​Қызғалдақтар бүр жарды: Түркістандағы үниверситет 7 мың тал гүл өсіріп шығарды

24.02.2026

Azh.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Ботаникалық бақ» ғылыми-зерттеу институтында қызғалдақтар қауызын ашты. Жылыжай кешенінде өсірілген гүлдер ғылыми жобалардың нәтижелілігін және жүргізілген селекциялық жұмыстардың тиімділігін айқындайды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша қазіргі уақытта ботаникалық бақтың жылыжайында қызғалдақ өсіру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатыр. Биыл қызғалдақтың 7 түрлі сұрыпынан 7000 дана пиязшық отырғызылды.

Қолдау тапқан жоба

2022-2024 жылдар аралығында министрліктің гранттық қаржыландыруы аясында «Қазақстанда қызғалдақтың бастапқы материалдар коллекциясын жасау, эксклюзивті түрлері мен сорттарын көбейту мен өсірудің инновациялық технологиясын әзірлеп, қолданысқа енгізу» ғылыми жобасы жүзеге асырылды. 

Аталған жоба шеңберінде қызғалдақтың жерсіндірілген және перспективті сұрыптарын өндіріске енгізуге ғылыми негіз қалыптасып, селекциялық жұмыстарға арналған бастапқы материалдар қоры жасақталғанын атап өтті ведомстводағылар. 

Ғылымнан тәжірибеге енгізу

Бұған дейін қызғалдақтарды ғылыми зерттеу тобы өсіріп келген болса, осы жылы ботаникалық бақтың жұмысшы мамандары өсіріп шықты. Бұл ғылыми әзірлемелердің тәжірибелік деңгейде тиімді игерілгенін және технологиялардың тұрақты түрде өндірістік үдеріске енгізілгенін көрсетеді.

Нарыққа шығару жоспары

Ботаникалық бақта өсірілген қызғалдақтар жыл сайын наурыз айындағы мерекелік іс-шаралар аясында университеттің ардагер оқытушылары мен серіктестеріне табысталады. Сонымен қатар ғылыми жоба нәтижелерін коммерцияландыру бағытында өнімді нарыққа шығару мүмкіндіктері қарастырылған.

Университет ғалымдары қызғалдақ өсіру, жерсіндіру және селекциялау бағытындағы зерттеулерді кезең-кезеңімен жалғастырып, отандық гүл шаруашылығын дамытуға жүйелі түрде үлес қосуды көздейді.

Бүгін, 17:53

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью