Қызылорда облысында ақбөкеннің жаппай ағылуы қалыпты жағдай ма

09.02.2026

Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Өндірістік бірлестік өкілдігінің қорғау аймағы — Қызылорда, Ұлытау және Түркістан облыстары. Басты мақсат — далалық жерді мекендейтін аң-құсты қорғау, табиғат заңнамасын бұзу деректерін анықтау және браконьерлік қылмыстың алдын алу.

Инспекторлар өткен жылғы 24 желтоқсаннан бастап Ұлытау облысы Ұлытау ауданының Қоскөл ауылдық округі аумағынан Бейнеу-Жезқазған теміржолының бірнеше бекеті арқылы Қызылорда облысының Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарына киіктің жаппай қоныс аударып, шоғырланғанын растады.

— Киік, ақбөкен аңдарының арасында Қызылорда облысында тұрақтайтыны өте аз. Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе облыстарын мекендейтін олар қыс мезгілінде қар қалың жауып, қорек таппаған соң жайылым іздеп осында келеді. Бұл — табиғи заңдылық. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада киіктердің әлсірегені туралы жазылды. Бұл да алаңдайтын нәрсе емес. Қарашадан желтоқсанға дейін киіктердің күйлеу кезеңі өтеді. Бұл уақытта көбінесе аталықтары әлсіреп, күш-қуаты қалмайды. Қызметкерлеріміз Арал ауданына барып, аң айдау, оларға жем шашу жұмысын жүргізді. Қазіргі күні аталықтары әлденіп алды, — деді Расул Маханов.

Фото: Охотзоопром Қызылорда филиалы

Филиал қызметкерлері Арал ауданының аумағынан әр жерден, қар астынан 12 бас киік аталығының өлексесін тапқан. Былтыр 463 аң өлексесі залалсыздандырылған болатын.

— Бүгінде елімізде үш популяцияда 3 млн 978 мың киік тіршілік етеді. Орал популяциясы — 2 млн 300 мың, Бетпақдала популяциясы — 1 млн 600 мың, Үстірт популяциясы — 78 мың. Киік саны он жыл шамасында 40,4%-ға көбейген. Бұл — былтырғы санақ қорытындысы, санақ киік төлдейтін сәуір, мамыр айларында жүргізілгенін ескеруге тиіспіз. Біздің есебімізше, Сыр өңірінде 60-65 мыңдай бас киік бар. Оның 30 мыңнан астамы Арал ауданының аумағында шоғырланған. Киік — тез көбейіп, тез азаятын аң. Қыс қатты, қар қалың болған 1992 жылы киіктер көптеп қырылған көрінеді. Саны тіпті 15 мыңға дейін түсіп кеткен деген дерек бар. Жиырма жылдан астам уақыт көбею тенденциясы байқалды. 2013 жылы еліміздің солтүстік бөлігінде қайтадан аурудан қырылып қалды. Кейін тағы көбейе бастады. Миграция жолымен кезінде киік Қызылорда облысы арқылы Өзбекстанға өтіп кеткен жағдайлар болған, — деді филиал басшысы.

Фото: Охотзоопром Қызылорда филиалы

Былтыр шілде-желтоқсан айлары аралығында Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Ұлытау және Қарағанды облыстарының аумағында киік санын реттеу жұмысы жүргізілді.

Мамандар мұның себебін сайын дала сұлуының көбеюімен байланыстырады.

— Көктемнен бастап киік егістік алқаптарын таптап кетеді. Егінмен айналысатын шаруа қожалықтарының өкілдері «егінге түседі, еккенімізді тып-типыл етеді» деп шағымданады. Түгендеу жұмысы осындай өтініш негізінде қолға алынған. Киікті жоюға «Охотзоопром» мекемесі қызметкерлерінің қадағалауымен аңшылар жалданды. Нәтижесінде былтыр табиғи ортадан 196 210 бас киік алынды. Олардың еті ет комбинаттарына өткізілді. Ал мүйізі «Охотзоопром» мекемесінің Алматы қаласындағы сақтау орнына жиналды. Әрқайсысының тұсына реттік саны қойылған, арнайы температурада сақтаулы тұр. Мүйізді фармацевтикалық мақсатқа пайдалану бағытында Үкімет іс-шаралар жүргізіп жатыр, — деді Расул Маханов.

Фото: Охотзоопром Қызылорда филиалы

Киік, ақбөкен жойылып кету қаупі төніп тұрған аң саналады. Бірақ саны көбейгесін 2023 жылы бұл тізімнен алынды.

Дегенмен, түз еркесін атқаны үшін елімізде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. «Охотзоопром» филиалының қорғау аймағында иснпекторлар өткен жылы 17 қылмыстық деректі анықтаса, биылдыққа 2 браконьерді қолға түсірген. 

Бұған дейін біз Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық сотында жергілікті тұрғынның киік мүйізін заңсыз иемденіп, сақтағаны үшін үкім шыққанын жазғанбыз. 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью