Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Елшінің айтуынша, соңғы жылдары екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстар жиілеп, түрлі саладағы ынтымақтастық тұрақты түрде тереңдеп келеді. Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға келіп, екінші «Орталық Азия — Қытай» саммитіне қатысуы, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға барып, Тяньцзинь қаласында өткен ШЫҰ саммиті қатысуы — соның айқын дәлелі.
Фото: Виктор Федюнин/KazinformЕлшінің мәліметінше, қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 миллиард АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артқан. Сонымен қатар, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, химия, логистика және инфрақұрылым салаларындағы дәстүрлі ынтымақтастық сақталып, автокөлік жасау, заманауи ауыл шаруашылығы, жасыл энергетика және құрылыс материалдарын өндіру сияқты жаңа бағыттардағы өзара іс-қимыл кеңейіп келеді.
— Қазақстан мен Қытай — даму жолындағы сенімді серіктестер. Біз бір мақсатқа ұмтылып, өзара қолдау көрсетіп, бірлесіп алға жылжуымыз қажет, — деді елші.
Екіжақты гуманитарлық байланыстар да нығайып келеді. Білім беру, ғылым, спорт және туризм салаларында жаңа құжаттарға қол қойылып, халықтар арасындағы байланысты кеңейтуге басымдық берілуде.
Фото: Виктор Федюнин/KazinformЕлшінің айтуынша, визасыз режимнің енгізілуі екі ел азаматтарының өзара сапарын едәуір арттырған. Сонымен қатар, ол «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығындағы тәуліктік орташа жолаушылар ағынының 30 мың адамға жуықтағанын атап өтті.
Елші 2026 жылдың Қазақстан мен Қытай үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан үшін бұл — жаңа Конституцияны іске асыру және саяси реформаларды тереңдету кезеңі, ал Қытай үшін — жаңғыртуды жеделдетіп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басатын маңызды уақыт.
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform— Алдағы кезең Қазақстан мен Қытай қатынастары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, — деп атап өтті ол.
Ол екі елдің бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы одан әрі нығайып, екі халықтың игілігіне қызмет ететініне, сондай-ақ өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосатынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Қытайдағы «екі сессия» жыл сайын өткізілетін маңызды саяси шаралардың бірі саналады. Ол Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы мен Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесінің сессияларын қамтиды. Оның аясында Үкіметтің жұмыс есебі қаралып, елдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспары, мемлекеттік бюджет, заң жобалары және өзге де маңызды мемлекеттік мәселелер талқыланады.
Бұған дейін 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қорғас шекара өткелі арқылы 54 мың коммерциялық автокөлік экспортталғанын хабарлаған едік.