Қызылорда алаңындағы 14 жасар жасөспірімнің өлімі: отбасы әділдікті талап етеді

28.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Қызылордада құрдасының қолынан қаза тапқан 14 жастағы жасөспірімнің туыстары әділ тергеу жүргізуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға болған күні Нұрисламбек Раушанбек анасына көмектесу үшін орталық алаңға келген. Отбасы балалар көлігін жалға берумен айналысқан. Алайда сол жерде бәсекелестермен жанжал туындап, соңы жасөспірімнің өліміне әкеп соқты.

Марқұмның анасы Меруерт Танатованың айтуынша, көршілес жерде жұмыс істейтін кәсіпкер олармен үнемі бәсекелесіп, араларында бұған дейін де бірнеше рет кикілжің болған.

"Ол сол жерде күн сайын жалданып жұмыс істейтін, маған өзі келіп: "Тәте, оны мен сұқтым, тек анамды шақырмаңызшы, полицияға хабарласпаңызшы" деді. Кейін екі жігіт келіп, оны артынан желкесінен ұстап: "Не айтып қойдың? Ештеңе айтпа!" деді де, шетке алып кетті. Бұл бір күнде болған дүние емес. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанып, ушығып келген болатын", - деді Меруерт Танатова.

Анасының айтуынша, күдікті ұлының жанына келіп, оның көзінше баланың кеудесінен бұрауышты (отвертка) суырып алған. Нұрисламбек ауруханаға жеткізілгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Туыстарының айтуынша, клиенттер үшін таласқан кәсіпкер әйел мен оның жұмысшылары баланы бірнеше рет қорқытып-үркіткен. Ал 13 жастағы күдіктімен арадағы жанжал мың теңге үшін шыққан көрінеді.

"Мұндай жағдай үш-төрт рет қайталанды. Кінәлі бала жұмыс істейтін әйел біздің Нұрисламды ұрған болатын. Бұл жай ғана оқиға емес еді. Полиция да бұған мән бермеді. Біз әділдікті, тек әділдікті талап етеміз. Әлі оң-солын танымаған кішкентай баланың мұндай қадамға өз бетімен баруына сенбейміз. Мұның артында белгілі бір күштер тұр деп ойлаймын. Болған жайтқа ересектердің қатысы бар деп есептейміз", - деді марқұмның әпкесі Гүлсім Мұрат.

Аталған факті бойынша жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицияның мәліметінше, кәмелетке толмаған күдікті ұсталды.

"Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ кәмелетке толмаған күдікті облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар тергеу аясында кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерді орындамау фактісі бойынша да қылмыстық іс тіркелді", - деп мәлімдеді Қызылорда облыстық полиция департаменті.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью