Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Комиссиялар қазіргі күні кестеге сәйкес, демалыссыз жұмыс істеп жатыр.
— Референдум өткізуге дайындық қызу. Учаскедегі комиссия мүшелері QR белгісі бар А4 форматтағы 492,5 мыңнан астам жеке шақыру қағазын таратып бітті. Учаскенің мекен-жайы мен телефон нөмірі көрсетілген 6340 ақпараттық плакат 1682 көпқабатты үйдің кіреберісіне ілінді. Дауыс берушілерге өз учаскесін оңай табу үшін облыста 4 арнайы платформа жүзеге асырылды. «Өзіңді дауыс берушілер тізімінен тексер» платформасы, referendum.orda.gov.kz және Telegram арнасында t.me/referendumKzo_bot боты жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге 109 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығы, қала және аудан әкімдіктерінің жанындағы сall орталықтар белсенді түрде қызмет көрсетеді. Азаматтар үшін учаскені анықтау қызметі бар арнайы «Smart Қызылорда» мобильді қосымшасы іске қосылды, — деді комиссия төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.
Дауыс беруші азаматтарды уақытша тіркеумен айналысатын 5 учаске және азаматтардың қай учаскеге тіркелгенін онлайн форматта айқындайтын 187 учаске дайындалды.
— Қазіргі таңда 1 пайыз резервімен дауыс беруге арналған 497 449 бюллетень басуға жіберілді. Бюллетеньді облыстық полиция департаментінің қызметкерлері күзетіп тұр. Олар дайын болған референдум бюллетеньдерін барлық ауданға жеткізу үшін де сүйемелдейді. Бюллетеньдер референдум аяқталғаннан кейін сол күні облыстық мекемелер үйіндегі арнайы жабдықталған сақтау қоймасына жеткізіледі. Заңға сәйкес дауыс беру аяқталғаннан кейін учаскелер 12 сағат ішінде дауыс санау процесін жүргізеді. Бұл әрекеттерді аккредиттелген байқаушылар мен БАҚ өкілдері тіркелу арқылы көре алады, — деді комиссия төрағасы.
Айта кетейік, облыста денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың өз құқығын пайдалануына жағдай жасалып отыр.