Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қырғызстан парламенті жазғы үзілістен кейін алғашқы отырысын 2 қыркүйекте өткізеді. Депутаттар ел президентінің кезекті сайлауын тағайындау мәселесін 17 қыркүйекте қарауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Басылымның жоғары биліктегі дереккөзінің мәліметінше, парламенттің қыркүйектің алғашқы апталарына арналған жұмыс кестесінің жобасы жасалып қойған.
2 қыркүйекте Жогорку Кенеш жазғы демалыстан кейінгі алғашқы отырысын өткізеді. 9 қыркүйекке Министрлер кабинетінің кейбір мүшелерінің ант беру рәсімі жоспарланған. Ал 17 қыркүйектегі кезекті отырыста депутаттар Қырғызстан президентінің кезекті сайлауын тағайындау туралы қаулыны қарауды көздеп отыр.
Осылайша, президенттік науқанды бастау мәселесін парламенттің кезектен тыс емес, кезекті отырысына шығару жоспарланған.
Дереккөздің айтуынша, аталған күн заңнама талаптарына сәйкес келеді. Парламент президент сайлауын тағайындау туралы шешімді дауыс беру күніне дейін төрт айдан кешіктірмей қабылдауы тиіс.
Кеше Қырғызстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Тынчтык Шайназаров басылымға парламентке сайлауды тағайындау мәселесін дәл 17 қыркүйекте қарауды ұсынғанын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Садыр Жапаров Қырғызстандағы келесі президент сайлауына қатысуға және екінші мерзімге бағын сынауға ниетті екенін айтқан болатын.
Айта кетейік, Қырғызстандағы кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда өтуі тиіс.
Садыр Жапаров 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен кезектен тыс сайлауда Қырғызстан президенті болып сайланды.
Тағы оқыңыз: Жапаров: Қамшыбек Ташиевті Қырғызстан президенті еткім келді
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу