Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қытайдың ядролық энергетикасын дамыту туралы 2026 жылғы баяндамаға сәйкес, 14-бесжылдық (2021-2025 жылдар) кезеңінде ел билігі 46 жаңа энергоблоктың құрылысын мақұлдаған. Қазіргі уақытта 60 энергоблок пайдалануға беріліп, олардың жиынтық қуаты 63,69 ГВт-ты құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша Қытай әлемде үшінші орында тұр.
– Қытайда жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан атом электр станцияларының жиынтық портфелі 112 нысанға жетіп, олардың жалпы қуаты 125 ГВт-ты құрады. Бұл көрсеткіш елді әлемдік көшбасшы деңгейіне шығарды, – делінген баяндамада.
15-бесжылдық (2026–2030 жылдар) аясында Бейжің әртараптандырылған энергетикалық жүйені жедел қалыптастыруды жоспарлап отыр. Бұл жүйеде атом энергетикасы жаңартылатын энергия көздерімен қатар дамиды.
Құжатқа сәйкес, 2030 жылға қарай жұмыс істеп тұрған АЭС-тердің қуатын 110 ГВт-қа жеткізу көзделген. Ал 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 200 ГВт-қа дейін ұлғаяды.
– Салалық стратегия атом энергетикасын жағалаудағы аймақтарда дамыту, шағын модульдік реакторларды енгізу және төртінші буын технологияларын кеңінен қолдануды көздейді, – деп атап өтілген құжатта.
Қытай ядролық энергетика қауымдастығының төрағасы Ян Чанлидің айтуынша, үшінші буындағы реакторларға арналған жабдықтарды жергіліктендіру деңгейі 95%-дан асқан.
– Қазіргі өнеркәсіптік әлеует жыл сайын АЭС үшін негізгі жабдықтардың 10-нан астам толық жиынтығын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл бір мезгілде 50-ге дейін энергоблоктың құрылысын жүргізуге техникалық негіз қалыптастырады, – деді ол.
Оның сөзінше, ядролық энергетиканы дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала береді.
– Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер – толық технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізу, маңызды компоненттер бойынша импортқа тәуелділікті жою және инновациялық өндіріс тізбектерін қаржылық капиталмен терең ықпалдастыру, – деді Ян Чанли.
Айта кетейік, Қытайда әлемдегі ең ірі суасты теміржол тоннелі іске қосылуға жақын қалды.