Қызылорда Ақтөбе жолы кеңейтіледі

31.01.2026

Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Көлік иелері халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізінің Қызылорда-Ақтөбе аралығындағы бөлігін кеңейтуді сұрап отыр. Екі жолақты тасжол көлік ағыны жүктемесін көтере алмайды. 

Мемлекет басшысы бесінші Ұлттық құрылтайда бұл бағытты ауқымды түрде жаңғырту жоспарланғанын мәлімдеді. Жол бірінші техникалық санатқа ауыстырылып, толық жөнделеді. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Күн сайын осы жолмен мыңдаған мынадай техника ары-бері ағылады. Жолдың сапасында мін жоқ, тақтайдай тегіс. Алайда ені тар. Алдыңдағы жүк көліктерін басып озу өте қиын. Мұндағы жүргізушілердің басты мәселесі осы қарсы келе жатқан көлікпен соқтығыспай, аман-есен өту.

«Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізімен күніне 10 мыңнан астам көлік жүреді. Жолаушы мен жүк тасымалы да еселеп артқан.

Былтыр Қызылорда мен Ақтөбенің арасындағы жолда 70 жол апаты тіркелді. 31 адам көз жұмып, 130-ы жарақат алды.

Нұркен Бақтияров, ПД Басқарма бастығының орынбасары:

- Жол-көлік оқиғаларына тікелей септігін тигізетін өрескел  құқық бұзушылықтар, яғни жолдың жүру бөлігінің қарсы бағытына шығу деректерін анықтау мақсатында, алдын алу мақсатында ұшқышсыз аппараттарды пайдалана отырып құқық бұзушылық деректері анықталуда. Сонымен қатар патрульдік полиция роталары әрбір көлік құралдарының жүргізушілерін тоқтатып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, брошюралар мен жадынамалар таратып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ескерту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп жатыр.

Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қызылордада өткен бесінші ұлттық құрылтайда арнайы тоқталған. Мамандар маңызды құрылыс биыл басталады деп отыр.

Жәнібек Сыздықов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Қазіргі уақытта техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес Қызылорда қаласынан айналма өтеді дедік қой, одан бөлек, мына Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының сырт жағынан 170 шақырымға жуығы солтүстік-батыс жағымен айналып өтеді. Төрт жолақты болады, бірінші «б» категориясына сәйкес. Жол бойында жаңағы демалыс алаңдары, көпірлер, өткелдер толығымен қаралды. Жалпы құны 880 миллиардтың жобасына келіп тұр, 514 шақырымды құрайды.

Күре жолды кеңейту жобасын үш жыл ішінде толық аяқтау жоспарланған. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью