Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Солтүстік Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, Мемлекет басшысының футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында «Qyzyljar» футбол клубының жекеменшік инвесторы ретінде Rare Metals Kazakhstan компаниясының өкілі, кәсіпкер Сергей Кан анықталған.
Инвестордың бастамасымен жаңа заңды тұлға — «Qyzyljar» футбол клубы» жеке мекемесі тіркелді. Бұған дейін жұмыс істеп келген «Кызыл-Жар СК» ЖШС мен жаңа жеке мекеме арасында барлық қажетті келісімдерге қол қойылған.
— Қазір футбол клубының облыс атынан республикалық жарыстарға дайындалып, қатысуын қамтамасыз ету мақсатында 2026-2028 жылдарға арналған мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп жатыр. Ол футбол орталығының негізгі және балалар-жасөспірімдер командаларын қамтиды. Осы аралықта мемлекеттік қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен азайту жоспарланған, — делінген басқарманың жауабында.
Мәселен, 2026 жылы клубқа 2 млрд теңге бөлу көзделіп отыр, оның 1,4 млрд теңгесі негізгі командаға, 559 млн теңгесі балалар футболына бағытталады. 2027 жылы жалпы қаржы көлемі 1,8 млрд теңге болса, ал 2028 жылы 1,7 млрд теңге бөлінбек. Бұл қаржының басым бөлігі негізгі команда мен жасөспірімдер футболын дамытуға жұмсалмақ.
— Сонымен қатар, инвестор жыл сайын кемінде 1 млрд теңге мөлшерінде жеке қаражат бөліп, клубтың қосымша шығындарын, оның ішінде легионерлерге қатысты шығындарды өтеуді жоспарлап отыр. Ал болашақта «Qyzyljar» футбол клубы толығымен инвестор қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады, — дейді басқарма өкілдері.
Бұған дейін Қызылорда билігі жекеменшікке өткен футбол клубын қаржыландыруды неге тоқтатпай отырғаны туралы жазған едік.