Қырғызстандық сарапшы: Қазақстандағы реформалар ұзақ мерзімді дамуға бағытталған

23.01.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Сарапшының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын тек ағымдағы өзгерістер аясында ғана емес, әлдеқайда кең, стратегиялық контексте қарастыру қажет. Бұл реформалар жедел нәтиже көрсетуге емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған.

Қырғызстандық саясаттанушы Шерадил Бактыгуловтың пікірінше, Қазақстандағы саяси жаңғырулар тәжірибелі әрі көреген саясаткердің жеке мүддеден гөрі болашақ ұрпақтың қамын бірінші орынға қоятын көзқарасын көрсетеді.

- Бұл жеке басының емес, келешек қазақстандықтардың мүддесін алға қоятын, кемел саясаткердің үлгісі. Осындай философиямен кезінде Сингапурда, Біріккен Араб Әмірліктерінде реформалар жүргізілді. Егер тарихқа тереңірек үңілсек, дәл осындай пайыммен Америка Құрама Штаттарының негізін қалаушылар да ой қозғаған, – деді ол.

Сарапшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқаруда демократиялық қағидаттарды жүйелі түрде қорғап келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда қоғамдық маңызы бар шешімдер азаматтардың тікелей қатысуымен, соның ішінде референдумдар арқылы қабылданады. Мұндай тәсіл саяси дағдарыстар мен қоғамдық-саяси тұрақсыздық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетеді.

- Атом электр станциясын салу немесе конституциялық реформа секілді ауқымды мәселелерде тек саяси элитаның, яғни билік ресурстарын қолына алған белгілі бір топтың ғана келісімі жеткіліксіз. Мұндай жағдайда бүкіл ел көлемінде ұлттық консенсус қажет. Дәл осы ұстаным – елдің тұрақты әрі дағдарыссыз дамуының басты кепілі, – деді Шерадил Бактыгулов.

Айта кетейік, Президент Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы Жарлыққа қол қойды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью