Қызылорда облысында құны 2 трлн теңгеге жуықтайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

30.10.2025

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

АСТАНА, 30 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Ақорда.

Президенттің аймаққа сапары "Қорқыт ата" халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды. Содан кейін Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әлеуметтік- экономикалық дамуы жөнінде есеп берді.

Аймақ басшысының айтуынша, соңғы 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артты. Биыл 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспарланған. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі 70 пайызды құрайды.

"Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда аймақта құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы құны 302 миллиард 500 миллион теңге болатын 27 нысанды іске қосу жоспарланған. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілді", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар президентке Қызылорда облысының инвестициялық жобалары таныстырылды. Олардың қатарында Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар өндірісі және басқа да жобалар бар.

Мемлекет басшысы алға қойған жоспарларды уақтылы және сапалы іске асырудың маңызы жайында айтты. Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью