Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, су деңгейінің күрт көтерілуі салдарынан Шағалалы өзеніндегі понтон көпірді су басқан.
– Бұл понтон көпір Шағалалы ауылының негізгі бөлігін оның Нұрлы көшесімен байланыстырады. Аталған көшеде 28 үй орналасқан. Понтон көпір арқылы су тасып кетті, алайда көлік қатынасы толық үзілген жоқ, балама жол бар. Дегенмен жергілікті тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдардың өтініші бойынша құтқарушылар жедел түрде өткел ұйымдастырып, 16 адамды қайықпен үйіне жеткізді. Сондай-ақ оларға азық-түлік сатып алуға мүмкіндік жасады, – деді өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар арнайы техниканың көмегімен мұз кептелісін жойып, көпірдің зақымдануына жол бермеді.
Қазіргі уақытта су тасқан аумақта жергілікті атқарушы орган өкілдері, төтенше жағдайлар қызметі мен полиция қызметкерлері кезекшілік ұйымдастырған.
Еске салайық, бұған дейін ТЖМ су тасқынына байланысты жағдайды пысықтап, қай өңірлерге су басу қаупі төніп тұрғанын зерделеді.