“Рахман қайнарларының“ екінші өмірі ШҚО ның аңызға айналған шипажайы не болады?

01.08.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Қазақстанның шығысындағы әйгілі "Рахман қайнары" бірнеше жылдан бері туристерді қабылдамай отыр. Елдегі ең танымал шипажайлардың біріне не болды және оның тағдыры не болмақ? Толығырақ Tengri Travel тілшісінің материалында.

Шипажай неге әлі күнге дейін жабық тұр

Катонқарағай ұлттық паркінің қақ ортасында орналасқан курорт әлі де жабық.

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі редакция сауалына жауап беріп, нысанның қазір "ШҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығы" акционерлік қоғамының қарамағына берілгенін хабарлады. Қазір орталық өкілдері шипажайды қайта жандандыру жолдарын қарастырып жатыр.

Жаңа қожайындар шипажайдың инженерлік желілерін, ғимараттары мен бүкіл инфрақұрылымын тексерген. Тексеру нәтижесі бойынша, нысандардың көбі әбден тозған.

"Жүргізілген сараптама ұйымдастыру, техникалық және қалпына келтіру жұмыстарын кезең-кезеңімен атқару қажет екенін көрсетті. Себебі инфрақұрылымның жекелеген нысандары мен бөліктері ұзақ жылдар бойы тиісті жөндеу және күрделі қалпына келтіру жұмыстарынсыз пайдаланылған. Бұл олардың техникалық жағдайына кері әсер еткен", - делінген әкімдік жауабында.

Қазір мұнда тәртіпке келтіру жұмыстары жүріп жатыр:

ескі инженерлік желілердің жұмысы сақталып, ақаулар жойылып жатыр; аумақ ретке келтіріліп, абаттандырылып жатыр; өрт қауіпсіздігінен бастап санитарлық қауіпсіздікке дейінгі шаралар күшейтіліп жатыр. "Рахман қайнарын" қайта ашу үшін не қажет?

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі "Рахман қайнарын" заманауи шипажайға айналдыруды жоспарлап отыр. Осы мақсатта мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы курортты дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатыр.

Инвесторлар тартылмақ. Шипажай кешенін жеке инвестиция есебінен қайта жандандыру көзделген.

Инфрақұрылым жаңартылады. Тозығы жеткен ғимараттар мен инженерлік желілер толық қайта салынады.

"Тұжырымдама шипажайдың бірегей табиғи және емдік-сауықтыру мүмкіндігін сақтауға, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және нысанның ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ететін тиімді басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған", - деп түсіндірді облыс әкімдігі.

Болашақта "Рахман қайнарын" облыстың шипажай-курорт саласындағы негізгі нысандардың біріне айналдыру жоспарланып отыр.

Осы аралықта Шығыс Қазақстан облысында елдегі ең күрделі автомобиль жолдарының бірі салынып жатыр. "Рахман қайнарына" апаратын тасжолға алғаш рет асфальт төселмек.

"Рахман қайнары" несімен әйгілі?

"Рахман қайнары" - Қазақстандағы ең танымал шипажайлардың бірі. Ол Катонқарағай ұлттық паркінде, теңіз деңгейінен шамамен 1760 метр биіктікте, Алтай тауларының арасында, Рахман көліне жақын жерде орналасқан.

Курорттың басты ерекшелігі - табиғи радон ыстық бұлақтар. Солардың арқасында шипажай кеңес дәуірінен бері бальнеологиялық емдеу орны ретінде танылған. Мұнда тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі және тері ауруларын емдеуге адамдар арнайы келетін.

Шипажай қашан жабылды?

"Рахман қайнарының" жабылатыны осыдан бес жыл бұрын, 2021 жылғы 1 маусымда жарияланған. Бұл туралы "Азия Авто - БИПЭК Авто" компаниялар тобының атынан хабарлама таратылған еді.

"Біздің идеямыз бен жоспарымыз көп болды. Алайда бүгін ұжым барлық досымызға, серіктесімізге және қонақтарымызға алғыс айтып, қоштасып отыр", - делінген хабарламада.

Сол жылғы тамызда "Азия Авто - БИПЭК Авто" компанияларының иесі Анатолий Балушкинге іздеу жарияланды. Сол кезде сот оның компаниясын өз міндеттемелерін орындамағаны үшін 174 миллион теңге төлеуге міндеттеген еді.

qamqor.gov.kz сайтынан алынған скриншот

2024 жылы Балушкиннен "Рахман қайнарлары" шипажайы тәркіленді. Нысан Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының балансына өтті.

Бұрынғы иесі сотталды

Бірнеше жылға созылған іздеуден кейін Балушкин сырттай сотталды. 2025 жылы ол 9 жылға колонияға үкім кесілді.

Анатолий Балушкин 66 миллиард теңге несие қаражатын жымқырды, активтерді шығарды, жетіспеушілікті жасырды және заңсыз салық жеңілдіктерін алды деп айыпталды, соның салдарынан мемлекетке 173 миллиард теңге шығын келтірілді.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью