Құстай қонысы Қытай археологиясының 2025 жылғы үздік жетістіктеріне енді

05.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Chinanews порталының жазуынша, қола дәуіріне жататын Құстай қонысы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өңірі Бұратала моңғол автономиялық облысының Арасан ауданындағы Құстай елді мекенінен солтүстікке қарай тау бөктерінде орналасқан. Алқапта Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының Археология институты мен Шыңжаң мәдени мұра және археология институты 2016 жылдан бері тұрақты әрі жүйелі қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Зерттеу нәтижесі археологиялық нысанның негізгі бөлігі қола дәуірінің соңғы кезеңіне тән (шамамен б. з. д. 1600 жылдар) ірі қоныстың орны екенін көрсетті. Ол орталық аймақтағы қалашық, қорым және жақын маңайдағы өзге де археологиялық нысандардан тұрады. Жалпы ауданы 12 шаршы шақырымнан кем емес.

Белгілі болғандай, Құстай қонысы мен қорымының мәдени келбеті Еуразия даласының шығыс бөлігінде кең қанат жайған Андронов мәдениетіне жақын. Қалашықтың аумағы кең, құрылымы күрделі, инфрақұрылымы жақсы дамыған. Құстай — Батыс Тянь-Шань өңіріндегі қола дәуірінің соңғы кезеңіне тән және өте сирек кездесетін қоныстардың бірі.

Фото: Синьхуа

Ескерткіштен табылған және танылған жануар сүйектерінің шамамен төрттен үш бөлігі қойдікі, төрттен бір бөлігі сиырдікі, сондай-ақ көп болмаса да жылқы мен ит сүйектері де табылады. Бұл қоныс тұрғындарының мал шаруашылығымен айналысқанын, негізінен қой мен сиыр өсіргенін көрсетеді.

Қорым аймағы шығыстан батысқа қарай 400 метр, солтүстіктен оңтүстікке қарай 300 метр, онда тастан немесе топырақтан үйілген әртүрлі үлгідегі жерлеу орындары — обалар мен қорғандар орналасқан. Олардың ұзын саны жүзден асады, соның ішінде топырақтан үйілген ірі және орташа обалар саны жиырмаға жуық.

Фото: Синьхуа

2023 және 2024 жылдары археологтар Құстай қонысының шығыс қапталындағы қорымда орналасқан және Z1 моласы деп аталған ірі нысанға қазба жұмыстарын жүргізді.

Z1 моласының топырақ үйіндісінен қазылған жоғарғы қабір мен үйіндінің астындағы негізгі қабірдің мерзімі б. з. д. 2800–2600 жылдар аралығына жатады. Екі қабірден анықталған жерлеу дәстүрі мен табылған бұйымдар бірдей. Бұл нысан орталық аймақтағы қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын қалашықтан шамамен 1000–1200 жыл бұрын пайда болған, демек, ол қазірге дейін Шыңжаң аумағынан табылған қола дәуірі ескерткіштерінің ең ескісі.

Қазба жұмыстары көрсеткендей, Z1 моласының негізгі қабіріндегі мәйіттер көп мәрте қайта жерленгендіктен, сүйектер бір-бірімен араласып кеткен.

2024 жылы археологтар мен антропологтар тізе қоса жұмыс жүргізіп, жерлеу және қайта жерлеу үдерістерінің қалай өткенін анықтады.

Бұл негізгі қабірге жерленген 120 жеке тұлғаның күрделі әлеуметтік қарым-қатынасы мен туыстық байланысын жан-жақты талдауға бағытталған жүйелі генетикалық зерттеулерге берік техникалық және материалдық негіз қалады.

ДНҚ-зерттеу бағдарламасына сәйкес, топырақ үйіндісінің жоғары қабатындағы қабірлерден алынған адам сүйектеріне ДНҚ үлгісін іріктеу және сынау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде төменгі қабірде жерленген сүйектермен туыстық байланысы болуы мүмкін бірнеше адам анықталды. Бұл тәжірибе деректердің сенімділігін дәлелдеп қана қоймай, қорымнан жиналған үлгілердің марқұмдардың туыстық байланыстарын терең анықтауға қолайлы жағдайда екенін көрсетті. Сондай-ақ бұл материалдар қола дәуіріндегі Батыс Тянь-Шань тұрғындарының генетикалық тарихын зерттеу үшін аса маңызды дереккөз болмақ.

Бұған дейін Қытайлық археологтардың Тан дәуіріне тән қабірден қыш, фарфор және қола бұйымдар, сондай-ақ ортаазиялық стильдегі алтын-күміс әшекейлер қазып алғаны туралы жазған едік

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью