Қызылорда облысында кенеге қарсы өңделетін елді мекендер саны азайды

09.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Қызылорда өңірі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошағында орналасқан. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері санитариялық-профилактикалық, дайындық шаралары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Облыс әкімдігінің 2026 жылғы 13 ақпандағы № 25 қаулысына сәйкес кенеге қарсы өңделуі тиіс 74 елді мекеннің тізімі есепке алынды. Ал былтыр қолайсыз елді мекендер саны 111 болатын. Дәріленетін аумақтар Арал, Жаңақорған және Шиелі аудандарында көптеп тіркеліп отыр.

— Жануарларды, мал қораларын, суат-шаңлақтарды мердігерлер өңдесе, Ұлттық сараптама орталығы облыстық филиалының мамандарынан жасақталған бригадалар елді мекендердің айналасында санитариялық қорғаныш аймағын құрумен айналысады. Көктемгі эпидемиологиялық маусым алдында аумақтың эндемиялылығын анықтау, қоздырғыштың айналымын бақылау мақсатында арнайы жылжымалы зоологиялық-паразитологиялық топ жасақталып, зертханалық зерттеуге кене жинап жатыр. Биыл 3 айда барлау жұмысы барысында 6656 кене жиналды. Оның 3904-і табиғаттан, 1624-і жануарлардан, 1128-і елді мекендерден жиналып, зерттеуге жіберілді. Жыл басынан бері кене шағу жағдайымен 21 адам медициналық көмекке жүгініп, 14 күнге медициналық бақылауға алынды. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы тіркелген жоқ, — деді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова.

Департамент өкілдері эпидемиологиялық маусым алдында тұрғындарға ауа райының жылынуына байланысты табиғатқа демалысқа шыққанда, егіндікпен, мал шаруашылығымен айналысу, балық аулау кезінде немесе далалық жағдайда еңбекпен шұғылданғанда кенеден барынша сақтануға шақырды.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында күн жылынғалы бері кене шаққандар саны көбейгенін жеткізген едік.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью