Қызылордалық ұстаз екі мыңдай жәдігерді 50 чемоданға жинаған

19.04.2026

Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Музейден тарихы 200 жылдан асатын арба, қамыстан жасалған сандық, сиялы қалам, майшам, мектептің алғашқы қоңырауы, Кеңес Одағы кезіндегі оқушы партасы мен портфелі, облыстың ең алғашқы телефон анықтамалығы, ұлттық бұйымдар, музыкалық аспаптар, ыдыс-аяқ сияқты көптеген көненің көзін табасыз. «Музей апа» атанып кеткен 75 жастағы ұстаз мұның барлығын жинауға жарты ғасырдан аса уақыты мен жалақысының тең жартысын жұмсаған.

Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

- Арбаны атқа да, түйеге де, өгізге де жеккен. Кемінде 200 жыл болған. Киізден басылған жайнамаз бар, оны үлкен музейлерден таппайсыз. Алаш арыстары Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин ұстаған портфельдермен танысуға болады. Қазақстанның Халық артисі, кино және театр қайраткері Әмина Өмірзақованың «Тақиялы періште» фильмінде тартқан шәлісі тоқылған аппаратты Орынбордан алып келдім. Қай жерге барсам да құр қол қайтпаймын. Ерекше, ескі дүниені көрсем, сатып аламын. Бұлардың ішіндегі ең қымбаты – арба. Ұлым сатып әперді. Оны мұнда жеткізудің өзі мұң болды, - деді Күләш Алматшаева.

Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Музей меңгерушісі қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың суреті кестеленген кілемшені қалай тапқанын айтып берді.

- Оқушыларымыздың бірінің анасы туысының үйіне қыдырып барған. Еденге осы кілемшені төсеп тастапты. Үй иелері онда кім бейнеленгенін білмейді екен. Ол тарихи тұлғаны аяқасты етуге болмайтынын айтып, маған жеткізіп берді. Жуып, әрең тазарттым, - деді ол.

Жәдігерлер салынған 50 чемоданның ең ескісі 1941 жылы Алматыда жасалған. Кейіпкеріміз «Чемодандағы музеймен» талай көрмеге қатысып, олжалы қайтқан.

Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

- Ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған көрмеде еліміздің 19 қаласынан келген коллекционерлер арасынан озып шықтым. Қарасаздағы көрмеге жәдігерлерді қапқа салып апарғанмын. EXPO-ға да солай жеткізуге тура келді. Бірақ бұдан бұйым зақымдалуы мүмкін. Сөйтіп жүргенде енемнің чемоданын пайдалану туралы ой келді. Ол кейін менің визитті карточкама айналды. «Чемодандағы музеймен» қаланың бүкіл мектебін аралап, оқушыларға таныстырғанмын. 2018 жылы әлеуметтік идеялар және жобалар жәрмеңкесіне қатысып, осы жобаның арқасында жеңімпаз болып, 10 млн теңге сыйақы ұтып алдым, - деді кейіпкеріміз.

Фото: Назерке Саниязова/Kazinform

Коллекционер ұстаз орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек еткен. Одан бөлек, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кәсіподақ, мектептегі партия ұйымының басшысы, қалалық комитет бюросының мүшесі, мектеп директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған. Облыстық және республикалық деңгейдегі бірқатар марапаттың иегері. Мектепте жарты ғасырдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Әлі күнге жанының қалауы болған жұмысынан қол үзген жоқ.

Бұған дейін біз Орталық Азиядағы ең ескі әуежай Қызылорда облысы Қармақшы ауданың Жосалы кентінде болғаны туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ Ақтөбеде аудандағы жәдігерлер қалай сақталғаны туралы жаздық.

Фото: Назерке Саниязова/Kazinform Фото: Назерке Саниязова/Kazinform Фото: Назерке Саниязова/Kazinform Фото: Назерке Саниязова/Kazinform Фото: Назерке Саниязова/Kazinform Фото: Назерке Саниязова/Kazinform Фото: Назерке Саниязова/Kazinform Фото: Назерке Саниязова/Kazinform Фото: Назерке Саниязова/Kazinform
Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью