Қызылордада Көрісу күніне орай ерекше Бауырсақ пати ұйымдастырылды

14.03.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Сыр өңірінде жаңару мен берекенің нышаны саналатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған «Наурызнама» онкүндігі басталды. Өңірде дәстүрге айналған мерекелік шара 14 наурыз – Көрісу (Амал) күнімен бастау алды.

Негізінен Көрісу күні – халқымыздың ежелден келе жатқан салттарының бірі. Бұл күні адамдар бір-бірімен қауышып, өткенге өкпе-назын ұмытып, жаңа жылды татулық пен берекемен қарсы алуға қадам жасайды. Сондықтан бұл мереке ынтымақ пен бірлікті нығайтуға бағытталған рухани құндылық ретінде бағаланады.

Сыр бойындағы биылғы мереке өзгеше сипатта өрнек тапты. Мерекелік мерейлі сәтте  Қызылорда қаласындағы Aray City Mall ойын-сауық орталығында Қызылорда облыстық филармониясының ұжымы «Көктеммен келген көрісу» атты мерекелік концерт ұйымдастырды. Мерекелік шарада қала тұрғындары, жастар мен қонақтар ұлттық өнерді ұлықтап, ерекше сезімге бөленді. Шара барысында филармония әншілері мен өнерпаздары халық әндерін ұлттық нақышта орындап, әуезді ән мен күмбірлеген күй жиналған жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады. 

Мерекелік шара барысында көпшілікке арналған ерекше – «Бауырсақ пати» ұйымдастырылды. Онда қала тұрғындары мен қонақтарына ұлттық дастарқан жайылып, бауырсақ пен өзге де дәстүрлі тағамдар ұсынылды. Халықтың бір-бірімен амандасуы, көрісуі, ақжарма тілектерін айтып, ізгі ниеттерін білдіруі көрініс тапты. Шара барысында жылы жүздесулер мен шынайы тілектер Амал мерекесінің мән-мағынасын кеңінен айшықтай түсті.

Сыр өңірінде ұйымдастырылған мереке ұлттық дәстүрді дәріптеп, жастарға ұмыт бола бастаған ата-баба салтын қайта жаңғыртуға бағытталды.  Бұл  Наурыз мейрамының тәрбиелік мәнін одан әрі  арттыра түскендей әсерге бөледі.

Жалпы, «Наурызнама» онкүндігі аясында облыс көлемінде мәдени, танымдық және қайырымдылық бағытындағы түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады. Оның ішінде ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мерекелік концерттік бағдарламалар, көрмелер, кездесулер мен халықтық дәстүрге негізделген шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ 
Қызылорда облысы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью