Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
«Екі жиналыс» деген не?
Қытайлық саяси контексте «Жалпыұлттық екі жиналыс» түсінігі Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы (БХӨЖ) мен Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесінің (ҚХСКК) жыл сайын өтетін пленарлық сессияларын меңзейді (Қытайдағы қазақтар алдыңғысын Халық құрылтайы, ал соңғысын Саяси кеңес деп атайды). БХӨЖӘ мен ҚХСКК үшін әр бес жыл бір шақырылым болып есептеледі, ал әр шақырылым аясында жылына бір мәрте жалпы отырыс, нақтырақ айтқанда, пленарлық сессия өтеді. Алайда «екі сессияның» заңмен бекітілген ресми атауында «шақырылым» сөзінің қолданылу орнына байланысты айтарлықтай айырмашылық бар. Мысалы, биыл наурыз айының 4-ші күні Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесінің XIV шақырылымдағы төртінші сессиясы, ал 5-ші күні XIV шақырылымдағы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының төртінші сессиясы басталады.
БХӨЖӘ мен ҚХСКК пленарлық сессияларының мерзімі 1995 жылдан бері салыстырмалы түрде тұрақты. Кезекті сайлау өтетін бірінші сессия, әдетте, екі аптаға дейін созылуы мүмкін, ал қалған сессиялар негізінен 10–12 күн шамасында мәресіне жетеді. Айта кетейік, 2020–2022 жылдары COVID-19 індетіне байланысты жиындардың мерзімі бір аптамен шектелгені бар.
Не үшін наурызда өтеді?
«Екі жиналыстың» кезекті отырыстарын наурыз айында өткізу дәстүрі 1985 жылдан басталды. Оған дейін пленарлық сессиялар жылдың нақты бір мерзіміне бекітілмей, әр кезеңінде шақырыла беретін. Әрине, өткен қырық жылдағы оқшау құбылыс ретінде 2020 жылы пандемияға байланысты екі сессияның мерзімі мамыр айына шегерілгенін айтуға болады.
«Екі жиналыстың» наурыз айына ұйғарылуының бірнеше себебі болуы мүмкін: Біріншіден, қаңтар–ақпан айларында дәстүрлі күнтізбе бойынша Көктем мерекесі – қытайлық Жаңа жыл тойланады. Сондықтан, сессияларды мерекемен қабаттастырмау үшін наурыз айы таңдалған. Екіншіден, қаржылық жыл күнтізбелік жылмен сәйкес келетіндіктен, сессиялардың наурыз айында өтуі өткен жылдың есептік қорытындысын шығаруға және жылдық бюджетті бекітуге уақыт тұрғысынан мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, 1989 жылы қабылданған «Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының процедуралық ережелерінде» кезекті пленарлық сессия жыл сайын бірінші тоқсанда өткізілуі тиіс деп көрсетілген. Бұл қос сессияның наурыз айында шақырылуына құқықтық негіз береді. Олай дейтініміз, қалыптасқан дәстүрге сай, саяси консультативтік кеңестің сессиясы халық өкілдері жиналысының сессиясынан бұрын шақырылады. Өйткені заң бойынша заң шығарушы орган шешім қабылдағанда саяси консультативтік органның ұсыныстарын ескеруге тиіс.
Фото: Beijing DailyХалық өкілдері жиналысы мен саяси консультативтік кеңестің қандай айырмашылығы бар?
Екі органның мәртебесі мен міндеттері әртүрлі. ҚХР Конституциясы бойынша, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы — мемлекеттің ең жоғары билік органы. Ол Конституцияға өзгеріс енгізе алады және оның орындалуын қадағалайды; қылмыстық, азаматтық және институционалдық заңдарды қабылдайды немесе түзетеді; жоғары мемлекеттік органдардың құрамындағыларды сайлайды, тағайындайды немесе қызметінен босатады; мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша шешім қабылдайды, т.б. ҚХР Конституциясы бойынша, депутаттар (өкілдер) провинциялардан, автономиялық региондардан, орталыққа бағынысты қалалардан, сондай-ақ Гонконг, Макао, Тайвань аймақтары мен Қытай халық-азаттық армиясы атынан сайланады. Қазіргі күнде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысына қатысатын 35 делегация бар: 31 өңірлік делегация, сондай-ақ Гонконг, Макао, Тайвань және армия делегациялары.
Ал Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі — билік органы да, әкімшілік орган да емес, саяси консультативтік алаң. Қытайлық саяси жүйеде, ол Қытай Коммунистік партиясы мен елдегі өзге саяси партиялар, сондай-ақ партиясыз қоғам қайраткерлері арасындағы ынтымақтастық пен өзара бақылаушылық тетігі ретінде қарастырылады. Негізгі қызметі — саяси кеңесу, демократиялық бақылау және саяси өмірге қатысу. Қазіргі күнде ҚХСКК Бүкілқытайлық комитетінің құрамында 34 секция бар. Олар саяси партиялар (10), қоғамдық ұйымдар (7), әртүрлі әлеуметтік-кәсіптік топтар (12), этникалық азшылықтар, діни бірлестіктер, сондай-ақ Гонконг пен Макаодан арнайы шақырылған тұлғалар және арнайы шақырылған өзге тұлғалар санатынан тұрады.
Депутаттар мен мүшелер қалай іріктеледі?
Халық өкілдері жиналысына қатысушылар өкіл (депутат) деп аталады. ҚХР Конституциясы бойынша депутаттар сайлау арқылы іріктеледі. Нақтырақ айтқанда, Конституцияға сәйкес жасы 18-ге толған, саяси құқығынан айырылмаған әрбір Қытай азаматының сайлауға және сайлануға құқығы бар. Депутаттық жүйе бес деңгейден тұрады: ауылдық және аудандық деңгейдегі депутаттар тікелей сайланады, ал автономиялы облыстық, провинциялық (автономиялық региондар мен орталыққа бағынысты қалалар да осы деңгейде) және жалпыұлттық халық өкілдері жиналысының депутаттары бір саты төмен деңгейдегі халық өкілдері жиналыстарында жанамалай сайлау арқылы іріктеледі.
Саяси консультативтік кеңеске қатысушылар мүше (кеңес мүшесі) деп аталады. Олар сайлау арқылы емес, келісім негізінде бекітіледі. Нақтырақ айтқанда, алдымен кандидатуралар ұсынылады, сосын кеңеске салынып, келісім арқылы ұсынылатын тізім нақтыланады. Ұсынылған тізім саяси консультативтік кеңестің тұрақты комитетінің отырысында қаралып, бекітілгеннен кейін ресми түрде жарияланады.
Ұсыныс, жоба және бастама ұғымдары бірдей ме?
Заң бойынша, депутаттар жоба (заң жобасы немесе ұсыныс жобасы) ұсына алады, бірақ ол үшін кемінде 30 депутаттың немесе бір делегацияның қолдауы (жобаға бірлесіп қол қоюы) қажет. Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының депутаты жекелей тек ұсыныс жасай алады. Атап айтқанда, ол өз деңгейіндегі халық өкілдері жиналысы мен оның Тұрақты комитетіне жұмыстың түрлі аспектілері бойынша ұсыныс, сын және пікір айтуға құқылы, бұндайда тиісті мекемелер мен ұйымдар айтылған ұсыныс, сын, пікірді зерттеп, қарастырып, оған жауап беруі керек.
Жоба әдетте сессия сәтінде ұсынылады, ал қаралып, қабылданып жатса, заңдық күшке ие болады.
Ал саяси консультативтік кеңестің мүшелері бастама көтереді. Бастаманы сессияға немесе кеңестің тұрақты комитетіне кеңес мүшелері өз атынан немесе ұйым атынан ұсына алады. Бастамалар арнайы комитетте тіркеліп, тиісті мекемелерге жазбаша пікір немесе ұсыныс түрінде жолданады. Әр бастамаға ресми жауап беріледі, бірақ оның заңдық міндеттеуші күші жоқ. Атап айтқанда, бастама бар болғаны демократиялық бақылаудың бір түрі саналады.
Ресми ақпаратта халық өкілдері Үкімет есебін «қарады» және «өз міндетін орындады» немесе «өз өкілеттігін жүзеге асырды» делінеді. Ал консультативтік кеңес мүшелері Үкімет есебін «талқылады» және саяси өмірге қатысты делінеді. Депутаттар мен кеңес мүшелерінің бірлескен отырысына байланысты «қарады және талқылады» деген сөздері қатар қолданылады.
Фото: The Paper басылымыБиылғы «екі жиналыс» несімен есте қалмақ?
Биыл Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толады және әлеуметтік-экономикалық дамудың он бесінші бесжылдық жоспары іске асырыла бастайды. Оның үстіне мың құбылған жаһандық геосаяси жағдайға, АҚШ пен Қытай арасындағы күннен күнге ушыққан текетіреске, ел экономикасының қазіргі ахуалы мен болашақ беталысы жайлы жиі айтыла бастаған пессимистік болжауларға, әскердегі жемқорлыққа қарсы өткен жылдың наурыз айынан кейін өрши түскен науқандарға байланысты биыл қытайлық «екі жиналыс» кезекті мәрте әлемдік БАҚ-тың назарына ілінетін сияқты. Синьхуа агенттігінің мәліметінше, биылғы «екі жиналыстың» жұмысы жайлы ақпарат таратуға 3000-нан астам журналист тілек білдіріп, аккредиттеуден өткен. Оның екі мыңға жуығы қытайлық журналист, қалған мыңнан астамы Гонконг, Макао, Тайвань аймақтары мен шет елдерден ат терлетіп жеткен екен.
Ендеше биылғы «екі жиналыс» несімен есте қалмақ? Әрине, бірінші кезекте халық өкілдері жиналысының төртінші сессиясы «Халық шаруашылығы мен әлеуметтік дамудың он бесінші бесжылдық жоспарын» қарап, бекітеді. Бесжылдық жоспар халықаралық қауымдастыққа Қытайдың әлеуметтік-экономикалық саясатының орта және ұзақ мерзімді үдерісін бақылауға, болжауға мүмкіндік береді. Ғаламдық экономиканың өсімі баяулап, технологиялық революцияның «толғағы жиілеген» қазіргідей өтпелі кезеңде жаһандық экономиканың басты драйвері ретінде қарастырылып отырған Қытайдың алдағы бес жылда қандай бағыттарға басымдық беретіні қоғамдық пікір алаңы үшін қызықты әрі өзекті. Жаңа сапалы өндіргіш күштер, атап айтқанда, жасанды интеллект, кванттық есептеу және биоөндіріс сияқты озық технологиялар арқылы индустриялық жаңғыруды ілгерілету келесі бесжылдық жоспардың өзегі болмақ. Ал өндірістік тізбектің толықтай тәуелсіздігін қамтамасыз етуден өндірістің негізгі салаларында төмен көміртекті трансформацияны іске асыруға дейінгі әрбір қадам Қытай экономикасының болашағын айқындауы мүмкін.
Үкімет есебінде 2026 жылғы ЖІӨ өсімінің көздеулі мақсаты қалай белгіленетініне нарықтың баса назар аударуы даусыз. Сарапшылар биылғы өсім 5 пайызға ұйғарылуы мүмкін деп сырттай тон пішіп отыр, бұл болжамның қаншалық ақталатыны да көп өтпей белгілі болмақ. Сондай-ақ жаһандық экономикада белгісіздік ұлғайып, ішкі нарықта сұраныс тұралаған күрделі жағдайда Қытай билігінің қандай ынталандыру шараларын шығаратыны да қызықты.
Халық өкілдері жиналысының кезекті сессиясының заң шығару жоспары да көңіл аударады. Биыл Экологиялық кодекс, Ұлттық бірлік пен прогресті ілгерілету туралы заң және Ұлттық даму жоспары туралы заң жобалары қарауға ұсынылмақ.
Экологиялық кодекс, шынын айтқанда, Қытайда Азаматтық кодекстен кейін «кодекс» форматында шығарылған екінші іргелі заң. Бұл құжат қолданыстағы экологиялық заңнаманы жүйелеу және біріздендіру арқылы жасыл даму қағидатын құқықтық тәжірибеге терең енгізуді көздейді.
Фото: Синьхуа агенттігіАл Ұлттық бірлік пен прогресті ілгерілету туралы заң жобасы этносаралық татулықты бекемдеп, қытайлық біріңғай этникалық қауымдастық жайлы сана-сезімді нығайтуға бағытталса, Ұлттық даму жоспары туралы заң стратегиялық бастамалардың сабақтастығын қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Яғни, біріншісі қоғамның ішкі тұтастығын күшейтуге, екіншісі ұзақмерзімді даму бағытын жүйелеуге қызмет етеді. Әсіресе Ұлттық бірлік пен прогресті ілгерілету туралы заң Қытайда тұратын қандастарымыздың әлеуметтік-мәдени өмірімен тікелей байланысты болуымен назар аудартады.
Әлеуметтік даму саласындағы қордаланған мәселелерге байланысты зейнеткерлік жүйесін жетілдіру, ұзақмерзімді күтім сақтандыруына қолдау көрсету және бала табуға ынталандыру бойынша бірқатар нақты саясат пен жоспар жасалады деп күтілуде. Сондай-ақ ЖОО түлектері мен қала жағалаған маусымдық жұмысшыларды жұмыспен қамту бағытында қандай шаралар қолға алынатыны да БАҚ назарында.
Қорыта айтқанда, биылғы «екі жиналыс» жай ғана кезекті сессия емес, Қытайдың алдағы бес жылдық даму бағытын айқындайтын алқалы жиын болмақ. Он бесінші бесжылдық жоспардың бекітіліп, экономикалық өсімнің жаңа драйверлерінің анықталуы, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар заң жобаларының қабылдануы Қытайдың жақын көршісі және мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктесі саналатын біз үшін де, халықаралық қауымдастық үшін де айтарлықтай мағыналы оқиға болмақ. Кезекті пленарлық сессиялар Бейжіңнің сыртқы сын-қатерге қалай жауап беріп, ішкі тұрақтылықты қалай нығайтатынын болжауға мүмкіндік беретін басты саяси алаң болары даусыз.