Қызылордада Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

05.11.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Бүгін Қызылорда қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді талқылау және оның негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының бірқатар кездесулері өтті.

Алғашқы кездесу "Достық үйінде" зиялы қауым, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ұйымдастырылды. Басқосуға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Мұрат Әбенов, Жанар Бимұратқызы, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы және облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.

Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігі, қоғамдық келісім мен азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктері, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бағытында пікір алмасты. Қатысушылар өңірдің өзекті мәселелерін ортаға салып, оларды шешу жолдары жөнінде ұсыныстарын білдірді.

Келесі кездесу "Қызылорда электр тарату тораптары компаниясында" энергетика саласының ардагерлері мен жұмысшы мамандарының қатысуымен өтті. Жиынға Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мейрамбек Жұмашев, Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров және облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов қатысты.

Суреттер: Қызылорда облысы әкімдігі

Мұнда энергетика саласының қазіргі жағдайы, өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту, саладағы мамандардың еңбек жағдайы, кадрлық әлеуетті арттыру және энергетикалық жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері кеңінен сөз болды.

Сондай-ақ сала ардагерлері мен жұмысшы мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, өндіріс барысында кездесетін мәселелер мен оларды шешу жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде республикалық топ мүшелері көтерілген мәселелерге қатысты пікір білдіріп, саладағы өзгерістер мен алдағы міндеттерге тоқталды.

Жалпы, кездесулер ашық пікір алмасу форматында өтіп, әр сала өкілдерін толғандырған мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін назарға алды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының өңірдегі жұмысы жалғасуда. Алдағы уақытта топ мүшелері кәсіпкерлермен, білім саласының өкілдерімен және аудан тұрғындарымен кездесіп, Жолдауда көтерілген мәселелер төңірегінде ашық пікір алмасатын болады.

Қызылорда облысы әкімдігі ұсынған материал

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью