Қызылордада Сырдария арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің капсуласы салынды

28.08.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Қызылордада Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа жаяу жүргіншілер көпірі салынады. Айтулы нысанның капсуласын салу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жаңа көпір Қызылорда қаласындағы «Астана» шағын ауданын Президент саябағымен байланыстырады. Осылайша, Сырдарияның қос жағалауын жалғайтын нысан қала тұрғындарының қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, шаһардың сәулеттік келбетін айшықтайтын маңызды инфрақұрылымдық нысанға айналғалы тұр.

Шара барысында облыс әкімі жаңа көпір құрылысының Қызылорданың көлік және қоғамдық инфрақұрылымын дамытудағы маңызына тоқталды.

«Жаңа көпірдің құрылысын тәжірибесі мол «Әлем Құрылыс» компаниясы жүргізеді. Нысанның ұзындығы – 319,4 метр, ені – 12 метр. Жобаның жалпы құны 13 млрд теңгеге жуықтайды. Көпірде ені 3 метр жаяу жүргіншілер жолы және әрқайсысының ені 1,5 метр болатын екі веложолақ қарастырылған. Орайлы сәтте ел дамуы, тұрғындарымыздың жайлы тұрмысы мен өскелең ұрпақтың жарқын болашағы жолындағы өрелі жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!» – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Аймақ басшысы өз сөзінде өңірде атқарылып жатқар ауқымды жұмыстарға тоқталып өтті.

Жалпы биыл Қызылорда қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 38 млрд теңге бағытталып, 23 жоба жүзеге асырылуда. Оның аясында 71 көше күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтуде.

Қаладағы ірі жобалардың бірі – «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы оңтүстік магистралды канал арқылы өтетін жаңа көпір құрылысының дп өңір үшін маңызы зор. Нысан толық аяқталғаннан кейін бұл аумақтағы көлік қозғалысы реттеледі деп жосппрланғпн. Сонымен қатар Торайғыров көшесінен «Қызылорда-Құмкөл» автожолына дейінгі Сағымбаев көшесін қайта жаңғырту жұмыстары да аяқталуға жақын. Жаңа көпір мен жаңартылған Сағымбаев көшесі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды байланыстыратын заманауи көлік қақпасының қалыптасуына мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қаладағы Назарбаев даңғылы мен негізгі көшелер жаңғыртылып, Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Есенов көшелері кеңейтілді.

Сол сияқты «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Президент саябағы жаңғыртылып, оның аумағында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында автожол мен автотұрақ салынды.

Сырдария жағалауын абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Соның негізінде өзеннің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары күшейтіліп, жағалау бойына екі жолақты жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынуда.

Қаланың осы аумағында әлеуметтік және туристік нысандардың да қатары артып келеді. Жыл бойы қызмет көрсететін «Ай-Керім» оқу-сауықтыру орталығы ашылып, оның жанынан Ботаникалық бақ пайдалануға берілді. Осы арқылы жасыл желектің бірегей түрлерін көбейту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік бар.

Президент саябағына жақын аумақта тоғыз қабатты 15 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Сонымен бірге мұнда бес жұлдызды қонақ үй, «Ibis» қонақ үйі және 200 орындық перинаталдық орталық бой көтеруде.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Президенттік кітапхана мен драма театрдың да іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы жаңа көпірдің салынуы Сырдарияның екі жағалауы арасындағы жаяу және велосипед қатынасын жеңілдетіп, тұрғындар үшін жаңа серуендеу бағытын қалыптастырады деп күтілуде. Ең бастысы, көпір Қызылорданың заманауи сәулеттік бейнесін толықтыратын жаңа нысандардың біріне айналатын болады.

Капсула салу рәсімінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектестік білдірді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью