Қызылордалық аңшылар еті де, терісі де жарамсыз шибөріні неге атып жатыр

09.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Kazinform тілшісінің зерттеуінше, бұған облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жолдаған хат себеп болған. Хатта кейбір елді мекендерде жыртқыштың қаптап кеткені, қауіптің алдын алу қажет екені келтірілген.

– Ақпан айында Жаңақорған ауданы тұрғынының құтырма ауруына күдікпен ауруханаға түскені, облыстық ветеринария басқармасынан Сырдария ауданында мүйізді ірі қарадан құтырма ауруына күдікті дерек тіркелгені туралы хабарлама түсті. Осыған орай ошақтарда толық індетке қарсы профилактикалық шаралар жүргізілді. Күдікті науқас пен малдан лабораториялық зерттеу үшін құтырма ауруына байланысты материалдар алынып, Жаңақорған ауданы бойынша нәтиже теріс болып шықты. Сырдария ауданындағы жәйт анықталып жатыр, - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Гүлмира Сыздықова. 

Эпидемиологиялық зерттеу барысында Жаңақорған ауданының елді мекендерінде шибөрілердің шамадан тыс көбейіп кеткені анықталды. Қызылорда облысы құтырма ауруының табиғи ошағы, ал жабайы жыртқыштар аурудың көзі екенін ескерген ведомство облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен құзыретті органдарға жабайы жыртқыштардың санын реттеуді ұсынған. Осыдан кейін жыртқыштың санын реттеп, құтырма ауруының алдын алу үшін жұмысшы топ құрылды. Орман және жануарлар дүниесін қорғау бағытында жұмыс істейтін мекемелер жүргізген рейд шаралары нәтижесінде 13 қаңтардан бері 444 шибөрі ауланды. Оның басым бөлігі Жаңақорған, Жалағаш және Қазалы аудандарына тиесілі.

– Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті барлық облысқа, соның ішінде Қызылорда облысына белгілі бір мөлшерде қасқыр мен шибөрі аңдарын реттеуге лимит бөледі. Басқармаға қарасты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі мекемесі жыртқыштан бастап әуесқойлық негізде атылатын басқа да аңдардың санағын жүргізеді. Ол көбейіп кеткен жағдайда басқармаға хабарлайды. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш қалдырып, рұқсат иеленген жергілікті әуесқой аңшылар лимитке сәйкес оны тегін атуға рұқсат алады. Біздің тәжірибемізде мұндай жағдай екінші рет кездесіп тұр. Былтыр Жаңақорған ауданының бірнеше ауылында шибөрілер малға шабуылдап, ауру жұқтырған болатын, - деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы Күндібай Қыстаубаев.

Жабайы жануарлар арасында құтырма ауруын адамдарға жұқтырудың негізгі көзі – осы шибөрі. Халықтың «малға шапты» деп, жыртқыштың қаптап кеткеніне алаңдайтыны содан. Оның терісі де, еті де пайдаға асыруға келмейді. Сондықтан өлексені тек өртеп жіберуден басқа амал жоқ.

Айта кетейік, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жыл мен 2026 жылдың 15 ақпаны аралығында Қызылорда облысына 109 128 жануарлар дүниесі объектісін алып қою лимитін бекітті. Оның ішінде қабан, түлкі, қоян, борсық, қаз, үйрек, қасқалдақ, қырғауыл сияқты аң-құстар бар.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью