Қытайдың ірі логистикалық хабында QazTrade өкілдігі іске қосылды

03.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Ухань қаласы Қытайдағы негізгі көлік-логистикалық тораптардың бірі саналады және «тоғыз провинцияның тоғысқан жері» ретінде белгілі. Жаңа өкілдік Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға және қытай нарығындағы сауда байланыстарын кеңейтуге бағытталған.

Қазіргі уақытта QazTrade-тің серіктес кеңселері Хэфэй, Сиань, Чанша, Нанкин, Тяньцзинь, Чэнду және Циндао қалаларында жұмыс істейді. Уханьдағы жаңа кеңсе Қытайдағы компания қызметінің тағы бір маңызды тірек нүктесіне айналады деп күтілуде.

«Қазір біз жұмысты бизнес тек келіссөзге келіп кетпей, Қытай нарығында тұрақты жұмыс істей алатындай етіп құрып жатырмыз. Ол үшін Қытай бойынша осындай кеңселер желісі қажет. Біз компанияларды тек сүйемелдеп қоймай, қытайлық серіктестермен тікелей, сол жерде жұмыс істеуге мүмкіндік береміз. Ухань осы тұрғыда маңызды нүкте. Бұл бірнеше өңірдің сұранысы тоғысатын ірі логистикалық хаб», – деді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.

Сапар аясында QazTrade пен GuanYu International Supply Chain компаниясы арасында келісімге қол қойылды. Құжат Орталық Қытайда қазақстандық өнімдерді ілгерілетуді, B2B кездесулер ұйымдастыруды, келіссөздерді сүйемелдеуді және жеткізілімдерді қолдауды көздейді.

Іс-шараға QazTrade басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова, Цзянся ауданы халық үкіметі басшысының орынбасары Не Кайтянь, ауданның сыртқы істер басқармасының директоры Фу Цзюнь, коммерция басқармасының басшысы Гэ Цзэнлай, сондай-ақ инвестициялық-технологиялық топтың басқарма төрағасы Хань Вэй және қытайлық компаниялардың өкілдері қатысты.

QazTrade деректеріне сәйкес, Ухань қаласы орналасқан Хубэй провинциясымен тауар айналымы 2025 жылы 163,6 млн АҚШ долларын құрап, 12,1%-ға өскен.

Айта кетейік, Қазақстаннан Қытайға ақша аударымдары рекордтық минимумға дейін төмендеді.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью