Қызыр қонған Қызылжар : AMANAT партиясының қолдауымен республикалық командалық айтыс өтті

04.04.2026

Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Петропавл қаласында «AMANAT» партиясының қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысының 90 жылдығына орай «Қызыр қонған Қызылжар» атты Республикалық командалық айтыс өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Дүбірлі додада Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының ақындары мен дәстүрлі өнер иелері бақ сынады.

Жыр аламанының тізгінін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай ұстады. Ал қазылар алқасы құрамына Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман төрағалық етті.

«Бүгінгі ақындар сайысын «AMANAT» партиясының қолдауымен Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырып отыр. «AMANAT» партиясы руханиятымызға, төл мәдениетімізге баса мән беріп, бірқатар ауқымды жобаны жүйелі жүзеге асырып келеді. Солардың қатарында халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алған маңызды жобаның бірі – осы командалық айтыс. Бұл – қазақтың төл қазынасына айналған айтыс, жыр, терме, ән және күй жанрларының басы қосылған ауқымды мега-жоба. Ол бір жарым жылға созылады. Еліміздің барлық өңіріндегі 20 команда бақ сынасатын айтыс 4 кезеңнен тұрады. Нәтижесінде, еліміздегі үздік команда айқындалады», – деді Аманжол Әлтай.

Өз кезегінде, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың құттықтау хатын оқып берді.

«Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 90 жыл толады. Осы мерейтой қарсаңында айтыс сахнасында Солтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының ақындары бас қосып отыр. Қызылжар өңірі өнерлі жандармен аты шыққан, Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай сынды бабаларымыз дүниеге келген. Облысымызда қасиетті өнер жалғасын табуда. Ұлы даналарымыз «Өнер алды – қызыл тіл» деп бекер айтпаған. Айтыс – сол қызыл тілдің құдіретін айқындайтын киелі өнер. Республикалық ақындар айтысы облыста жыл сайын өтеді», – делінген облыс әкімінің құттықтауында.

Осылайша, өнер бәйгесінде ақындар «түре», «сүре», «қайым» және «қыз бен жігіт айтысы» жанрлары бойынша сынға түсті. Сонымен қатар күй, жыр, терме және дәстүрлі ән орындаушылары арасында кіл мықтыда кім мықты екені анықталды.

Өнердің бес бағыты бір арнаға тоғысқан бұл жоба биыл екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Оны тамашалауға келген көрермендердің  де қарасы қалың болды. Ақындардың табан астында тауып айтқан сөзі, қазақтың күмбірлеген күйі, әуелеген әні және жыр-термелері талғампаз тыңдарманның жүрегіне жол тапты.

«Былтыр 20 команда қатысқан бұл жобада Солтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары 3-орын иеленген еді. Биыл команда құрамына азын-аулақ өзгеріс енгізіп, алдымызға биік мақсат қойдық. Өнерпаздарымыз жіті дайындалды», – деді Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғаған айтыс ақыны Жарқын Жұпархан.

Нәтижесінде, қазылар алқасының шешімімен, Солтүстік Қазақстан облысының командасы жеңіске жетіп, республикалық айтыстың келесі кезеңіне жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью