Qazaq24.com, Zakon.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Ақпараттық кеңістікте Қытай Халық Республикасынан гибридті көлік құралдарын импорттаған сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың банктік шоттары жаппай бұғатталып жатқаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың таралуына байланысты 2026 жылы 18 мамырда Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті келесіні хабарлайды:
"BYD маркалы гибридті көлік құралдарын кедендік декларациялау кезінде жалған мәліметтер ұсынуға жол берген сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға анықталған бұзушылықтар туралы хабарламалар салық төлеушілердің жеке кабинеттеріне жолданды. Бұл ретте аталған хабарламалар тек 450 сыртқы экономикалық қызметке қатысушы рәсімдеген 623 көлік құралына ғана қатысты, демек бұл қабылданып жатқан шаралардың жаппай сипатқа ие екендігі туралы таратылып жатқан ақпаратқа сай келмейді".
Комитет қолданыстағы заңнама аясында банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын шектеу шаралары тек 45 заңды тұлға мен жеке кәсіпкерге қатысты қолданылғанын нақтылайды.
"Бақылау іс-шараларын жүргізуге гибридті көлік құралдарының электр қозғалтқышының 30 минуттық қуатына қатысты жалған мәліметтерді көрсету жағдайларының жиілеуі негіз болды. Бұл өз кезегінде кедендік баждарды төлеуден заңсыз босатуға ықпал еткен. Объективті бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік кірістер органдарының аумақтық бөлімшелеріне BYD маркасының ресми өкілі ұсынған көлік құралдарының зауыттық техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер берілді. Аталған мәліметтер мәлімделген деректердің дұрыстығын тексеру үшін пайдаланылатын болады". ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі
МКК азаматтармен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырады.