Қызылорда билігі жекеменшікке өткен футбол клубын қаржыландыруды неге тоқтатпай отыр

22.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Kazinform тілшісінің осы мәселеге байланысты сауалына облыстық спорт және туризм басқармасы жауап берді.

Президент тапсырмасына сәйкес «Қайсар» футбол клубы 2025 жылы 30 қазанда жеке басқаруға берілді. Клубтың жаңа иесі — жергілікті кәсіпкер Исламғали Қозбақов.

— Клубты коммерцияландыру бағыты аясында инвестормен келісім жасалып, бірқатар нақты талап қойылды. Атап айтқанда, инвестор халықаралық стандарттарға сай заманауи футбол академиясы мен оқу-жаттығу базасын салуды өз міндетіне алды. Академияда футболшыларға арналған медициналық орталық, 8 ашық футбол алаңы, жабық манеж болады. Сырттан келетін командаларға арналған қонақүй салуы тиіс. Инвестор клубты дамытудың бекітілген стратегиялық жоспарын толық орындауға міндетті. Осы талаптар орындалған жағдайда клубты қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру тиісті мерзім аяқталғанға дейін қарастырылады, — делінген ведомство жауабында.

Футбол клубын қаржыландыруға былтыр облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. 2026 жылғы көрсеткіш — 995 млн теңге. Басқарма басшылығы мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын кезең-кезеңімен қысқартылатынын мәлімдеді. Тиісті мерзім аяқталғасын клуб өзін-өзі толықтай қаржыландырады деп жоспарланып отыр.

— 2025 жылы ресми түрде ашылған 11 мың орындық Kaysar Arena стадионы сенімгерлік басқаруға берілді. Инвестор тарапынан алдағы екі жыл ішінде футбол академиясын салуға 16 млрд теңгеден астам жеке қаражат бағытталады. Негізгі команданы жасақтауға, сондай-ақ стадионды пайдалану мен күтіп-ұстауға жыл сайын 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, бұл инвестиция көлемі алдағы жылдары кезең-кезеңімен ұлғайтылады, — делінген хабарламада.

Басқарма осы орайда «Қайсар» футбол клубы Қазақстан Республикасының өткен жылғы Премьер-лигасында турнирлік кестеде 11-орынға тұрақтап, легионерлерсіз-ақ лайықты әрі бәсекеге қабілетті нәтижелер көрсеткенін қаперге салды. Бұл бастама отандық футболды жүйелі түрде дамытуға, жергілікті таланттарды қолдауға, кәсіби басқару қағидаттарын енгізуге және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға бағытталған маңызды әрі стратегиялық қадам болатынына сенім білдіріп отыр. 

Айта кетейік, бұған дейін «Қайсар» футбол клубының бақылау кеңесі жасақталды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью