Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Президенттің айтуынша, реформа келесі жылы іске асырылады. Оның аясында Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті өз қызметін тек бейіндік бағыттарға – барлау және қарсы барлау жұмыстарына, конституциялық құрылысты қорғауға, терроризмге, экстремизмге, бандитизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске шоғырландырады.
– Ведомство тергеу жүргізу құқығын дәл осы бағыттар бойынша ғана сақтайды. Экономикаға араласпайды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің нақты немен айналысатынын және оның қызметкерлерінің кім екенін ешкім білмеуі тиіс, – деді Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында.
Президенттің сөзінше, Ішкі істер министрлігі өз құзыреті шегінде қызметін жалғастырып, бейіндік бағыттар бойынша тергеу жүргізу құқығын сақтайды. Барлық күштік органдардың өкілеттігі заңнамалық тұрғыда нақты айқындалмақ.
Реформаның негізгі бөлігі – жаңа Тергеу комитетін құру. Оған негізгі тергеу функциялары беріледі. Ал Бас прокуратура мен Әскери прокуратура барлық құрылымдардың әрекеттерінің заңдылығына қадағалау жүргізеді.
– Қазіргі таңда әділетсіздік фактілері бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Тергеу комитеті тікелей Президентке бағынады. Ол жедел қызметкерлер немесе министрлер ұсынған толық пысықталмаған не қолдан жасалған істерді қабылдамайды. Негізсіз қылмыстық істер қозғалмайды. Әділетсіздікке тап болған азаматтар қамауға алынбайды, дереу босатылады. Осылайша біз адам құқықтарының сақталуын кемінде 95 пайыз деңгейінде қамтамасыз ете аламыз. Бұл болашақ ұрпақтың қауіпсіздігіне кепіл болады, – деді Жапаров.
Оның айтуынша, дәл осындай тәсіл экономикалық қылмыстарға қатысты да қолданылады.
– Егер шын мәнінде қылмыс жасаған болсаң, жауапқа тартыласың, ал жала жабылған болса, бостандыққа шығасың. Бір-біріне бағынбайтын екі орган болған жағдайда дұрыс әрі объективті шешімдер қабылданады, – деді Қырғызстан басшысы.
Президент реформаның ұзақмерзімді перспективаға бағытталғанын атап өтті. Қажетті инфрақұрылым әзірленіп, техникалық база қалыптастырылады, тиісті жарлық шығарылады, заң жобалары парламент – Жогорку Кенештің қарауына енгізіледі.
Садыр Жапаров биыл Қырғызстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін және Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қабылдайтынын еске салды. Сондықтан реформаны іске асыру осы іс-шаралардан кейін, келесі жылы басталады.
Еске салайық, Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне жаңа басшы тағайындалды.