғамдастықтар мен қоғамдық кеңестер де бастамашы бола алады.

Құрылтай сайтында Қоғамдық палатаның жеке парақшасы ашылады. Онда алдағы іс-шаралар туралы ақпарат, сараптамаға түсетін материалдар мен ұсыныстар жарияланып тұрады деп жоспарланған.

Сарапшылар қалай іріктеледі?

Палатаның болашақ мүшелерінің жұмыс өтіліне қатысты қатаң талаптар қою жоспарда жоқ.

"Нақты критерий жоқ. Әрине, біз танымал, тәжірибелі адамдарды шақыруға тырысамыз", - деді Сарым брифингте.

Оның сөзінше, іріктеу кезінде сарапшылық деңгейі, кәсіби тәжірибесі, жарияланымдары мен жетістіктері ескеріледі. Сондай-ақ алдыңғы шақырылымнан (Мәжілістегі) 100-ге жуық сарапшыдан тұратын база сақталып қалған.

Еске сала кетейік, 10 қыркүйекте Құрылтайда депутаттардың алғашқы жалпы отырысы өтті. Отырыс аяқталған соң БАҚ өкілдері үшін брифинг ұйымдастырылды. Онда депутаттардың қандай әрекеттері іскерлік әдепті бұзу болып саналатыны және ол үшін қандай жаза қарастырылғаны айтылды.

Тағы оқыңыз: Құрылтай депутаттары қанша жалақы алады: вице-спикер жауабы

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью