Қытайлар мұздан қала тұрғызды

28.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Қыстың көркі қар әрине.

Алты ай қыс арқа емес, қары кей жерде әрі кетсе екі-ақ ай тұратын қытайлар мұздан қала тұрғызды. Бұл елде жыл сайын бой көтеріп, мезгілі жеткенде қайта ғайып болатын осындай сиқырлы қала бар. Шаһардың ғұмыры әлгінде айтқандай екі айдан аспайды. Бірақ қытайлар оның құрылысына ақшаны аямайды. Әлемнің үздік сәулетшілерін жалдайды. Мыңдаған жұмысшы жинайды. 

Енді бұл не үшін керек? Қыруар ақша, есіл еңбек далаға кетіп жатқан жоқ па? Қандай сыры бар?

Шын мәнісінде бұл қытайлардың шығынға бату үшін емес, пайдаға кенелу үшін жасайтын жобасы. Әңгіме Қытайдың солтүстік шығыс бөлігіндегі Харбин мұз әлемі жайында. Уақытша шаһар таза мұздан салынады. Аумағы 20 пайызға ұлғайтылып 1,2 миллион шаршы метрге жетті. Оны тұрғызуға 400 мың шаршы метр қар мен мұз қолданылған. Қаланы көруге әлем саяхатшылары ынтық.

БЛИЦ

- Өте суық. Қосымша киім сатып алуға тура келді. Дегенмен, келгеніме өкінбеймін. 

- Әлеуметтік желіден көріп, Индонезиядан отбасыммен келген едім. Бағасы айтарлықтай қымбат әрине. Өйткені біз мерекелік демалыстарға түсіп қалдық. Алайда бұл көруге тұрарлық. 

Биыл құрылыс жұмыстарына 10 мың жұмысшы жұмылдырылып, мыңнан астам техника қолданылды. Ал ондағы мүсіндерді жасауға 300-дей кәсіби мүсінші шақырылған. Олар көк мұзды кірпішке ұқсатып ойып, түрлі ғимарат, сырғанақтар жасады.

Ма Ин, Мәдениет және туризм бюросы директорының орынбасары:

- Биыл туристердің көптігі соншалық кейбір бағыттар бойынша ұшақ әрбір 12 минут сайын ұшып жатыр. Одан бөлек пойыздар да қатынайды. Өткен жылы мұнда 68 күнде 90 миллион турист келіп, 19 млрд доллар табыс түсті. Биыл бұдан екі есе көп кіріс кіреді деген болжам бар.

Ван Цзимин, Харбин шекаралық өткізу бекетінің қызметкері:

- Биыл келушілер былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға көп. Қазір тәулік бойы жұмыс істеп жатырмыз. Тексеру рәсімдеу орындарын көбейттік. Әсіресе түнгі және таңғы халықаралық рейстермен көп келеді. Бір ғана Хэйхэ бекетінде күніне 4 мың адам қабылдаймыз.

Азғантай уақытта мейрамхана, қонақүй, жылыту пункттері, жабдықтарды жалға беру орындары сияқты мыңдаған кәсіптің иелері мол табысқа кенеледі. Бірақ бұл туризм тәуекелге толы. Аяз болмаса салынған инвестиция демде суға айналады. Алайда қытайлар соған қарамастан жылда қыруар қаражат салып, стратегиялық қадам ойластырады. Мәселен, келесі жылдың құрылыс материалдарын биылдан дайындайды. Қазір сәулетшілер шаһарға қажетті мұзды ойып қоймаларға жинап жатыр. Бұл алдағы жылы өзен-көлдерге мұз қатқанын күтпей құрылысты ерте бастауға мүмкіндік береді.

Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью