Қытаймен жүк ағыны артты: Үкімет өткізу пункттерінің жұмысын кеңейту мәселесін талқылады

13.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Қазақстан – Қытай бағытындағы автокөліктердің жүк ағыны қарқынды өсіп жатыр. Мысалы, 2022 жылы ҚХР-мен шекарадан 639,6 мың көлік өтсе, ал 2025 жылы 1,68 млн көлік өткен. Осылайша, үш жыл ішінде көрсеткіш 2,5 еседен аса өсті. Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымын жылына $100 млрд-қа жеткізу міндетін ескерсек, шекаралық инфрақұрылымға жүктеме әлі де өседі.

Қазақстан Қаржы министрлігі өткізу қабілетін арттыру шаралары кешенін ұсынып отыр. Оның негізгісі – өткізу пункттерінің жұмыс уақытын Қытай тарапымен үйлестіру.

Бұған дейін қолданыстағы екіжақты уағдаластыққа сәйкес, Қазақстан – Қытай шекарасындағы өткізу пункттері қысқартылған жұмыс режимі бойынша, сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін және 13:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейтін. Өткізу қабілетін арттыру мақсатында кезең-кезеңмен жұмыс режимі ұзартылып, ҚХР шекарасындағы барлық қазақстандық автомобиль өткізу пункті сағат 07:00-19:00 аралығындағы 12 сағаттық режимге ауыстырылды. «Нұр Жолы» ең ірі өткізу пунктінің бірі пилоттық режимде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Бұл ретте қазақстандық пункттердің жұмыс режимі 19:00-ге дейін ұзарғанмен, қытай тарапы жұмысты 16:00-де аяқтайды. Уақыт айырмашылығы дайын инфрақұрылымды пайдалануды шектеген. Алдын ала бағалау бойынша, екі жақтан да сәйкес келетін жұмыс уақытын ұзарту өткізу қабілетін кемінде 20%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Осыған қоса, өткізу пункттерінің аумағынан тыс ілеспе операцияларды шығару моделі жүзеге асырылады. Жүк рәсімдеу, брокерлік және өзге де рәсімдер, әдетте, мемлекеттік шекарадан 1-10 шақырым радиуста орналасқан сауда-логистикалық орталықтар мен уақытша сақтау қоймаларына көшіріледі. Бұл өткізу пункттерінде тек бақылау функциясын ғана орындап, автокөлік құралының шекаралық-кедендік бақылау аймағында болу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда бұл модель Қазақстан-Қытай бағытындағы «Нұр Жолы», «Алакөл», «Бақты», «Қалжат» өткізу пунктінде, сондай-ақ Өзбекстанмен шекарадағы «Б.Қонысбаева», «Қазығұрт» және «Атамекен» пункттерінде толығымен енгізілген. Кезең-кезеңмен жүзеге асыру ЕАЭО сыртқы шекарасындағы басқа да автомобиль өткізу пункттерінде жалғасып жатыр.

Қазіргі уақытта ҚХР шекарасында «Нұр Жолы», «Алакөл» және «Қалжат» өткізу пункті бағытында үш көліктік-логистикалық орталық жұмыс істейді. «Нұр Жолы» маңында ірі автокөлікке арналған мамандандырылған уақытша сақтау қоймасы пайдалануға берілді. «Б.Қонысбаева», «Бақты», «Қазығұрт» және «Атамекен» пункті бағытында жаңа нысандар (УСҚ және КЛО) енгізілді.

Сондай-ақ кеңес барысында қашықтағы автоөткізу пункттерін тұрақты электр энергиясы көзімен, интернетпен және өзге де қажетті инфрақұрылыммен жабдықтап, өткізу қабілетін одан әрі арттыру мәселесі қаралды. Бақты – Аягөз темір жолының құрылысына қатысты Абай облысындағы жұмысты үйлестіру де талқыланды.

Кеңес соңында қытайлық тараппен өткізу пункттерінің жұмыс уақытын ұзарту мен үндестіру мәселесі бойынша келіссөзді жалғастырып, шекара маңындағы жол бағыттарын инфрақұрылымдық жаңғыртуды жеделдету туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, 2025 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы көлік-логистика саласындағы негізгі ынтымақтастық жобалары қарқынды іске асырылып, мультимодальды тасымалдарға арналған жаңа Еуразиялық құрлық-теңіз дәлізін қалыптастыруға тың серпін берді.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью