Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Кәсіпкер Бұлбұл Тілеуқабылқызы бүгінде бірнеше бағытты қатар дамытып отыр. Оның бизнесі косметика өндірісі мен сән индустриясын қамтиды.
— Косметика шығарумен айналысып жүрмін. Қосымша ұлттық киімдерге тапсырыс қабылдаймын. Тігіншілеріммен бірге ешкімде жоқ стильдерді қамтимыз. Көбіне бір данадан ғана тігеміз. Қытайдағы қазақтар жаппай сатып алады. Мереке-жиын, тойларда үстінен тастамайды, — деді ол.
Кәсіпкердің сөзінше, әрбір бұйымда ұлттық мән мен мазмұн сақталуы тиіс. Сондықтан ою-өрнектерге ерекше назар аударылады.
— Ою-өрнек, қошқар мүйіз, арқалы өрнекке мән береміз. Көбіне жағалы киімдерге, бас киімдерге қолданамыз. Брендтің атауы — «Аяулым». Оны тұңғыш қызымның есімімен байланыстырдым, — деді спикер.
Оның айтуынша, бизнестің дамуы бәсекелестікпен тікелей байланысты. Қазір Қытай нарығында ұлттық киімдерге сұраныс жоғары, бұл кәсіпті кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
— Қазір Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс нығайып келеді. Сондықтан алдағы уақытта туған жерде де кәсібімді дамытуды жоспарлап отырмын, — деді кәсіпкер.
Бұлбұл Тілеуқабылқызы алдағы жоспарының ауқымды екенін жасырмады. Оның мақсаты — «Аяулым» брендін халықаралық деңгейге шығару және Қазақстанда өндірісті дамытуға инвестиция салу.
Бұған дейін қытайлық танымал блогер Маңғыстауға қайта келгенін жазған едік.