Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қырғызстан билігі Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының саммиті және VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz 24.kg агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Адилет Орозбеков өткен күні екі халықаралық іс-шара кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру штабының кеңесін өткізді.
Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, басқа да ведомстволар мен жергілікті билік органдарының өкілдері қабылданып жатқан шаралар туралы баяндағаны хабарланды.
Орозбеков алдағы оқиғалардың ауқымы, мемлекет басшыларының, шетелдік делегациялар мен қонақтардың саны жағынан ел тарихында бұрын-соңды болмағанын мәлімдеді.
Ішкі істер министрлігіне ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде көшелер мен тасжолдардағы қозғалыстың уақытша шектелуі туралы тұрғындарды жедел ақпараттандыру тапсырылғаны атап өтілді.
"Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті билікке антитеррорлық, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау жүктелді. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту және шұғыл қызметтердің дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды", - делінген материалда.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтеді. Оған әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысуды жоспарлап отыр. Ойындар бағдарламасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер көшбасшыларының саммиті Бішкекте 30 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтеді деп күтіледі. Ұйымға 10 мемлекет мүше: Беларусь, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан.
Тағы оқыңыз: Қырғызстан президентінің сайлауы: парламент қашан шешім қабылдайтыны белгілі болды?
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу