Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
2025 жылдың шілде айында елдің солтүстік-батыс аймағындағы стратегиялық маңызы зор Шыңжаң-ұйғыр автономиялық регионы Партия комитетінің хатшысы лауазымынан босатылғаннан бері Ма Синжуйдың жаңа қызметі белгісіз болып келген еді. Синьхуа агенттігі таратқан ақпаратта ол ҚКП ОК Ауылдық жерлер жұмысы жөніндегі басшылық тобы жетекшісінің орынбасары деп көрсетілген.
ШҰАР Партия комитетін басқарып тұрғанда ҚКП ОК Саяси бюросына енген Ма Синжуй өкілеттік мерзімі орталай бергенде, өткен жылдың шілде айында Бейжіңге кері шақырылған. Соңғы рет 2025 жылдың қазан айында ҚКП XX шақырылымдағы Орталық комитетінің төртінші пленумында төбе көрсеткеннен кейін, ол бірқатар мемлекеттік шараларға қатыспаған. Оның істі болғаны туралы ақпараттар содан бері ел құлағын елеңдетіп келеді.
Бұған дейін ҚКП XX шақырылымдағы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшелері Хэ Вэйдун мен Чжан Юсяның үстінен тәртіптік іс қозғалғаны белгілі. Ма Синжуй кезекті циклде Саяси бюроның мүшесі қызметінде істі болған үшінші тұлға және өткен отыз жылда ШҰАР Партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған Саяси бюро мүшелері арасынан тергеуге алынған алғашқы шенеунік.
Ашық дереккөзден белгілі болғандай, 67 жастағы Ма Синжуй кезінде Қытайдағы жас буын технократ саясаткерлердің жарқын өкілі ретінде белгілі болған. Оның еңбек жолы білім мен ғылым саласынан басталып, кейін мемлекеттік басқарудың ең жоғары деңгейіне дейін көтерілген.
Алғашқы кезеңде ол ғарыш саласында еңбек етті. Шэньчжоу бағдарламасына қатысып, басқарылатын ғарыш аппараттары бойынша ірі жобалардың іске асырылуына үлес қосты.
Кейінірек ғылыми ортадан өндірістік-әскери салаға ауысып, Қытай ғарыш технологиялары корпорациясында жетекші қызметтер атқарды. 2013 жылдан кейін Ма Синжуй біржола саясатқа ойысып, орталық мемлекеттік органдарда жауапты қызмет атқарды. Сол жылы қараша айында елдегі экономикасы ең дамыған Гуандун провинциясына жауапты қызметке жіберілді. Қатарынан бірнеше жылда Гуандун провинциялық партия комитетінің хатшысының орынбасары, Саяси-заң комиссиясының хатшысы, Шэньчжэнь қалалық партия комитетінің хатшысы және Гуандун провинциясының губернаторы қызметін атқарды.
2021 жылы желтоқсан айында ол Чэн Цюаньгоның орнына елдегі ең күрделі аймақтың бірі – Шыңжаң-ұйғыр автономиялық регионы Партия комитетіне хатшы болып келді.
2022 жылы ҚКП XX съезінде Саяси бюроның мүшесі болып сайланды.
Ма Синжуй 2023 жылдың наурыз айында Қазақстанда сапарда болған.
Бұған дейін Қытайдың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаһандық науқанды қайта бастағаны туралы жазып едік.