Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 24 ақпан – Sputnik. Орталық референдум комиссиясының бірлескен қаулысы және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бұйрығы жарияланды.
Құжатта комиссия мүшелері азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркелуін тексеру үшін онлайн сервисті пайдаланады делінген. Егер олар референдумға қатысушылар тізімінен өздерін таппаса, өтініш беру арқылы дауыс береді.
Ол үшін комиссияға тізімге енгізу туралы жазбаша өтініш қажет. Содан кейін комиссия өтініш негізінде тұрғылықты жері бойынша азаматты тіркеу туралы мәліметтерді онлайн сервис арқылы тексереді. Ол үшін комиссия мүшесі:
жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) арқылы "электронды үкімет" порталында авторландырудан өтеді;
логин/пароль және электронды цифрлық қолтаңба арқылы "электронды үкімет" порталына кіреді;
өтініш берушінің ЖСН енгізеді және оның тұрақты тіркелген жері бойынша мекенжай мәліметтері туралы ақпаратпен танысады.
Егер адамның тұрақты тіркеуі туралы мәліметтер расталса, онда учаскелік комиссия оны референдумға қатысушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды.
"Өтініш берушінің жүгінген жері бойынша референдум учаскесінің аумағында тұрақты тіркелгені туралы ақпарат болмаса, учаскелік референдум комиссиясы тиісті өңір шегінде азаматтың учаскесінің нөмірін нақтылау үшін өңірдің Call-орталығына қоңырау шалуға құқылы. Осыдан кейін референдумға қатысушылар тізіміне енгізу бойынша өтінішті қабылдамау туралы дәлелді шешім қабылдайды және өтініш берушіге оның көшірмесін береді", - делінген бұйрықта.
Бұл ретте, онлайн-сервис арқылы алынған мәліметтер референдумға қатысушылардың тізіміне қосу (қоспау) үшін негіздерді қарау кезінде пайдаланылады.
"Референдумға қатысушылардың мекенжай мәліметтерін тексерудің қорытындысы бойынша онлайн-сервис өтініш берушінің "электронды үкімет" порталындағы жеке кабинетіне хабарлама жібереді. Азаматтардың дербес деректеріне қол жеткізе алатын учаскелік референдум комиссияларының мүшелері олардың құпиялылығын сақтайды және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес жауапты болады", - делінген құжатта.
Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша Референдум 15 наурызда өтеді. Ел азаматтары бюллетеньде бір ғана сұраққа жауап беруі керек, ол – "Сіз 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?".