Қызылордада Анаға тағзым ІІІ Республикалық форумы өтті

08.10.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Бүгін Қызылордада ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сыр өңірінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шараның биылғы тақырыбы – «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды».

Форумның негізгі мақсаты – қазақы тәрбие мен заманауи технологияларды ұштастыра отырып, саналы, жауапкершілігі мол әрі цифрлық сауаты жоғары ұрпақ тәрбиелеудегі ананың рөлін күшейту, ұлттық құндылықтарды сақтаудың жаңа тетіктерін талқылау және қазіргі қоғамдағы ананың орнын айқындау.

Іс-шараға Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, ғалым, биотехнолог, «QazVac» авторы, «Құрмет» орденінің иегері Күнсұлу Закария, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, Ұлттық комиссияның және Халық кеңесінің мүшесі, «Аналар кеңесі» қоғамдық ұйымының төрайымы Назипа Шанаи, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Света Айтбаева мен Мәдина Садуақасова, сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінен арнайы келген делегаттар қатысты.

Форумның пленарлық отырысында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев сөз сөйлеп, қоғамдағы аналардың рөлін ерекше атап өтті. Ол отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ана мәртебесін арттыру және бала тәрбиесіне қатысты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына тоқталды.

Пленарлық отырыста отбасы мен қоғамның дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Спикерлер отбасы саясаты, ана мәртебесін арттырудың маңызы, ғылым мен ана өнегесі, зияткер ұрпақ тәрбиелеудегі тәлім мен тәжірибе туралы баяндамалар жасады.

Форумның секциялық отырыстары Достық үйінде және «Анаға тағзым» орталығында бес бағыт бойынша өтті. Олар «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы: цифрлық дәуірдегі ананың жауапкершілігі», «Аналар үні: қоғамды ұйыстыратын парасат пен өнеге», «Отбасы мен мансап үйлесімі: жауапкершілік пен жетістік», «Кәсіпкерлікті қолдау: жаңа мүмкіндіктер мен заманауи бағыттар» және «Салауатты ана, сау бала: денсаулық мәдениетін қалыптастыру» тақырыптарына арналды. Бұл отырыстар анаға қатысты мәселелерді тәрбие, отбасы, қоғам, кәсіпкерлік және денсаулық салаларымен сабақтастыра қарастыруға мүмкіндік берді.

Форум аясында еліміздің әр өңірінен келген қонақтар Қызылорда қаласының әлеуметтік және мәдени нысандарымен танысып, жергілікті креативті кәсіпкерлер мен қолөнершілердің жұмыстарын тамашалады.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью