“Қызым, сен батырсың“. Нұрғиса Тілендиевтің қызы әкесі, оның достары, естеліктер мен музыка туралы

15.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..

Қазақтың аса көрнекті дирижері әрі композиторының қызы Дінзухра (Динара) Тілендиева өз үйіне келді. 

Дәлірек айтқанда, кеңестік тұрғын үйлерге тән емес жоспармен салынған бұл кең әрі жарық пәтер бұрын оның үйі болған. Бірақ кейінгі 12 жылдан бері бұл мұражай - әкесі Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі.

Пәтер Алматының ескі орталығындағы бес қабатты үйде орналасқан.

- Мұнда келмегеніңізге көп болды ма? - деп сұрадым мен табалдырықтан аттай бере.

- Иә, біраз уақыт болды. Сағынып та қалыппын. Өзім туып-өскен туған шаңырағым ғой.

- Сағынасыз ба?

- Сағынамын. Әдеттегідей терезеден сығалап, аулада не болып жатқанына қарағым келіп тұрады.

Динара осы сөзді айтқанда, расымен терезеге үңілгісі келгендей қозғалды. 

- Достарыңыз әлі де сол аулада жүр ме екен? - деп мен сағынышқа толы әңгімені іліп әкеттім.

- Иә, иә. Инструменттің алдында отырғаным есімде, - Динара 1930-жылдары жасалған ескі пианиноны көрсетті. Бұл ерекше пианино, оның пернелерінің әр жерінде темекі күйігінің іздері бар - бұл туралы кейінірек айтамыз.

- Ал терезенің астында достарым асыр салып жүретін, - деп жалғастырды Динара. - Мен болсам, "қашан бітіремін, мына шығарманы қашан жаттап болып, олармен ойнауға шығамын" деп терезеге телміріп отыратынмын.

Дәліздегі тумбочканың үстінде ерекше сәнді жалбыз түсті винтаж дискілі телефон тұр.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Бұл - дизайнерлік шешім емес, нағыз жәдігер. Тілендиевтер отбасы осы телефонмен сөйлескен - мен мұны арнайы нақтылап сұрадым:

- Достарыңызбен осы телефон арқылы сөйлесетін бе едіңіздер?

- Әрине, - деп растады Динара. - Айтпақшы, бұл менің ең жақсы көретін телефоным. Түсі де өзіме қатты ұнайтын, ашық түсті. Иә, біз оны жиі пайдаланатынбыз...

Ресми тілмен айтқанда, мұражайда үш мыңға жуық жәдігер бар. Бірақ келушілер үшін жәдігер саналған бұл заттар Тілендиевтер әулеті үшін - отбасылық тарихтың бір бөлшегі. Жиһаз, ыдыс-аяқ, сағат, көзілдірік, кітаптар - мұның бәрін Нұрғиса Атабайұлы өмір бойы пайдаланған. Олар бұл жерден 2013 жылы көшіп кеткен, ал 2014 жылы пәтер мұражайға айналған.

Бірақ бұл істің жүзеге асуына 15 жыл қажет болды. Нұрғиса Тілендиев 1998 жылы дүниеден өткен еді.

Ол ұзаққа созылған дерттен кейін 15 қазанда бақилық болды.

Қайтыс болғанына 28 жыл толуына байланысты қызы Динарамен сөйлескенімде, мұражай ашу туралы шешімді кім қабылдағанын сұрадым.

Динара Тілендиева (сол жақта) мұражай қызметкерімен және әріптесімен сөйлесіп тұр. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

- Әкем көзі тірісінде анама бұл пәтер кейін мұражай болуы керек екенін айтып кеткен екен. Әкем 98 жылы кетті. Содан бері анам бәрін қалай сақтағанын елестетіп көріңізші. Қарасаңыздар, жиһаздар, қолжазбалар, партитуралар - бәрі сол күйі сақталған.

Расымен - барлығы түпнұсқа және өте жақсы күйде. Кезінде кеңестік сәннің шыңы болған және үй шаруасындағы әрбір әйелдің арманы саналған "Мадонна" сервизі де 65-тен астам адамға арналған толық жиынтығымен тұр.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Нұрғиса Атабайұлының жары Дариға апай барлық затқа өте ұқыпты қараған.

- Анам бұл пәтер мұражай болу үшін көп еңбек етті, - деп еске алады Динара. - Әрине, бәрі бірден бола қойған жоқ, өйткені өздеріңіз білетіндей, ол кезде заман қиын еді, мұндай істерге уақыт та, мүмкіндік те бола бермейтін.

Егер бұл Нұрғиса Тілендиевтің көзі тірісіндегі аманаты болса, демек ол өзінің қазақ музыкасының дамуына қосқан үлесін, маңыздылығын сезінген бе? Өзінің тарихи тұлға екенін түсінді ме?

- Иә, ол мұны жақсы түсінді, - деп растады қызы, - бірақ ол ешқашан паңданып, кеуде керген емес.

- Ал әкеңіз өзінің танымалдылығына қалай қарайтын? Осындай деңгейдегі адамдар не сезінетіні әрқашан қызық.

Нұрғиса Тілендиев өз дәуірінің нағыз жарық жұлдызы болды. Дегенмен, мұнда біраз түсініктеме қажет. Сондықтан Динараны жүрегіне ыстық заттарды тамашалауға қалдырып, біз басқа уақыт пен басқа кеңістікке сапар шегейік.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

80-жылдардың басында Тілендиев "Отырар сазы" оркестрін құрды. Ол бұған дейін ансамбль ретінде болған еді. Ал сол кезде Қазақстанда алғаш рет қазақтың дәстүрлі аспаптары жаңаша үн қосқан фольклорлық-этнографиялық оркестр пайда болды. Домбыра мен қобыз ғана емес, сыбызғы, сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ, үш ішекті домбыра күмбірледі. Бұл Отырар қалашығындағы қазба жұмыстары кезінде табылған, қайта жаңғыртылған көне аспаптар еді - бұл жобаға этнограф Болат Сарыбаев атсалысты.

Оркестр Нұрғиса Тілендиевпен бірге тез арада зор танымалдылыққа ие болды. Дүркіреп гастрольдерге шығып, күніне 2-3 концерт берген кездері болды, билет табу мүмкін емес еді, шетелдіктер де олардың өнерін тамашалауға асығатын.

"Отырар сазының" қазіргі құрамында аңыз дирижермен бірге жұмыс істеген әртістер бар. Домбырашы Салтанат Бөленова ол кезді "ең бақытты шақ" деп атайды - оны оркестрге Нұрғиса Тілендиевтің өзі қабылдаған.

Салтанат Бөленова, домбырашы, "Отырар сазы" оркестрінің әртісі, дайындық кезінде. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Сіз сол кезде ол қандай адам екенін білдіңіз бе? - деп сұрадым Салтанаттан.

- Әрине! Студент кезімізде оның концерттеріне барып, бір де бірін жібермейтінбіз. Оны алыстан көргенімізге бақытты болатынбыз, - деп еске алады ол.

- Ол концерттерді шоуға айналдырғаны рас па? - бұл туралы көп оқыған едім, бірақ осы концерттерде өнер көрсеткен адамның өз аузынан естігім келді.

- Бұл рас! - дейді домбырашы Салтанат Бөленова тебіреніспен. - Ол көрермендерге бұрылып, көрермендерге дирижерлік еткендей болатын. Немесе, айталық, репертуарымызда "Көңілді бикеш" деген шығарма бар. Ол негізі төрт тактпен аяқталады ғой, - осы сәтте ол әуенді ыңылдап айтып, сөзін жалғастырды:

- Ал Нұрғиса Атабайұлы жүз такт ұстап тұра алатын. Елестетіп көріңізші? Ол пианодан бастап, одан алты форте жасайтын.

Көрермендер дән риза болып, барлығы қол шапалақтайтын. Ол оркестрмен сондай трюктер жасайтын және бұл оның қолынан ғана келетін. Ондайда оркестр тоқтамай, ойнай берсе екен деп тілейтінбіз.

Нұрғиса Тілендиев дирижерлік етіп тұр. Мұрағаттық видеодан ЖИ көмегімен қалпына келтірілген сурет

Нұрғиса Тілендиевтің көзін көрген "Отырар сазының" тағы бір әртісі - баяншы Сағат Кәртенбаев. Ол оркестрге консерваториядан кейін бірден жұмысқа тұрған. Дирижер басында оны бақылап жүріп, кейін өзіне шақырып алып, егер көп дайындалса, одан жақсы маман шығатынын айтқаны әлі есінде. 

Сағат Кәртенбаев, баяншы, "Отырар сазы" оркестрінің әртісі, дайындық кезінде. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Жастар маған ұлы әрі танымал музыкантпен, дирижермен 10 жыл бойы бірге жұмыс істегеніме қызыға қарайды, - дейді ол.

- Ол расында сондай танымал әрі әйгілі болды ма?

- Ол танымал ғана емес, ол - феномен, - дейді Сағат нық сеніммен. - Ол алғаш рет дирижерлік еткенін көрген күн әлі есімде. Содан кейін шетелдік туристер мінген үш автобус келді, оларды алдыңғы қатарларға отырғызды. Мен ол кезде студентпін, тасада тұрып көргім келді. Басында басқа дирижер болды, оркестр онымен 5–6 шығарма орындады.

"Отырар сазының" ескі афишалары мұражайда сақтаулы. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Содан кейін ақ смокинг киген Тілендиев сахна сыртынан шығып келді. Басын изеп, иығымен, көзімен дирижерлік ете бастады. Шетелдіктер бірінші шығармадан кейін-ақ орындарынан атып тұрып, оны нұсқап көрсете берді. Концерт аяқталғанда, олардың бәрі оның соңынан жүгірді.

Бір сиқыр сияқты. Музыка арқылы, энергия арқылы гипноз жасағандай. Ол шыққанда оркестр басқаша ойнай бастайтын - әуен түрленіп кететін, - Сағат Кәртенбаев Тілендиев феноменін осылай түсіндіреді.

Бұл ретте әртістер ол өте қатал, талапшыл және қызуқанды болғанын айтады. Қызы да мұны растап, оның жалған нотаны да, жасанды адамдарды да жаны сүймейтінін айтты.

- Ал Дінзухра Тілендиева (үйінде оны Динара деп атап, кейін осы есім ел арасында қалыптасып кеткен) қандай? - деп сұрадым "Отырар сазы" артәстерінен. - Ол да әкесі сияқты қатал әрі тік пе?

- Қатал, бірақ ұстамды әрі әртістермен өте жақсы жұмыс істейді, - деп жауап берді олар.

Динара дирижер болып, қазір әкесінің оркестрін басқарып отыр.

Фото: Динара Тілендиеваның Instagram парақшасынан алынған 

Динараға қайта оралып, пәтерді аралауды жалғастырайық. Ол бұрынғы тұрмыс-тіршілігі мен мұнда мұражай ашылғаннан кейін не өзгергенін айтып береді.

Біз онымен бірге бұрын әкесінің кабинеті болған бөлмеге кірдік.

- Бізде мұнда төрт жармалы, былай жиналатын ерекше шыны есіктер болатын, - қазір олар жоқ, бірақ Динара сол есіктерді шынымен жауып жатқандай әсерлі етіп көрсетеді. - Олар әрқашан жабық тұратын. Әкем мұнда тыныштықта жұмыс істейтін - шығармашылықпен айналысатын, жазатын, ойнайтын.

- Ал сіз әкеңіздің қалай жұмыс істейтінін көру үшін кабинетке кіріп кеткіңіз келетін бе еді?

- Иә, әрине, ағам екеуміз бұл жерге жиі сығалайтынбыз, әкеме еркелеп, құшақтағымыз келетін. Бірақ анамыз көбіне оның жұмысына кедергі жасамауымызды сұрайтын. Қасынан шулап жүгіріп бара жатсақ та, ол былай дейтін:

"Ақырын! Әкең жұмыс істеп жатыр".

Нұрғиса Тілендиев кішкентай қызы Дінзухрамен бірге. Фото: Отбасылық мұрағаттан алынған 

- Ал Нұрғиса Тілендиев әке ретінде қандай болды?

- Ол өте биязы жан еді, бізді ұрысқаны есімде жоқ. Өте ілтипатты болатын. Көшеге жиі серуендеуге шығатын. Бірақ алдымен ағам екеуміз ойнап жүрген аулаға келетін. Менің достарымның бәрі - негізінен ұл балалар болатын - онымен амандасу үшін қол алысуға жүгіріп келетін. Оның таяғы болатын, қолында айналдырып жүретін. Бір қолымен былай шиырып айналдыратын, - Динара бұл қалай болғанын шеберлікпен көрсетіп берді. - Осылай тұрып алып, айналдырып, қарап тұрады. Бәрі жүгіріп келіп, онымен амандасады. Ол бәріміздің аулада ойнап жүргенімізді, бәрі жақсы екенін көріп, сосын паркке кететін, ал қайтар жолда кейде бізді үйге ала кететін.

Мұражайда сақталған Тілендиевтер отбасының суреттері. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

- Әкеңіз сіздермен бірге ойнап, еркелетіп, қалжыңдасатын ба еді?

- Мен әкеммен бірге сөзжұмбақ шешкенді жақсы көретінмін, өйткені бәрінің жауабын бірден табатынбыз.

Динара естеліктерін әрі қарай жалғастырды:

- Оның жұмыс бөлмесінде шағын журнал үстелі болатын, анам оған шай құйып беретін, әкем оның суығанын күтіп, шайды ылғи салқындатып ішетін. Осы жерде роялі тұратын, "Дариға-домбыра" аспабы да бір бұрышта әрқашан жанында болатын.

Нұрғиса Тілендиевтің мұражайдағы роялі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Сол рояль әлі күнге дейін Нұрғиса Тілендиевтің бұрынғы жұмыс бөлмесінде тұр. Аңызға айналған Дариға-домбыра да осында - тек қазір әйнек астында сақтаулы. Домбыраға неге атау берілген?

Нұрғиса Тілендиев Дариға-домбырамен (отбасылық архивтегі сурет), дирижердің жұмыс бөлмесі, музейдегі Дариға-домбыра (фото ©️ Tengrinews.kz)

- Әкем оны анамның құрметіне солай атаған. Бұл - нағыз махаббат. Ол анама сезімі мен осы аспапқа сүйіспеншілігін бір арнаға тоғыстырған сияқты.

Домбыраны жасаған да аңыз адам - музыкалық аспаптардың әйгілі шебері Эммануил Романенко. 1930 жылдардың басында ол Ахмет Жұбановтың шақыруымен Туладан Қазақстанға көшіп келген. Кейін қазақтың дәстүрлі аспаптарын жетілдіруге атсалысты. Қазір Романенконың туындылары үлкен құндылық саналады және жеке коллекцияларда сақтаулы.

- Бұл аспапты Жұбанов әкеме отыз жетінші жылы сыйлаған, - дейді Динара. - Әкем оған өте ұқыпты қарап, ешкімнің қолына ұстатпайтын. Санаулы адамдарға ғана бұл аспапты ұстау бақыты бұйырған. Бірақ үні, әрине, керемет болатын.

Ахмет Жұбанов (1906–1968) - композитор, дирижер, музыкатанушы әрі педагог, Қазақ КСР халық артисі. Қазақ кәсіби музыка мәдениетінің негізін салушылардың бірі. 1934 жылы халық аспаптар оркестрін ұйымдастырды, ол бүгінде Құрманғазы есімімен аталады. Халық музыкасын зерттеумен және сақтаумен айналысып, дәстүрлі аспаптарды жетілдіруге және оркестрлік орындаушылықты дамытуға үлес қосты.

Мұнда Нұрғиса Тілендиевтің концерттерде көрермендерді таңғалдырған сол баяғы ақ смокингі де сақтаулы. Динара оны әкесімен бірге сатып алған сәтті де ұмытпаған.

Нұрғиса Тілендиевтің концерттік смокингі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Сондай-ақ қолтырауын терісінен жасалған портфель де бар. Оның ішінде музыка жазуға қажеттінің бәрі: нота қағаздары, қаламсап, тіпті домбыраның ішектеріне дейін болатын. Естеліктерге қарағанда, бұл портфель әрқашан, күн сайын оның жанында болған, маэстро демалыста немесе емделіп жүрген кезде де - өмірінің соңғы жылдарында ауыр сырқатына байланысты ауруханада көп уақыт өткізген еді.

Нұрғиса Тілендиевтің қолтырауын терісінен жасалған портфелі. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Ол әдетте қалай музыка шығаратын? Бөлме ішінде ары-бері жүріп, әндетіп пе, әлде бірден ойнайтын ба? 

- Жоқ-жоқ, ол әрдайым отырып музыканы, ноталарды хат жазғандай түсіре беретін. Көбіне қаламсаппен жазатын. Әдеттегідей өшіруге болатын қарындашпен емес, бірден қаламсаппен, тазалап жазатын. Ол солақай болатын, жазған кезде қолы аздап дірілдейтін. Қалай жазылғанын көріп тұрсыз ба? Бәрі қаламсаппен, - Динара әкесінің осында, шыны астында тұрған партитураларын көрсетті.

Мен көріп тұрмын - өте көп. Арасында "Реанимация" деп аталатын аяқталмаған туындысы да бар.

Мұражайда сақталған Нұрғиса Тілендиевтің партитуралары. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

- Әкеңіздің сіз естіген, бірақ нотаға түспей қалған музыкасы бар ма?

- Иә, бар. Ол бұл туындысын "Грёзы" деп атайтын. Бұл лирикалық әуен. Оны үйде жиі ойнайтын, бірақ нотаға түсіріп үлгермеді. Дегенмен оны көпшілік естіді. Үйімізге қонақтар өте жиі келетін. Ондайда концертсіз өтпейтін, - деп күледі Динара. - Әкем әрдайым музыка ойнап, біз ән салатынбыз. Әкем сол сәтте, қолма-қол шығаратын, яғни алдын ала дайындалған дүниені емес, іштей толғанып жаңадан шығаратын. Рояльда да, домбырада да солай болатын.

Оның ойнағанын бәріміз бірінші рет естіп тұруымыз мүмкін еді. Нағыз импровизатор! Ол концерттерде де жиі импровизация жасайтын - егер жазбаларды қарасаңыз, оның домбырада ойнайтын шығармалары әр жолы әртүрлі басталатынын байқауға болады. Импровизация деген осы.

Мұражайда қызықты жәдігерлер әлі де көп - мысалы, SONY теледидары, оның жанында Panasonic бейнемагнитофоны, кассеталар да бар. Бұлар да өзіндік "жәдігерлер". Қазіргі технологиялармен салыстырсақ, теледидардың өзі тым көлемді, ал экраны кішкентай болып көрінеді.

Нұрғиса Тілендиевтің мұражай-үйіндегі ас үй. Мұнда оның 70 жылдығына сыйға тартылған теледидар мен бейнемагнитофон сақталған. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

Бірақ бұл заттар Нұрғиса Тілендиевке 70 жылдық мерейтойына сыйланған кезде ең соңғы үлгідегі, 90-жылдары адамдар армандайтын ең керемет сыйлық болатын. Маэстро оны сүйсіне тамашалайтын.

- Әкем боевиктерді - Чак Норрис, Джеки Чан, Брюс Ли түскен фильмдерді жақсы  көретін. Теледидарға кіріп кете жаздайтын. Олармен бірге төбелесіп отыратын, - дейді Динара әкесінің бейнесін мәнерлеп бейнелеп.

- Рас па? - деп таңырқадым мен.

Музыкант, дирижер, филармония - боевиктер маэстроның тұлғалық бейнесіне мүлдем үйлеспейтіндей көрінеді.

- Әкем кезінде боксшы болған! - деп жымиды Динара.

- Қандай сан қырлы тұлға! - Мен таңданысымды жасыра алмадым.

Әрине, біз жиі стереотиппен ойлайтынымызды түсінемін. Ал адамдар әртүрлі, ерекше, қайшылықты әрі шынайы келеді.

- Егер ол музыкант болмағанда, бокстан чемпион болар еді деп ойлаймын, - деп жалғастырды қызы. - Әкем музыка мектебімен қатар бокспен айналысып, барлық жарысқа қатысып жүрген. Өзіңіз білетіндей, бокста қолды да, саусақты да жарақаттап алуға болады. Мұны білген Жұбанов жарыс күні сол жекпе-жекке барады. Әкем ол кездесуде жеңіске жетеді, екеуінің жанары түйіскенде, Жұбанов: "Сонымен, Нұрғиса, не бокс, не музыка!" - дейді. Сөйтіп әкем музыканы таңдаған екен.

Нұрғиса Тілендиев мұражайындағы Ахмет Жұбановтың суреті. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

Көп жылға кейін шегініп, Нұрғиса Тілендиевтің тағдырындағы Ахмет Жұбановтың рөлі туралы айтатын кез келген сияқты.

- Егер Ахмет Жұбанов болмағанда, тағдыры қалай боларын кім білсін, - дейді Динара. - Бірде Жұбанов әжемнің үйінің қасынан кездейсоқ өтіп бара жатып, біреудің домбырада шебер ойнап жатқанын естиді. Үйге кіріп: "Кім ойнап жатыр?" - деп сұрайды. Әжем: "Менің балам", - дейді. Жұбанов: "Оны тыңдап, көруге бола ма?" - дейді.

Әжем өте ырымшыл адам болғандықтан, алаша құрып, әкемді перденің артына отырғызып қояды, әкем Жұбановқа соның артында тұрып ойнап береді.

- Жұбанов Нұрғиса Тілендиевке көз тигізбесін деді ме? - деп сұрадым мен.

- Иә, Жұбановтың көзі тимесін дегені ғой, - деп растады Динара, екеуміз де күліп жібердік.

- Меніңше, анасы, яғни менің әжем, сол кездің өзінде-ақ оның тегін бала емес екенін түсінген, - деп толықтырды кейіпкеріміз. - Себебі ол әлі кішкентай болса да, домбырада керемет ойнайтын.

Осыдан кейін Ахмет Жұбанов оны музыка мектебіне оқуға шақырады. Кішкентай Нұрғиса келгенде, оны алдымен тағы бір аңыз музыкант Латиф Хамиди қарсы алады. Ол баланы "дене бітімі тамаша" деп балетке жібереді. Нұрғиса Тілендиев біраз уақыт бимен айналысып жүреді, бірақ кейін Жұбанов мұны біліп қойып, оны домбыраға қайта әкеледі.

Латиф Хамиди (1906–1983) - тегі татар композитор, дирижер және педагог, Қазақ КСР халық әртісі. Қазақтың кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі. 1933 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Ахмет Жұбановпен бірлесіп "Абай" және "Төлеген Тоқтаров" операларын жазды. Әйгілі "Қазақ вальсінің" авторы және Қазақ КСР әнұраны музыкасының авторларының бірі.

Тілендиев шамамен 12 жасында оркестрдің концертмейстері болса, 14 жасында бас дирижердің көмекшісі болып үлгерді.

Музыка мектебінен кейін Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын, кейін Мәскеу консерваториясын бітірді. Тілендиев дирижерлік етуді профессор Николай Аносовтан үйреніп, практикасын Үлкен театрдан өтті.

Николай Аносов (1900–1962) - кеңестік дирижерлік мектептің танымал өкілдерінің бірі. КСРО-ның жетекші симфониялық оркестрлерімен жұмыс істеген, Мәскеу консерваториясында дәріс беріп, дирижерлердің тұтас бір буынын тәрбиелеп шығарған.

Яғни, Нұрғиса Тілендиев шебер домбырашы немесе фольклортанушы емес. Ол академиялық дирижерлік мектептен өткен. Сондықтан кейін күйді, симфониялық форманы, балетті, операны және кино музыкасын қатар игеріп, "Отырар сазы" ансамблінде жаңғыртылған қазақ аспаптары негізінде жаңа оркестрлік тіл қалыптастыра алды.

Бұл пікірмен оның қызы Динара Тілендиева да келіседі. Ол жалпы "Отырар сазын" әкесінің шығармашылық жолының шыңы деп атайды.

Мұражайдағы Нұрғиса Тілендиевтің концерттік пиджактары. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

- Ол күйдің дәстүрлі екі бағытын ұштастырды. Төкпе және шертпе стилі бар екені белгілі. Ол осы екеуін біріктіріп, күйді концерттік музыка деңгейіне көтере білді. Бұған дейін мұндай дүниені ешкім шығармаған еді, - деп түсіндірді Динара.

Дәстүрлі қазақ домбыра музыкасында күй орындаушылықтың екі негізгі стилі - төкпе және шертпе бар. Біріншісі тарихи тұрғыда негізінен Батыс Қазақстанмен байланысты және ол ойнау мәнерінің екпінділігімен, білек күшімен қағылатын қуатты соққыларымен және мәнерлі ырғағымен ерекшеленеді. Екіншісі көбіне Орталық, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда таралған. Оған нәзік дыбыс шығару, саусақпен іліп ойнау техникасы, лирикалық сипат және музыкалық жайттарға ерекше мән беру тән. Төкпе стилінің ең танымал өкілдерінің бірі Құрманғазы болса, шертпе стилінде - Тәттімбет.

"Отырар сазы" оркестрінің сәтті жобаға айналуына Дінмұхамед Қонаев үлкен үлес қосқанын айта кетейік. Тілендиевке оған жетекшілік етуді және дамытуды ұсынған да сол кісі болатын.

Дінмұхамед Қонаев (1912–1993) - мемлекет және партия қайраткері, кеңестік кезеңдегі Қазақстанның ең танымал басшыларының бірі. 1960–1962 және 1964–1986 жылдары Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Оның тұсында Қазақстанда өнеркәсіп, энергетика, ғылым және қалалық инфрақұрылым белсенді дамыды.

- Дінмұхамед Ахметұлы әкеммен өте жақын дос болған, - деп балалық шағын еске алады Динара, ресми есімі Дінзухра. - Ол кісі біздің үйге жиі келетін.

Мен дүниеге келгенде, әкем мені Дінмұхамед Ахметұлы мен жұбайы Зухра Шәріпқызының құрметіне атауға рұқсат алыпты.

Ағам екеуміз ол кісінің үйіне қонаққа жиі баратынбыз, ол бізге шетелдік сағыз бен кәмпиттер беретін. Мен бірінші сыныпқа барғандағы алғашқы рюкзагымды Дінмұхамед Ахметұлы Түркиядан әкеліп берген еді. Сондай-ақ менде оның жұбайының бірегей қуыршағы сақталған. Ол кісі қуыршақ жинайтын, үлкен коллекциясы бар еді - соның бірі менің үйімде төрде сақтаулы тұр.

Дінмұхамед Қонаевтың жұбайы Зухра Шәріпқызының Динара Тілендиеваға сыйға тартқан қуыршағы. Фото: жеке мұрағаттан алынған

Бұл - Динара туған пәтерінен көшіп бара жатқанда өзімен бірге алып кеткен заттарының бірі. Осылайша, естеліктерге шомып отырып, мұражай ішінде кездесуіміздің басында айтылған әлгі пианиноға да жеттік.

- Мұны әжеміз әкеме бес жасында сыйлаған екен. Жалпы, бұл өте ескі аспап, әрине. Көне. Әкем қайда көшіп барса да, анасының бұл сыйлығын әрдайым өзімен бірге алып жүретін. Егер байқасаңыздар, оның пернелері темекіге күйген, - дейді Динара, - өйткені әкем өте көп темекі шегетін.

Нұрғиса Тілендиевке анасы сыйлаған жүз жылдық пианино. Пернелері темекіге күйген. Фото: ©️ Tengrinews.kz

- Темекі шегіп отырып шығарма жаза беретін бе еді?

- Иә, ол бір-екі күнде бір блокты тауысып тастайтын ба еді, солай. Анам оған "Қазақстан" темекісін блокпен сатып алып тұратын.

- Ұрсатын ба еді? - деп сұрадым, Дариға Тілендиева күйеуінің денсаулығына алаңдағанын көз алдыма елестетіп.

- Иә, анам ұрсатын. Бірақ әкем өзін тоқтата алмайтын. Өте көп шегетін, - дейді қызы мұңайып.

Дариға мен Нұрғиса Тілендиевтер. Фото мұражайда сақтаулы

Сосын бізге отбасылық коллекциядағы тағы бір аспап - ескі баянды көрсетті.

- Бұл да анасының, яғни менің әжемнің аспабы. Ол кісі баянда өте жақсы ойнаған. Ал әкем кейде әзілдеп осы аспапты тартып, билеп те жіберетін. Бұл өте әсерлі көрінетін.

- Сіздердің отбасыларыңыз шынымен өте музыкалы екен…

- Иә, әжем де музыкант болды, атамыз да домбыра тартқан, әкем де.

Тілендиевтердің музыкалық әулеті өкілдерін Динараның орнына мен толықтырайын - ол, әрине, Динараның өзі, сондай-ақ оның үлкен қызы Даяна. Қыз консерваторияда оқиды. Біз онымен "Отырар сазы" оркестрінің дайындығында таныстық. Ол пианинода ойнап, 15 қазанда атасын еске алу күніне арналған концертте орындалуы мүмкін нәзік әнді дайындап жатыр екен.

Даяна Тілендиева, Нұрғиса Тілендиевтің немересі, рояль басында. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

Жақында Динара екінші рет ана атанды. Кіші қызы Сати небәрі үш айлық.

- Оның қолмен ишара жасауы Нұрғиса атасына қатты ұқсайды, өте қызық. Күйеуім екеуміз мәз болып, отбасымызда тағы бір дирижер дүниеге келді деп жиі әзілдейміз, - дейді кейіпкеріміз.

Ол музыкант бола ма? Тілендиевтер отбасының мүшесі үшін бұл күрделі сұрақ шығар.

Динара Тілендиева әріптесімен бірге филармониядағы "Отырар сазы" оркестрінің дайындығында. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

Динараны бес жасында Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебіне берген. Осыған байланысты ол мынадай оқиғаны еске алады:

- Оқытушылар баланың саусақтарына қарап, оған қай аспапта ойнауды үйренген дұрыс екенін айтуы керек. Олар қарап шығып: "Скрипкаға таптырмайтын саусақтар. Ол сіздерде скрипкашы болады", - деді. Анам: "Скрипкашы болса, скрипкашы болсын", - деп, кішкентай скрипка сатып алып, жастықшасын тігіп берді.

Әкем сол кезде гастрольде жүрген еді. Үй телефонына қоңырау шалды, ол кезде ұялы телефон жоқ қой. Мамам оған: "Ой, Нұр-аға, сізді құттықтаймын! Динараны Күләш Байсейітова атындағы мектепке скрипка класына қабылдады!" – деді. Ал ол болса: "Қалайша? Менің қызым тек фортепианоға барады!" – депті. Сонымен, скрипканы қайтарып бердік, – деп күледі Динара. – Осылайша мен фортепиано класына оқуға түстім.

- Бұл оқиға сізге ештеңені еске түсірмей ме? - деп сұрадым мен.

Динара ойланып қалды да, екеуміз қайта күлдік: оның тағдырында әкесінің тарихы қайталанғандай болды - кезінде әкесін де домбыра класының орнына балетке қабылдаған еді. Қызықты сәйкестік.

Кейін Динара бұрынғы пәтерінде әкесінің роялінде ойнады. Моцартты. Әуезді музыка оның саусақтарының астынан сыңғырлап, үйлесіммен төгілді. Неге бұл шығарма?

Динара Тілендиева әкесінің роялінде ойнап отыр. Видеодан кадр

- Бұл концертті мен "Отырар сазымен" бірге орындағанмын. Бұл ой аяқасты туды. Бірде ол кісі: "Маған мұғаліміңнің телефоны керек", – деді. Менің ұстазым Людмила Ильинична Лапан болатын. Әкем: "Қызымның "Отырар сазы" оркестрімен бірге ойнағанын қалаймын", – деді. Сөйтіп, олар маған Моцарттың №8 до мажор концертін беруді ұйғарды. Әкем оны оркестрге лайықтады – ол бірегей туынды болды. Халықтық-фольклорлық оркестр Моцартты алғаш рет орындаған шығар. 96-шы жылы мен алғаш рет "Отырар сазы" оркестрімен өнер көрсеттім. Сахна сыртында әкемнің былай дегені есімде:

"Қызым, қорықпа, сен батырсың!" 

- Менің өнер көрсетуім, әкемнің дирижерлік етуі, ал анамның концертті жүргізуі өте тебіреністі сәт еді.

Жалпы, естелік көп. Мысалы, Динара әкесінің Мұқағали Мақатаевпен достығы туралы айтып берді. Онда ақынның композиторға жазған хаты да сақталған.

- Бұл хатта Мұқағали шамамен былай деп жазады:

"Нұр-аға, мен осындай үлкен жауапкершілікті мойныма алдым - сіздің әуеніңізге сөз жазғым келеді. Мен бұған дейін ешқашан бұлай істеп көрмеген едім. Бұл қаншалықты қиын әрі жауапты екенін түсінемін. Бірақ егер бұл сізге ұнамай қалса, мен еш ренжімеймін, тек оқып көрсеңіз болғаны. Егер бұдан ән шығып жатса, өте қуанышты болар едім".

Нәтижесінде ән шықты, біреу емес. Бір айға жуық уақыт бойы ақын Нұрғиса Тілендиевтің үйінде қонақта болып, сол кезде олар бірлескен көп шығарманы дүниеге әкелді: "Сарыжайлау", "Сөнбейді, әже, шырағың", "Мен сендерді іздеймін", "Домбыра-досым" (бұл ән Дариға домбыраға арналған).

- Мен "Есіңе мені алғайсың" әні туралы айтқым келіп еді. Біреулер Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевтың нұсқасындағы осы ән жоғалып кетті деген қауесет таратқан. Бұл сөзге музыка жазған екінші автор да бар. Бірақ оны ең алғаш әкем жазған. Бұл ән, әрине, сақталған және біз оны әлі күнге дейін жиі орындаймыз.

Мұқағали Мақатаев (1931–1976) - ақын, аудармашы, XX ғасырдағы қазақ поэзиясының ең танымал өкілдерінің бірі. Өз шығармаларында махаббат, Отан, адамгершілік сезімдері мен өмірдің мәні тақырыптарын қозғаған. Шетелдік авторлардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның көптеген өлеңіне ән жазылды, оның ішінде Нұрғиса Тілендиевтің де туындылары бар.

Динара Тілендиева авторлық құқық мәселесіне өте ұқыпты қарайды. Ол өзгенің шығармасына өзгеріс енгізу дұрыс емес деп есептейді. Оның айтуынша, интерпретациялар болуы мүмкін, бірақ ол бастапқы музыкалық "мәтінге" күрделі түзету енгізуге қарсы.

Дегенмен, жалпы алғанда - оркестрдің жаңа репертуарына, эксперименттерге, жас әртістермен коллаборацияларға оң көзбен қарайды. "Танымал әншілер осы арқылы әкемнің музыкасын келесі ұрпаққа жеткізеді", - дейді Динара.

"Отырар сазы" оркестрі Жамбыл атындағы филармонияда дайындық үстінде. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Юрий Съедин

Олар қазір оркестрге қолдау көрсетіп жүрген AÑSA қорымен де осындай бірлескен жобалар мен эксперименттер жасап жатыр.

"AÑSA Foundation Нұрғиса Тілендиевтің мұрасын және оның аңызға айналған "Отырар сазы" оркестрін сақтау бойынша екі жылдық бағдарламаны іске қосты, - дейді AÑSA Foundation қамқоршылық кеңесінің мүшесі Татьяна Ким. - Нағыз классика ескірмейді, бірақ оған сенімді тірек керек - архивтік жазбаларды цифрландыру мен сахналық базаны жаңартудан бастап, жас музыканттарды қолдауға және ауқымды гастрольдер өткізуге дейін. Біз үшін маэстро Тілендиевтің ұлы музыкасы концерт залдарында ғана емес, стримингтік платформаларда да шырқалып, жас аудиторияға түсінікті әрі өміршең болып қалуы маңызды".

- Мұндай ынтымақтастықтың маңызы орасан зор, өйткені шығармашылық адамдарына жаңа ойларын, жаңа композицияларын жүзеге асыру үшін қаржыландыру қажет, - дейді "Отырар сазы" оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева.

Ол бала кезінде әкесімен бірге дайындыққа келіп, филармонияның үлкен залында басқа музыканттардың балаларымен тығылыспақ ойнап жүргенде, әкесі сияқты дирижер болатынын ойлады ма екен?

- Ол кезде, әрине, ойлаған жоқпын, - дейді Динара. - Бұл ой кейін, әкем дүниеден өткеннен соң келді. Консерваторияға түсер кезде "қай бөлімге?" деген сұрақ туындады. Фортепиано ма, әлде теория ма? Бірақ мен дирижер мамандығын таңдадым. Мамам мені бұл райымнан қайтарғысы келді - өйткені бұл... әйел адамға тән мамандық емес қой.

- Осы мәселені қозғағаныңыз жақсы болды. Мен де сізбен бұл жайында сөйлескім келген. Қазір әйел адамға жат мамандық болмайды, бұл жай ғана стереотип деген пікір қалыптасқан. Дегенмен, дирижерлердің көбі әлі де ер адамдар сияқты көрінеді…

- Рас. Бүкіл консерватория бойынша біздің курста небәрі екі-ақ адам болды - мен және бір курстас жігіт. Маған жүктелген жауапкершілік өте зор болған сияқты... Мемлекеттік емтиханды да әкемнің "Отырар сазы" оркестрімен тапсырдым. Ал оркестрдің бас дирижері болып тағайындалғанда, мен үшін бәрі таңсық әрі түсініксіз болды, - дейді ол күліп.

- Сізге қайсысы көбірек салмақ түсірді? Дирижер болуға бел буған әйел екеніңіз бе? Әлде Тілендиевтің қызы болғандықтан, жұрттың сізден ерекше бірдеңе күтетіні ме?

- Иә, дәл солай - әкемнің қызы екенім, оның жолын жалғастырып жатқан соң, әкемнің атына кір келтірмеуім керек деген ой басым болды. Ал әйел адамға тән емес мамандық деген нәрсе мені аса қорқытпады. Бұл туралы ойламаған да шығармын.

- Сіз батылсыз! - деп атап өттім мен.

- Иә, ондай мінезім бар, - дейді Динара сәл қымсынып.

Бірақ ол мұны баяғыдан біледі, әкесі оған бала күнінде-ақ айтып кеткен:

"Қызым, сен батырсың!"

Динара Тілендиева әкесімен және ағасымен бірге. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Марина Михтаева

- Әкеңіз Нұрғиса Тілендиев сияқты музыкант болғаныңызға қуаныштысыз ба?

- Иә. Ата-анама алғысым шексіз. Олар "Мен музыкантпын, бірақ балам ешқашан музыкант болмайды" деп есептейтін кейбір өнерпаздар сияқты болған жоқ. Олар менің осы жолды таңдауымды қалады. Жасөспірім шағымда менде де қарсылық болып, бұл жолды қаламаған сәттерім болды, бірақ ол кезең өтті. Мен музыкасыз өмір сүре алмайтынымды түсіндім.

- Өзіңізді басқа салада елестете аласыз ба? Дәрігер немесе мұғалім ретінде?

- Бала кезімде өзімді спортшы ретінде елестететінмін. Бірақ қазір басқа ешкім болғым келмейді, музыка - менің болмысым.

Бұған кім даулассын? Музыка - олардың болмысы. 

Мәтіні: Марина Михтаева

Фото: Марина Михтаева, Юрий Съедин, Тілендиевтер отбасының жеке мұрағаты 

Видео: Юрий Съедин, Виктор Лепских

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Тағы оқыңыз: “Әскери адам ғана бейбітшілік орната алады“. Голан жоталарынан оралған бітімгер миссия, CS:GO және Иранмен соғыс туралы айтты

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью