Қызылорда Ақтөбе автожолы төрт жолақты болады

12.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Салтанатты рәсімге Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Негізінен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында заман көшіне ілесіп, дамудың даңғыл жолына түскен Сыр өңіріндегі оң өзгерістерге жоғары баға берді. Бұл тұрғыда алдағы уақытта  облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін бірқатар ірі жобалардың жүзеге асырылатынын жеткізген болатын. Оның ішінде «Бейнеу – Сексеуіл» бағытындағы жол құрылысына, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің «Қызылорда – Ақтөбе» бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасына ерекше тоқталып өткені көпке мәлім. Осы ретте Президент: «Жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын еліміздің, жалпы, көлік-транзит саласында зор мүмкіндіктері бар. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін стратегиялық бағыт», – деп алдағы бірегей жобалардың маңызына тоқталды.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі өңірдегі жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмысқа кеңінен тоқталып, Сыр халқын республикалық маңызы зор жол құрылысының басталуымен құттықтады.

«Биыл – еліміз үшін де, өңіріміз үшін де тарихи маңызды жыл болды. Аймағымызда өміршең жобалар жүйелі жалғасын тауып жатыр. Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауымен 2022-2025 жылдары аймағымыздағы 1 600 шақырым автомобиль жолы мен көшелерді, 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд  теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде, өңірде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Нақты айтқанда, жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 56 жобаға бюджеттен 37 млрд  845 млн  теңге қаралған. Бұл қаржыға 136 шақырым жол мен көпір өткелдері жөндеуден өтеді. Осындай жұмыстардың жарасымды жалғасы  ретінде бүгін аймағымыз үшін маңызы зор жобалардың бірі – «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы жолды төрт жолақтыға кеңейтудің бірінші кезеңін бастаймыз. Жүргізушілер мен жолаушыларға әрдайым ақ жол, сәт сапар тілейміз», – деді салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.

Аймақ басшысы «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы күре жолды төрт жолақты етіп кеңейту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретін маңызды жоба екеніне ерекше тоқталды. Бұл автожол алдағы уақытта аймақтың дамуына қызмет ететін ірі көлік дәлізіне айналатынына нық сенім білдірді.

Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев жобаға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді.

Жалпы, Мемлекет басшысы Қызылорда облысына 2023 жылғы 10 қазандағы жұмыс сапарында Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі автомобиль жолын төрт жолақты етіп қайта жаңғырту жобасының жобалау жұмыстарын жедел бастауды тапсырған болатын. Соған орай қысқа мерзімде демеушілердің қолдауымен 350 млн теңгеге техника-экономикалық негіздеме әзірленіп, 487 шақырым жол бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Аталмыш жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең бойынша ұзындығы 26 шақырымды құрайтын Қызылорда қаласының айналма жолы салынады. Ал екінші кезеңде Қызылорда қаласынан басталып, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының сыртынан айналып өтетін, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне қосылатын 462 шақырым жол салу жоспарланып отыр.

Жоба толық жүзеге асқанда  автодәліз бойында 11 көпір, 13 жол өткелі, үй жануарларына арналған 62 өткел және 399 су өткізгіш құбыр салыну жоспарлануда. Сонымен қатар жүргізушілер мен жолаушыларға арналған заманауи сервистік қызмет көрсету нысандары бой көтереді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деген жоспар бар.

Жалпы, автожолдың ІІ санаттан І санатқа ауыстырылуы көлік қозғалысын едәуір жеңілдетіп, жүк тасымалының тиімділігін арттырады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, ел экономикасының дамуына тың серпін беретініне сенім зор.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью