Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 18 сәуір – Sputnik. Продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі "Қыз Жібек" қамзолы төңірегіндегі дауға пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Неге екені белгісіз, осы 50 жылдан астам уақыт бұл қамзол ешкімге керек болмады. Ешкім оны еске де алмапты. Неге сіздер 30 жыл бойы оны еске алмадыңыздар? Ұлы туындының костюмдері қайда? Оларды кім сақтады? Ешкім сақтамаған", – деп ашуланды Алагөзова.
Оның айтуынша, қазір өзіне берілген қамзол көпшіліктің "тамағына тығылған сүйек" болып отыр.
"Бұл костюм ешкімге ештеңе қарыз да, міндетті де емес. Ол ешбір құжатта да, ешбір баланс есебінде де жоқ. Оны бір қадірлі әйел үйінде жай ғана сақтап келген. Түсінесіздер ме? Енді оны сенімді, жақсы қолға бергісі келді. Жылына 30 адам ғана баратын музейге емес… Маған берді", – деді ол.
Алагөзова бұл қамзолды енді не істейтінін де айтты.
"Мен оны қайтадан жаңадан жасап шығамын, "Қыз Жібек" камзолы екенін әркім білу үшін 600 көшірмесін тігемін. Бұған дейін менде сондай идея болған… Сондықтан келесі жылы, 17-рет өтетін "Қазақ аруы" байқауы кезінде мен оны түпнұсқасына дәлме-дәл етіп көшіріп тігемін, бұл менің жоспарым еді", – деп түсіндірді ол.
Ол актриса Меруерт Өтекешева көзі тірісінде құрметке лайық тұлға екенін атап өтті.
"Мен оның костюмінің көшірмелерін тігіп, фильммен коллаборация жасаймын… Немесе оны музейге тапсырамын. Сол жерде ілініп тұрсын, жылына 30 адам ғана келіп көрсін… Бұл менің қамзолым екенін қабылдайық және мен Гүлфайрус Исмаилова жасаған осы сұлулықты кеңінен насихаттап, идеалдандыру үшін барымды саламын", – деп толықтырды ол.
Айта кетері, бұған дейін Алагөзова қамзолды киіп көріп, "Қыз Жібек" фильміндегі артефактіні иеленгенін айтқан болатын. Бұл видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып, оған Мәдениет және ақпарат министрлігі де пікір білдірген.
Мәдениет және ақпарат министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, бүгінде "Қазақфильм" киностудиясының музей қорында "Қыз Жібек" фильмінде пайдаланылған қамзолдардың бірінің түпнұсқасы тұр.
"Бұл жәдігер ұлттық кино өнерінің маңызды мәдени мұрасы ретінде қорғалған. Ал продюсер жариялаған жазбадағы екінші қамзолдың жеке қолға қалай өткендігі анықталып жатыр", - дейді министрлік мамандары.