Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Фото: istockphoto.com
Қылмыстық рақымшылық шеңберінде қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардың жекелеген санаттары қамтылады. Бұл ретте кейбір сотталғандарға негізгі жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту қарастырылған.
Алдын ала есеп бойынша, қылмыстық рақымшылық 16,5 мың адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Оның ішінде шамамен 15 мың сотталған және 1,5 мың тергеу сатысындағы азамат бар. Тек Ішкі істер министрлігі желісі бойынша әкімшілік рақымшылық жалпы сомасы 17 млрд теңгеден асатын шамамен 1 миллион әкімшілік айыппұлды қамтиды.
Амнистия кімдерге қолданылады?
Алайда рақымшылық барлық құқық бұзушылықтарға бірдей жүрмейді. Ол қайталанған құқық бұзушылықтарға және соттардың қарауындағы істерге қолданылмайды.
Сонымен қатар қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін құқық бұзушылықтар үшін салынған айыппұлдар кешірілмейді. Жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты өрескел заң бұзушылықтар да рақымшылықтан тыс қалады. Олардың қатарында мас күйінде көлік жүргізу, есірткілік масаңдықтағы жүргізушілердің әрекеттері, қарсы жолаққа шығу және басқа да ауыр жол ережесін бұзу фактілері бар.
Сондай-ақ қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымы, денсаулық сақтау, санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау салаларындағы құқық бұзушылықтарға рақымшылық қолданылмайды.
Әкімшілік рақымшылық айыппұл салынған азаматтарға қолданылады
Қазақстанда алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасау тетігі енгізілмек. Жаңа норма Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістер аясында жүзеге асырылады.
Рақымшылық әкімшілік айыппұл арқалаған азаматтар мен бірқатар кәсіп иелеріне қатысты қолданылады. Атап айтқанда, оның аясында жеке кәсіпкерлер, нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң консультанттары қамтылады.
Рақымшылыққа ілігетін азаматтар қалай таңдалады?
Жаңа тәртіп бойынша рақымшылық автоматты түрде рәсімделеді. Арнайы ақпараттық жүйе заңда көрсетілген талаптарға сәйкес келетін азаматтардың тізімін қалыптастырады. Шешім электронды форматта қабылданып, азаматтарға SMS-хабарлама немесе цифрлық сервистер арқылы жеткізіледі. Осылайша, азаматтарға рақымшылық алу үшін мемлекеттік органдарға арнайы барып, өтініш берудің қажеті болмайды.
Еске сала кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында рақымшылықтан бөлек, кеден мен нотариаттық қызмет, психологиялық қызмет, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралып жатыр.