Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
АСТАНА, 7 қараша - Sputnik. Қазақстан мен ҚХР автотасымалдарға рұқсат беру бойынша шектеусіз жүйеге көшуге келісті, деп хабарлайды көлік министрлігі.
5-6 қараша күндері "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында Қазақстан мен Қытайдың көлік министрліктерінің өкілдері халықаралық автомобиль тасымалдары мәселелеріне қатысты кездесу өткізді.
"Келіссөз нәтижесінде биыл 6-12 қараша аралығында Қытай тарапы Қазақстанға 15 мың рұқсат бланкілерін береді. Осылайша жеті күннің қорытындысы бойынша қазақстандық тасымалдаушылардың тәуліктік нақты қажеттілігі айқындалады", - дейді ведомстводағылар.
Болашақта рұқсат бланкілері күн сайын берілетін болады. Сондай-ақ 2026 жылдан бастап рұқсат бланкілерін сандық шектеусіз, яғни шексіз түрде беру жүйесіне көшу жоспарланып отыр.
"Қытайға электронды кезек жүйесі арқылы кіретін барлық көлік құралына, ҚХР заңнамасын бұрын бұзбаған жағдайда, рұқсаттар автоматты түрде беріледі", - дейді министрліктегілер.
Былтыр қазақстандық тасымалдаушылар 228 мың рұқсат бланкілерін пайдаланған, ал осы жылдың басынан бері 230 мыңнан астам қытайлық рұқсат бланкілері алынған және пайдаланылған.