Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Құрылыс дегеніміз – қарқынды дамыған экономиканың бір саласы ғана емес, созылмалы «ауруларын» сары майдай сақтап қалған ескі бір алаң іспеттес. Дәрменсіз қоғамға дендеп енген жемқорлық дерті бұл саланы да айналып өте алмаса керек. Қыбын тауып қаражат жымқырып қалу, себепсіз қымбаттатылған сметалар, тиімсіз игерілген теңгелер, тағысын тағылар дәл осы саланың адымын аштырмай келгені анық. Ендеше, цифрландыру ісін екінші планға ысырып, «келешектің шаруасы» деп кешеуілдете беру енді жараса қоймас.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Дижиталдандыру деңгейін дәйектесек...
Бұл мәселені ел Президенті ертерек айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы бір жайтқа ерекше тоқталды. «Бүгінде Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2,5 мыңнан астам құжат бар. Бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілген. Жемқорлық аз емес. Ескі құрылыс стандарттары мен нормалары әлі де қолданылады. Сондықтан Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырамын» деген Жолдау жолдары семе бастаған саналарда қайта жаңғырды. Үш жарым жыл уақыт бұрын Президент шегелеп тапсырған осы бір шетін мәселелерден қандай қорытынды шығара алдық? Салада салмақты өзгерістер орын алды ма? Мән-жайды мейлінше саралап көрейік.
Әрине, бұл міндеттердің нормативтік-құқықтық жағынан жеткіліксіз тұстарын жетілдіру бағытында біршама тыңғылықты жұмыс атқарылғанын жоққа шығара алмаспыз. Жыл басында қатар қабылданған қос Кодекс (цифрлық пен құрылыс) – соның айқын дәлелі.
Салаға серпіліс әкелгендей болған жуырдағы жоспар ше? Иә, таяуда ғана Премьер-министрдің орынбасары–Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев 2026–2027 жылдарға арналған құрылыс саласын цифрландыру жоспарын бекітті.
«Бұл құжат құрылыс саласын цифрлық трансформациялаудың негізгі міндеттерін айқындайды және жоспарлау, жобалау кезеңдерінен бастап қолданысқа беру, ғимараттарды одан әрі пайдалану үдерістеріне дейінгі құрылыс нысандарының бүкіл өмірлік циклін қамтиды», делінген болатын Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Сол жиында «Құрылыс саласы – экономика үшін маңызды. Дегенмен, құрылыстағы мерзімдерге, шығындарға және ашықтыққа қатысты қиындықтар әлі де бар. Цифрлық трансформация саланың тиімділігін арттыруға бағытталған. Мемлекеттің рөлі – ережелерді белгілеу және цифрлық ортаны қамтамасыз ету», дейді министр Ерсайын Нағаспаев.
Жалпы алғанда, құрылыс саласын цифрландырудың 2026–2027 жылдарға арналған жоспары – саладағы ашықтық пен басқаруды арттыруға, құрылыс мерзімдері мен шығындарын қысқартуға, әкімшілік кедергілерді мейлінше азайтуға, сондай-ақ құрылыс жобаларының сапасы мен қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған іргелі қадамдардың бірі.
Құрылыс жұмыстарын сапаландыру тетігі
Әлем бойынша құрылыс саласын цифрландыру үдерісі өз бастауын компьютерлік технологиялардың өркендеуіне жол ашқан 1970–1980 жылдардан алады. Әдепкіде ол автоматты жоспарлау жүйесін (САПР/CAD) енгізуге байланысты, яғни, қағаз сызбаларды компьютер жүйесіне көшіру мақсатында қолданылса, 1990–2000 жылдар аралығында құрылысшылар BIM технологиясына бейімделуді бастап кетті. Бұл дегеніміз – материал мен мерзім туралы мәліметтерді 3D үлгілеумен кіріктіру әрекеттерін қамтитын. Ал 2010 жылдан бері қарай әлем бұлтты қызметтер мен салаға арналған түрлі мобильді қосымшаларды, интернет құрылғыларды (IoT), дрондар мен жасанды интеллектіні жаппай қолдануға қарай жедел ойысты.
Ал біздің елде бұл саладағы цифрлық реформа сәл кейінірек басталса да көштен ұзап қалғанымыз шамалы. Әрине, құрылыс секторы бұл жаңалыққа өте жылдам бейімделген біздің банк жүйесіне жете алмаса да, ауыз толтырып айтар жетістіктер де жоқ емес.
Біз өз жүйеміз бен төл бағдарламаларымызды ойлап шығарғанға дейін шетелдік қызметтер мен бағдарламаларды пайдаланып келдік. Сол кездерде танымал болған AutoCAD, ALLPLAN, Primavera, тіпті заманауи қызмет ұсынатын PlanRadar мен GECTARO үшін төленетін әрбір теңге шекара асып жатты. Кейбір деректер бойынша жыл сайын біздің елден шетелдік бағдарламалар мен қызмет көрсетудің төлемі ретінде 80 млрд теңгеге дейін қаражат аударылатыны айтылған. Ал егер осы қаражат елде қалып, отандық ІТ-сектордың өсіп-өркендеуіне жұмсалса, жаңа жұмыс орындары жасақталса, қалай болатын еді? Бұл – технологиялық тәуелсіздік тұрғысында жасалған теңдессіз қадам деп бағаланар еді.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Қазір құрылыс саласында бірқатар салалық ақпараттық жүйе сандық жағдайда жұмыс істеп жатыр. Мысалы, ғимараттардың орналасуы, инженерлік инфрақұрылым туралы деректерді жинауға арналған қала құрылысы кадастры, жобаларға сараптама жүргізуге арналған «epsd.kz» порталы, құрылыс барысын бақылауға арналған «e-Qurylys» платформасы және үлестік құрылыс бойынша «ҚазТізілім» жүйесі бар», дейді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мамандары. Сондай-ақ бір терезе қағидатымен жұмыс істейтін Бірыңғай цифрлық экожүйе жұмысын бастағанда тапсырыс беруші де, құрылысшы да барлық қызметті бір жерден ала алатындай мүмкіндік туады. Салаға жауапты комитет мамандарының хабарлауынша, бүгінде жобалау сатысындағы Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесінде инженерлік инфрақұрылымның 90%-дан астамы, өңірлердің 89 бас жоспары 100% және 736 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы 99,4% цифрландырылған. Алайда тәуелсіз сарапшылар алға тартатын мәліметтер мүлдем басқаша сөйлейді, мұнымен маңайласа қоймайды...
«Сақалды» құрылыстан – сапалы құрылысқа
Кеңес кезінен қалған «сақалды құрылыс» деген сәтсіздеу бір термин бар. Салынуы ұзаққа созылып, жақын арада біте қоймайтын нысанға бағытталған атау бұл. Мұндай құрылыстың түрі бүгінде де баршылық. Тек айырмасы – сол замандағыдай мемлекеттік меншікте емес, жекенің жиған ақшасын қалтаға басып, бастаған ісін аяқсыз қалдыратын алаяқ компаниялардың нәтижесіз жұмысында ғана. Артынан улап-шулайтындар – үлескерлер мен әкімдіктер. Түптің түбінде бар салмақ – жергілікті әкімдіктердің мойнына жүктелетіндігінде. Осындай келеңсіздіктер болмас үшін құрылыс барысын қадағалайтын тұңғыш платформалардың бірі – «e-Qurylys» порталында жұмыстар өндірісінің кестесін жүргізу, құрылыс барысын фотофиксациямен бірге тіркеу, сапаға сәйкестікті бақылау мен актілерге қол қою, техникалық қадағалау бойынша есептілікті автоматтандыру жұмыстары іске асырылып келеді. Сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары мен аттестациялық орталықтар үшін сарапшылар мен инженерлік-техникалық қызметкерлерді тестілеудің бірыңғай жүйесі енгізілді. Бұл шешім аттестациядағы адам факторын азайтып, өтініштер санын 40%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, құрылыс реестрлерін жүргізу функциясы іске қосылып, e-license порталымен интеграцияланды. Қазір «e-Qurylys» порталында 75 мыңнан астам қолданушы, 607 тұрғын үй мен мектеп нысаны, 221 жол құрылысы нысаны тіркеліп, 420 мыңнан астам техникалық қадағалау есебі электронды түрде тапсырылған.
Қадасынан бастап қадағалау қажет
Әу баста мұндай жаңашылдыққа мұрын шүйіре қараған құрылыс компанияларының қарасы қалың болғаны жасырын емес. Өйткені талай жыл тапталған дайын сүрлеуден кімнің шыққысы бар? Қалта қомпайту үшін де, «бармақ басты көз қысты» әрекеттерге бару үшін де сол үйреншікті ескі сүрлеу қолайлылау көрінетін. «Ал енді осындай ауқымды өзгерістерге құрылыс компаниялары дайын ба?» дегенге келсек, жалпы құрылыс компаниялары бұл жаңашылдыққа дайын деп айтуға болады, дейді комитет мамандары. Өйткені жоғарыда айтылғандай, саланың әр кезеңінде – жобалау, сараптама, құрылыс барысы мен үлестік құрылыс бойынша ақпараттық жүйелер бұрыннан жұмыс істеп келеді. Қазіргі басты міндет – осы жүйелерді біріктіріп, оларды бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіру. Сондықтан бұл жаңашылдық құрылыс компаниялары үшін үлкен кедергі тудырмайды деп есептейміз. Керісінше, үдерістердің жеңілдеуі мен автоматтануы олардың өзі үшін де тиімді екендігін естен шығармау керек. Қадағалауды күшейту – тәртіпке, тәртіпті күшейту – нәтижеге тура жол ашады. Жобаланған жоспарынан, қағылған қадасынан, қазылған қазаншұңқырынан бастап қадағалау түбінде нақты нәтижеге жеткізеді.
Бас жоспарлау мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының іске асырылуын жасанды интеллект қолдану арқылы кейінгі бақылау технологиясын қанатқақты режімде енгізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны қуантады. Қазір құрылыс саласында 22 мемлекеттік қызмет бар, оның 20-сы электрондық форматта көрсетіледі.
Табысқа бастайтын жоба
Цифрландыру – құрылыс саласындағы ашықтық пен тиімділікті арттыратын негізгі құрал. Оның тиімділігіне «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жарқын мысал бола алады. Олар өз жұмысында «e-Qurylys» жүйесін пайдаланды. Бұл жердегі барлық құжаттама жұмысы электронды түрде аталған жүйе арқылы жүргізіліп жатыр. Соның арқасында барлық қаражат ағындарының ашықтығы қамтамасыз етілді. Жалған құжат жасау, қасақана жоғалту, қосарлама мәлімет деген жасырын әрекеттердің жолы кесілді. Құжаттарға тәуліктің кез келген уақытында еш кедергісіз жедел қол жеткізу мүмкіндігі туды. Ал ең бастысы нысан басындағы жұмыс барысын, сапа мен қаржылық тәртіптілікті қағазбастылыққа салынбай әрі құрылыс басына сабылмай-ақ қадағалау мүмкіндігі туып отыр. Бұл жөнінде қайбір жылы Қызылордада өткен жиында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің былай дегені бар-тын: «Біздің кросс-платформада мердігерлер құрылыстың барысы туралы апта сайын электрондық форматта есеп беретін болады. Осылайша бақылау бірнеше деңгейде жүзеге асырылады. Мектептердің құрылысын үздіксіз қадағалап отыруға болады. Егер мердігер қандай да бір жұмыс түрлері бойынша үлгермей жатса, не кестеден кешіксе, барлық ақпарат «e-Qurylys» жүйесінде ашық көрсетіледі».
Міне, бақылау күшейген жерде осындай бір оң нәтижелерге қол жеткізу оңайырақ: біріншіден, сапа көрсеткіші бойынша өзгерістерге келсек, жүйе арқылы құрылыс барысы мен материалдардың сапасын дәйектейтін қосымша мәліметтер қоса тіркеліп, техникалық және авторлық қадағалаулардың есептері автоматты түрде ұсынылатын болады. Бұл адами фактордың әсерін азайтып, кем-кетікті ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, сапасыз құрылысқа тосқауыл қойылады.
Екіншіден, жұмыстар өндірісінің нақты кестесін жүйе арқылы жүргізу, актілерге электронды түрде қол қою және есептілікті автоматтандыру құрылыс үдерісінің жеделдігін арттырады. Қағазбастылық азайып, келісу үдерістері цифрлық ортада өтетіндіктен құрылыс мерзімі қысқарады.
Үшіншіден, бюджет қаржысының игерілу үдерісі ашық форматта қадағаланып, барлық қатысушының әрекеті тіркеліп отырады. Бұл шекті баға шегінен ауытқулар мен артық шығындардың алдын алып, мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуына жол ашады.
Қорыта айтқанда, цифрландыру тетіктерінің жүйелі түрде енгізілуі – құрылыс секторында «сапа – уақыт – баға» тепе-теңдігін қамтамасыз етудің, жалпы саланың даму қарқынын арттырудың нақты жолы. Олай болса, саланы дамытудың сапалы жолы саналатын – дижиталдандыруды жеделдетіп, Президент айтқан цифрлық елге тезірек айналуға жұмыла күш салғанымыз абзал.
Соңғы жаңалықтар
Аймақтар • Бүгін, 08:50
Шаруашылық • Бүгін, 08:45
Саясат • Бүгін, 08:43
Ұлттық қордың балаларға шарапаты
Қоғам • Бүгін, 08:40
Саясат • Бүгін, 08:38
Еңбек • Бүгін, 08:35
Қоғамдық диалогтің дәйектілігі артады
Саясат • Бүгін, 08:33
Құқық • Бүгін, 08:30
Пікір • Бүгін, 08:28
Жаһандық рейтингте елеулі орындамыз
Қазақстан • Бүгін, 08:25
Ата заң жобасы туралы ғалымдар пікірі
Ата заң • Бүгін, 08:22
Ғылым • Бүгін, 08:20
21 шетелдік байқаушы аккредиттелді
Референдум • Бүгін, 08:17
Спорт • Бүгін, 08:15
Балмұздақ өндірісінің «бағы жанды»
Өндіріс • Бүгін, 08:12