Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Алайда, тауарлар тізімінде киім-кешек пен техникадан бөлек, тірі жануарлардың да пайда болуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Курьерлік жөнелтілім кезінде қысылып, сусыз және жемсіз өліп жатқан жануарлардың бейнежазбалары желіні шулатты. Бұл істің құқықтық жағы мен жауапкершілігі туралы «Jibek Joly» телеарнасының Бүгін.LIVE» бағдарламасында заңгер Аржан Сәдуақас түсіндіріп берді.
– Тірі жануарларды тапсырыс беріп алуға болады, бірақ оның арнайы ережелері бар. Егер тапсырыс берілген жануар Қызыл кітапқа енген болса, оны Қазақстан аумағына кіргізбейді. Мұндай жағдайда кеден қызметкерлері тауарды ұстап, сатып алушының бұл істен хабары бар-жоғын анықтау үшін тергеу жүргізеді. Егер заң бұзылса, бұл әрекет тіпті контрабанда ретінде бағалануы мүмкін, – дейді заңгер Аржан Сәдуақас.
Маманның айтуынша, жануардың өліміне немесе жарақат алуына алып келген кез келген әрекетсіздік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қазақстанның Қылмыстық кодексіндегі 316-бап жануарларға қатыгездік жасау мәселесін реттейді.
– Егер жануарды жәшікке салып, ауа кірмейтін, су берілмейтін жағдайда тасымалдаса, бұл – қинау болып саналады. Сатушы компания да, сатып алушы да жауапқа тартылуы мүмкін. Өйткені жануар да мүлік болғандықтан, тасымалдаушы оның межелі жерге зақымсыз жетуіне міндетті. Тапсырыс беруші зардап шегуші ретінде сотқа жүгіне алады, бірақ ол өзінің де заң алдындағы міндетін ұмытпауы тиіс, – деп атап өтті заңгер.
Қытайлық платформалардың өз саясаты бойынша да тірі жануарларды халықаралық курьермен жөнелтуге тыйым салынған. Алайда тауарды зат ретінде жасырып жіберу фактілері кездесіп тұрады. Заңгер онлайн-дүкеннен жануар сатып алмас бұрын, оның тасымалдау ережелері мен заңдылығын жеке тексеру қажеттігін ескертеді. Әйтпесе бұл тек ақшадан айырылу ғана емес, тіршілік иесінің обалына қалып, қылмыстық іске ілігумен аяқталуы мүмкін.
Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде жануарларды жәбірлеуге қатысты заң қатаңдады. Енді қатыгездік көрсеткендер 400 мың теңгеге жуық айыппұл төлейтіні жайлы хабарлаған едік.